• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Сәуір, 2021

Үкіметтің бастамасымен әзірленген әрбір заң жобасы жұртшылықпен талқыланады

195 рет
көрсетілді

Биылғы 12 наурыздағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы заңдарды қабылдаудың неғұрлым ашық тетігін көздейді. Енді Үкіметтің бастамасымен әзірленген әрбір заң жобасының алдында жұртшылықпен консультациялар өткізуге арналған Консультативтік құжат болады. Әділет вице-министрі Наталья Пан енгізілген өзгертулер мен түзетулер жайлы айтып берді.

Оның айтуынша, консультативтік құжат саланың проблемасын неғұрлым терең қалыптастыруға және көруге, оларды шешудің әдістері мен тәсілдерін пысықтауға мүмкіндік береді.

«Заң жобаларын әзірлеу рәсімінің өзі келесідей. Мемлекеттік органдар проблеманы анықтаған кезде тиісті талдау жүргізуге және оның нәтижелерін Консультативтік құжатта көрсетуге тиіс. Бұдан әрі Консультативтік құжат жұртшылықпен және оның нақты нысаналы топтарымен консультациялар өткізу үшін «Ашық НҚА» порталында жарияланады. Жұртшылықпен талқылаулар бір немесе бірнеше тәсілдерді пайдалана отырып жүргізіледі: «Ашық НҚА» порталында талқылау, жария тыңдаулар мен пікірталастар. Қоғаммен талқыланғаннан кейін ғана мемлекеттік орган талқыланатын мәселені шешу үшін заң әзірлеудің орындылығы туралы шешім қабылдайды», деп атап өтті спикер.

Осылайша, халық заңнамалық бастаманың ең ерте кезеңінен бастап уәкілетті органдар қабылдаған шешімдерге тартылатын болады.