• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Сәуір, 2021

Тобыл қаласында облыстық «Жас тұлпар» оқушылар айтысы өтті

754 рет
көрсетілді

Тобыл қаласында Қостанай облысы оқушыларының «Жас тұлпар» атты дәстүрлі айтысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына және ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған оқушылардың жыр додасында Қостанай, Рудный, Жітіқара, Арқалық қалалары мен Бейімбет Майлин, Амангелді, Жангелдин, Қарабалық аудандарының жас дарындары бақ сынасты.

Оқушылар айтысының қазылар алқасына ақтаңгер ақын Айбек Қалиев төрағалық етті. Әр өңірдің үмітін үкілеп келген кілең жүйріктердің жыр сайысы басталар сәтте сахнаға көтеріліп «Жас тұлпардың» тарихын бір шолып өткен облыстық мәдениет басқармасының басшысы аламан дүбірге елеңдеп тұрған жас дүлдүлдерге бармақтай бақ тілеп, көпшілікке   құттықтау сөзін арнады.    

- Биыл 29-шы рет өтіп отырған «Жас тұлпар» ақындар айтысы өңірдегі талай талапкер жасты үлкен өнерге, үлкен өмірге қанаттандырды. «Жас тұлпар» түлеткен жас ақындардың көбі - бүгінде осы өңірге ғана емес, еліміздің әр түкпірінде өрелі өнерімен, адал еңбегімен танылып, өзінің ақындық, азаматтық биігіне қол жеткізген азаматтар. Сонау 1992 жылдан бері үзілмей келе жатқан оқушылар айтысын нағыз өнер мектебі деп бағалауға болады. Киелі тәуелсіздігімізбен тел түлеген бүгінгі айтыстың тарихына көз жүгіртер болсақ, осы бір игі дәстүрдің басы-қасында жүріп, талай жасқа қамқор болып, жол көрсеткен белгілі ақын-сатирик Ғұмар Ахметчин ағамыздың есімін ұмыт қалдыруға болмайды.  Ол кісі «Жас тұлпардың» қазылар алқасының тұрақты төрағасы, батагөй ақсақалы болып еді, өкінішке қарай былтыр айырылып қалдық. Бүгінгі жас тұлпарлардың дүбірінен ол кісінің де әруағы бір аунап түскен болар деп ойлаймын. Бүгінгі аламанда жас ақындарымызға сәттілік серік болсын, - деді Ерлан Қалмақов.

Айбек Қалиевтің айтуынша, Қостанай облысындағыдай 1994 жылдан бері қарай дәстүрлі түрде үзілмей өтіп келе жатқан оқушылар айтысы көп облыстарда жоқ.

- Қазір оқушылар айтысы жалпы өңірлерде жиі өте бермейді. Менің білетінім, Талдықорғанда өтетін Сүйінбайға арналған республикалық оқушылар айтысы бар, кейде Ұзынағашта өтеді, одан өзге  әр өңірде анда-санда мерейтойларға орай айтыстар өтіп тұрады. Қостанайдағы айтыс биыл 29-шы рет ұйымдастырылып отыр, былай қарасаңыз, тәуелсіздігімізбен құрдас екен. «Жас тұлпар» айтысынан түлеп ұшқан түлектердің алды республикалық аламандарда осы Тобыл-Торғай өңірінің намысын қорғап жүр. Тіпті осы облыстық мәдениет басқармасын басқарып отырған Ерлан бауырымыз да осы «Жас тұлпардан» қанаттанған. Сондықтан алдағы уақытта бұл айтыс үзілмей жалғасын таба беруі керек. Келесі жылы оқушылар айтысының бүгінгі биігіне көтерілуіне көп еңбек сіңірген Ғұмар Ахметчин атамыздың атына бір сыйлық тағайындалса артық болмас еді, - деді Айбек Қалиев.

Айтыстың іріктеу кезеңінде сөз сайыстырған 8 жұп ел тәуелсіздігін  жырға қосып, ұлы ағартушы Ыбырай аталарының еңбек жолы мен асыл мұрасын дәріптеді. Бірінші кезеңде қара үзіп шыққан 3 жұп түстен кейін финалдық кезеңде бақ сынасты.

«Жас тұлпардың» бас жүлдесін Арқалық қаласының 5-сынып оқушысы Нұрислам Рағат жеңіп алды. Бойы домбырадай ғана қаршадай бала бұған дейін Арқалықта өткен студенттер айтысында жүлделі үшінші орынды ұтып алыпты. Қарсыластарының ешбіріне бет қаратпаған ең кішкентай ақын бұл айтыста ең биік тұғырдан көрінді. Нұрисламның:  «Жұлдыздар қаншама көп болғанымен, ай көрініп тұрады ерекше боп» немесе «Артыңда қалатындай сөз айтсаңшы, айтыста болам десең шын тұғырлы», «Орыстардың мекені емес сені, Арыстардың мекені деп білемін» деп келетін өрнекке толы өрелі өрімдерінен өнерпаз өреннің болашақта бағындыратын белестерінің биік екенін аңғардық.

Бірінші орын Арқалықтан келген Саян Әуезханға бұйырды. Екінші орынның жүлдесінамангелділік Нұрлыбек Төлеуов қанжығасына бөктеріп, Рудныйдан келген Жамбыл Тоққожаев үшінші орынды қанағат тұтты. Жүлделі орындарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Марапаттау рәсімінде сөз алған қазылар алқасының төрағасы Айбек Қалиев сахнада қуырып айтпаса да, суырып айтып, сұлу сөз саптасымен, айшықты ойымен көзге түскен, бірақ жүлдеге іліге алмай қалған 7 жас ақынға өз қалтасынан шығарып, қаржылай сыйлық табыс етті.