• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 16 Сәуір, 2021

Қанатымен су сепкен қарлығаштай...

712 рет
көрсетілді

Қанат Әбдиев – қашанда ел-жұртының жанынан табылып, қанатымен су сепкен қарлығаштай болып жүрген жігіт. Қоғамдағы мүсәпір, шынайы көмекті қажет ететін адамдарды көргенде шыдай алмай, маңына өзі секілді ізгілікті іс жасауды жаны сүйетін жастарды жиып, қалталарынан ақша шығарып, жұмысқа кірісіп кеткен болатын. Еш жерден көмек алмай, өз отбасы, бала-шағаларының аузынан жырып өзгеге көмек беріп жүрген нағыз еріктілер.

Қанат бастаған қайырым­ды жігіт­тер Сай-Өтес ауылында жастар үшін футбол ала­ңын салып берді. Осы елді мекенге кіреберістегі жол­ды 2-3 шақырым шамасында жамап-жасқап, ха­лық игілігіне ұсынды. Енді ауыл­дағы жағдайсыз отбасыға шағын баспана салып беруге кірісіпті. Олар былтыр ін­дет басталысымен ел үшін жұмы­ла еңбек етті. Ақтауға барып, об­лыстық ауруханаға оттегі бал­лондарын тасып тыным көрмеді.

– Сол кезде науқастардың көп­шілігі аудандардан, ауыл­­дық жерлерден келіп жат­қанын байқадық. Олар ауыл­да неге емделмейді деген ой келді. Сөйтсек, баллон, оттегі жоқ екен. Дереу «Халыққа көмек» штабымен бір­лесіп, ауылдарға оттегі жеткізумен айналыстық. Маңғыстау ауданының бар­лық ауылына деуге болады, сондай-ақ Жаңаөзен қала­сы маңындағы елді мекендер­ге ауа толтырылған бір от­тегі баллоны, алты-жеті ауа толтырылған қапшық, пуль­­сок­­симетр жеткізіліп бе­ріл­­­ді және оларды қатты нау­қас­­тардың үйлері­не апарып бер­дік. Күні-түні дамыл тап­­пай жүрген ауыр күндер бол­ды ол кез, – дейді Қанат Ра­қымұлы.

Жақында Қанат бастаған қайы­рымды жігіттер Сайын Шапағатов ауылында  көп ба­лалы отбасының салына бас­тағанмен, аяқталмай қалған баспанасының құрылысын аяқ­тап, қыстың суығында сылағы да бітпеген үйді пана­лауға мәжбүр болған жан­­дардың  қолтығынан демеп, іші-сырты сыңғыраған су жа­ңа үйге кіруіне сеп болды.

– Шүкір, жаныма жүрегі жұм­сақ, жақсылық жасау­ға құштар жігіттер топтасты, – деген Қанат дос­та­рымен бірге ел игілі­гіне әлі талай шаруаны атқа­ра­ты­нына сенімді.

 

Маңғыстау облысы