Бүгін Елбасы кітапханасында «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» халықаралық онлайн-конференциясы өтті. Жиында сөз алған Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі наурыз айында «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіне тоқталып өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Түркістанның мәртебесін айқындап, әлеуетініне серпін берген, түгел түркінің төріне айналдырып, тамырластығы мен бауырластығын бекемдей түскен Саммиттегі басты оқиға ретінде «Түркістан декларациясы» қабылданып, «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» болып жарияланды. Бұл ретте, «Түркістан декларациясы» Қазақстанның түркі әлеміндегі көшбасшылық ұстанымдарын бекітудің тағы бір байсалды қадамы деп бағалауға болады», деді Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.
Сондай-ақ Түркістанды рухани астанаға айналдыру идеясының бастауында түркі интеграциясының архитекторы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұрғанын тілге тиек етті.
Айта кетейік, іс-шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі және Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырды.