Уақыт өткен сайын бұлтты технологияларға сұраныс артып барады. Әсіресе оның артықшылығы қаржы-экономика салаларында айқын байқалуда. Мәселен, әлемдегі қаржы институттарының 95%-ға жуығы бұлтты есептеулерге басымдық берген. Мұндай дерек Accenture халықаралық консалтингтік компаниясының таяуда жарияланған зерттеуінде келтірілді.
Операциялық шығындарды азайтады
Бұл зерттеуге сүйенсек, банктер бұлтты технологияға бұрыннан ауысқанымен, оған әлі де күмәнмен қарайтындар бар. Сәйкесінше іскер ортада бұған қатысты екіұдай пікір қалыптасқан. Кейбірі тың технологияның артықшылығын қолдаса, енді бірі қауіпсіздік мәселелері мен реттеуші ұйымдардың талаптарын алға тартып, оны қолданудан бас тартса керек.
Accenture-дің мәліметіне сәйкес бұлтты қызметтерге көшу кез келген компанияның операциялық шығындарын 10-20%-ға және өнімді нарыққа шығару уақытын 30-50%-ға азайтады. Коронавирус індеті пайда болғалы бері ашық бұлтты қызметтердің ауқымды деректі өңдеу мүмкіндігі, сондай-ақ тұрақтылығы мен икемділігі қаржы ұйымдары үшін бұрынғыға қарағанда әлдеқайда маңызды бола түсті. Пандемия кезінде қаржыгерлер бұлтты есептеу жүйесі (қоғамдық және жеке) мен ескірген технологияның жұмысын салыстыруға мүмкіндік алды. Accenture компаниясымен жұмыс істейтін банкирлер ашық бұлтты қызметтің жақсы нәтиже көрсеткенін байқаған. Айталық, бірнеше сағатта виртуалды байланыс орталықтарын құруға жол ашылды.
Сарапшылардың айтуынша, аталған есептеу жүйесіне ауысу банктерден бөлек, тұтастай қаржы саласына тың серпіліс әкеледі. Оны енгізуді қолдайтындардың қатары жыл санап көбейіп жатыр. Мәселен, консалтингтік компанияның зерттеуінде көрсетілгендей, бұлтты қызметке салынған инвестицияның көлемі 30%-ға өскен. Forrester зерттеу компаниясы 2022 жылға қарай бұл бағыттағы өсім жылына 15%-ға дейін төмендейді деп болжап отыр. Десе де бұл жалпы технологиялық шығындардың айтарлықтай қысқаруына алып келмейді дейді мамандар.
Тың технология үмітті ақтамаған
Accenture клиенттерінің арасындағы ірі банктердің 15%-ы тек бір тасымалдаушының қызметін пайдаланса, қалған 60%-ы мультибұлтты стратегияны таңдауды құп көрген. Демек бірнеше провайдердің (ең танымал Amazon Web Services және Microsoft Azure) қызметіне жүгінетінін аңғартады. Әйтсе де заманауи технологиялық ағымнан көңілі қалған қаржы ұйымдары да жоқ емес. Былтыр жүргізілген Cloud Outcomes 2.0 Survey зерттеуіне сәйкес банктердің тек 35%-ы ғана бұлтты есептеу үміттерін ақтағанын жеткізген. Сала мамандары мұндай фактілер көбінесе стратегиялық саясаттың дұрыс жолға қойылмағанына байланысты орын алатынын айтты.
Қош, сонымен тың жүйенің басымдылығы неде? Жоғарыдағы зерттеуде айтылғандай, бұлтты технологиялар тек бизнесі икемді, инновациялық жаңашылдықтарды енгізетін банктерде ғана жоғары сұраныста болып, өндірістік өнімділікті арттыруда септігі мол.
Тұтастай алғанда, банк секторында инновациялық даму үрдісі қарқын алып келеді. Мәселен, барлығына ортақ бұлтты платформаларда жұмыс істейтін Stripe, Monzo, Chime және Transferwise секілді стартаптардың арасындағы бәсекелестік банктерді қолданыстағы бизнесті құр жаңғыртпай, тың технологияны енгізуге еріксіз мәжбүрлеп отыр. Әлбетте, қаржы ұйымдары бизнестің жаңа бағыттарын өздерінің технологиялық бағдарламаларының негізінде дамыта алады. Бірақ несие беретін компанияларға тың тетіктерді, атап айтқанда ауқымды талдау жүргізуге қауқарлы жасанды интеллект технологияларын бәрібір де қолдануға тура келеді. Ал оны жүзеге асырудың тиімді жолы ашық бұлтты есептеу жүйесінде жатыр. Бұған қоса оның құны жекеменшік инфрақұрылыммен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Әсіресе бұл айырмашылықты клиенттердің қатары көбейгенде байқауға болады. Банктерге бұлтты қызметті ұсынатын провайдерлердің жұмысы жеке қосымшаларды әзірлеп, іске қосу шығындарымен салыстырғанда қымбат көрінуі мүмкін. Алайда Accenture-дің тәжірибесі көрсеткендей, жалпыға ортақ платформаларды пайдаланып, бизнес процестерді жаңартатын банктерде ғана шығындар азайған.
