Петропавлда «Тбилиси» мейрамханасы өртеніп, 9 адам қауіпсіз жерге шығарылды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 сәуір, сағат 18.17-де 101 пультіне Петропавлдағы «Тбилиси» мейрамханасында өрт шыққандығы жайында хабарлама түседі.
Мамандар оқиға орнына жетіп, бірден өрт сөндіруге кірісті. Олар келгенде екі қабатты ғимарат қалың түтінге оранып, шатыры лапылдап жанып жатқан. Сол жерде шұғыл штаб құрылып, Петропавл қаласының өрт сөндіру қызметінің қосымша күші тартылды. Өрт үш учаскеде бір уақытта сөндіріле бастады.
Мамандардың айтуынша, ғимараттан 9 адам – мейрамхана қызметкерлері қауіпсіз жерге шығарылды. Өртпен күреске 15 техника және жеке құрамнан 67 адам жұмылдырылды.
Өрттің салдарынан ғимараттың шатыры жанып кетті, екі қабат – 280 шаршы метр жалынмен зақымданды.
Тілсіз жау сағат 19.03-те толық сөндірілді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.