Бүгін «Бөбек» орталығының оқу-сауықтыру кешенінің директоры Мақпал Аденова республикалық онлайн-жиналыс барысында «Жазғы сауықтыру лагерьлер қызметіне қойылған санитарлік-гигиеналық талаптар» тақырыбындағы баяндама жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жазғы демалыс кезінде сауықтыру, демалу, демалыс және жұмыспен қамтуды ұйымдастырудың өзекті мәселелері» тақырыбындағы республикалық жиналыс ҚР БжҒМ-нің балалардың құқығын қорғау бойынша комитетінің ұйымдастыруымен және ҚР ІІМ, ҚР ДСМ, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Бөбек» және «Балдәурен» Орталықтары, білім басқармалары өкілдерінің қатысуымен өтті.
ҚР БжҒМ-нің балалардың құқығын қорғау бойынша комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев жазғы демалыс кезінде сауықтыру, демалу, демалыс және жұмыспен қамтуды ұйымдастырудың өзекті мәселелері жөнінде мәлімдеді. Сонымен қатар, жазғы демалыс кезінде сауықтыру, демалу, демалыс және жұмыспен қамтуды ұйымдастыруға қойылған санитарлік-эпидемиологиялық талаптар жөнінде; шомылу кезеңіне дайындық туралы; балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, карантин кезіндегі лагерьлер қызметі туралы және тағы басқа мәселелер талқыланды.
Мақпал Аденова балаларды сауықтыру лагерьлердің жұмысшылары, белгіленген тәртіппен, медициналық тексеруден өтіп, оларда белгіленген үлгіде жеке медициналық кітапшалары болуы тиіс екендігін атап өтті. Балалар сауықтыру лагеріне жұқпалы науқаспен қарым-қатынасы болмағаны туралы, балалардың денсаулығы туралы дәрігердің қорытындысы, екпелер туралы мәліметі, «Сауықтыру лагеріне аттанатын оқушының медициналық анықтамасының» 079/У пішіні болған кезде ғана қабылданады. Сондай-ақ, ол «Бөбек» орталығының оқу-сауықтыру кешенінде сауықтыру маусымы кезінде өтетін іс-шаралар туралы айтты.
Жиналыс барысында туындаған сұрақтарға толық жауаптар қайтарылып, тиісті ұсыныстар қабылданды.