Бұлтты технологияларға көшуді көздейтін қаржы ұйымдарында таңдаудың үш нұсқасы бар. Нақты айтсақ, ашық бұлтты жүйе (Public cloud), жеке бұлтты есептеу (Private cloud) және гибридті бұлтты жүйені (Hybrid cloud) қолдану мүмкіндіктері қарастырылған.
Пандемия бұлтты технологияның артықшылығын көрсетті
Соңғы уақытта Қазақстанда жұмысы ақпараттық технологиямен байланыстырылған компанияларда бұлтты технологиялар мен бұлтты сервисті ұсынатын провайдерлердің қызметіне сұраныс артқан. Оның артықшылығы коронавирус пандемиясы салдарынан енгізілген карантин режімінде анық білінді. Жаңа шешімдерді енгізуде «Қазақтелеком» АҚ-ның табысты ізденістері жоқ емес. Ұлттық байланыс операторының дерегіне сәйкес компания дезагрегаттау (операциялық жүйелер мен қосымшаларды базалық жабдықтан ажырату, аппаратурадан бөлу), виртуалдандыру (бір есептеу машинасында бір немесе бірнеше жүйені іске қосу) және жүйелердің ашықтығы принциптеріне негізделген жаңа байланыс инфрақұрылымын құруға байланысты бұлтты шешімдерін ұсынуға дайын. «Қазақтелеком» АҚ қоғаммен байланыс қызметінің ақпаратына сүйенсек, қазір CloNN (Cloud Network Node) технологиясы негізінде Алматы мен елордада екі бұлтты байланыс торабы іске қосылған. Ұлттық компания бұлтты байланыс тораптарын құруға арналған жобаларды технологиялық трансформация стратегиясы аясында жүзеге асырып келетінін айта кеткен орынды.
«Біз бұлтты инфрақұрылымды біртіндеп және үздіксіз дамытып келеміз. Әр жобаға бұлтты инфрақұрылымның жаңа архитектуралық элементтерін қосамыз. Келесі кезекте Docker және Kubernetes негізінде қолданбалы-бұлтты жүйені виртуалдандырып, үйлестіру, сондай-ақ SDN шешімдерін енгізуге қатысты жобаларды іске асыру міндеті тұр», деді «Қазақтелеком» АҚ инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірманов.
Ұлттық байланыс операторы тың инфрақұрылымға көшу дәстүрлі қызметтердің дамуына серпін беріп қана қоймай, сонымен бірге жаңа бизнес пен цифрлы трансформацияға жол ашады деген сенімде. Бастапқыда CloNN тораптары тек желінің жүктемесін азайту үшін ғана емес, сол секілді әмбебап бұлт ресурстары ретінде де құрылғанын айта кету керек. Оның пайдасы пандемия кезінде бұлтты ресурстарға және бос жадыға сұраныс күрт артқанда тиді. Cloud Network Node жүйесі карантин режімінде бейнебақылау жүргізу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, қашықтан оқыту, білім беру трафигін оқшаулау сынды қызметтерді жүзеге асыруға ұсынылды.
«Сарапшыларымыздың айтуынша, CloNN жобасының келешектегі жоспары ауқымды. Былайша айтқанда, аталған бұлтты байланыс тораптары «Қазақтелекомның» инфрақұрылымдық «жүрегіне» айналып, оған дезагрегаттау, виртуалдандыру қағидаттарына негізделген жаңа желілік инфрақұрылым қосылады», деді «Самұрық-Қазына» АҚ цифрландыру және трансформациялау жөніндегі басқарушы директоры Дәурен Керейбаев.
Сөз орайы келгенде айта кетейік, елімізде бұл бағытта және ауқымды деректерді өңдеуде «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ және «Транстелеком» АҚ сынды компаниялар көш бастап тұр.