Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстандағы тұрақтылық пен өркендеудің негізі» атты Жолдауында 2020 жылды – Еріктілер жылы деп жариялағаны белгілі. Қиындық атаулыны кәтепті қара нардай бірлесе көтеретін халық бұл жолы да ел ішінде бірліктің бекемдігін, пейілдің ақтығын, жан жадыратар жанашырлықтың молдығын толайым көрсете білді.
«Жақсылыққа сену үшін әуелі өзің жақсылық жасай білуің керек» дейтін рәуішті, мазмұнды сөз бар. Ел Президентінің бағалы ұсынысынан бастау алған оң шаруалар кеңінен қанат жайып, жанашырлық шуағын шаша бастады. Ұлы істің ұлағатынан Бурабай баурайын жайлаған жалпақ жұрт та шет қалған жоқ. Ел қамын жеген еріктілер әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарды, күні кісіге қарап қалған қарттарды, мүмкіндігі шектеулі жандарды елеп-жебеп, дерт барынша белең алып, күшіне мініп тұрған тұста қамқорлық көрсету шараларын тыңғылықты жүзеге асырды. Сол кезде қорғаныс құралдарының қасқалдақтың қанындай таптырмай кеткені мәлім. Талмау тұсты тап басқан еріктілер алдымен халықтың есіне салып, жаман тұмаудың шеңгелінен қалай аман қалуды ұғындыратын ескертпелер жазылған парақшалар таратты. Медициналық қорғаныс құралдарымен де молынан қамтамасыз етті. Аудандағы қауқарлы, ірі кәсіпорын басшыларымен келіссөздер жүргізе отырып, ауыртпалықты еңсеру олар үшін де парыз екендігін жеткізіп, қайырымдылық жасауға бағыттады. Жиналған қаражаттың біраз бөлігі азық-түлік себеттерін дайындауға жұмсалды. Жаман тұмаудан жасқанып қарға адым жер аттап шыға алмай отырған қарттарға бірсыдырғы қамқорлық жасалып, төрт құбыласын теңестірді.
Еріктілер «Біз біргеміз», «Біз болмасақ, кім?», «Қайырымды көршілер» тәрізді әлеуметтік акциялар ұйымдастырды. Карантин кезінде 600-ден астам отбасыға жалпы көлемі 9 млн теңгеге таяу көмек көрсетілді. Жалғызбасты қарттарға күн сайын ыстық тамақ жеткізіп, медициналық бетперделер тегін таратылды. Осы орайда, облыстық «LIDER.KZ еріктілер қозғалысы» қоғамдық бірлестігі ауданда жақсылық шарапаты мол істі ұйымдастырып, дамытуға белсенді көмек көрсетті. Ел үшін жасалатын ерен істің үлгісін көрсеткен еріктілер Бұланды, Бурабай аудандары мен Көкшетау қаласы арасында жолаушыларды тегін тасымалдауды ұйымдастырды. Нұр-Сұлтан қаласынан 30 инфрақызыл термометр мен 200 химиялық қорғаныс костюмін, 3600-ге жуық медициналық бетперде жеткізіп берді. Оған қоса созылмалы сырқаты бар, емханада тіркелген 120 адамға қажетті дәрі-дәрмектерін табыс етті.
Карантин кезінде дәрі-дәрмектің қымбаттап кеткені де белгілі. Қозғалыс мүшелері бағаның тұрақты, қолжетімді болуын ұдайы қадағалады. Жасанды тапшылыққа жол бермеу үшін қаладағы дәріханалардың бағасына жиі мониторинг жүргізіп отырды. Қала мектептерінде санитарлық-эпидемиялық талаптардың сақталуын да көзден таса еткен жоқ. Үрей меңдеген осы бір кезде әлдебір себептермен жоғалып кеткен адамдарды іздестіруге де ат салысты.
Волонтерлық жобалардың шағын гранттары байқауының қорытындысы бойынша 300 мың теңгенің грантын ұтып алды. Осы жобаның нәтижесінде төтенше жағдайлар сәтінде жедел әрекет ететін штаб жұмысы жолға қойылды. Берілген өтінімдерге сәйкес термос, әрқилы кеудешелер, дәрі қобдишалары тәрізді қажетті заттар сатылып алынды. Жиырмаға жуық мұқтаж балаға «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы шеңберінде көмек көрсетілді.
Бурабай баурайындағы берекелі шаруа ел ішінде қайырымды жандардың көп екенін, осындай қиын сәтте топтаса білетіндігін көрсетіп берді.
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы