• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Сәуір, 2021

Ұжымдық иммунитет үшін вакцина салдыруда

333 рет
көрсетілді

Ұжымдық иммунитет қа­лыптастыру үшін Шым­кент қаласында вакцина салдыру көрсет­кіші арта түсуде. Бүгінде медицина, білім беру, құқық қорғау саласы қызметкерлерінен тыс қала тұрғындары жап­­­пай екпе ектіруге көш­ті. Бұл үшін ша­һар­­да­­ғы денсаулық сақ­тау ме­кемелеріндегі белгі­лен­­ген ғимарат­тар­дан тыс сауда орта­лық­та­ры­нан вакцина салдыру пункт­тері ашылады. Бұл тура­лы Ақпараттық-ком­му­никациялық орта­лы­ғын­да өткен брифингте Шымкент қалалық ден­саулық сақтау бас­қар­­­масының басшысы Бақытжан Позилов мәлім етті.

«Шымкент қаласында ерікті түрде коронавирусқа қарсы вакцина алушылардың саны көбейді. Яғни бүгінге дейін 46 656 адам екпе қабылдады. Олардың  9 570-і – медицина мамандары, 11 752-сі – мұғалімдер, 4 738-і – полицейлер, 3 332-сі – созылмалы ауруға шалдыққан науқастар, ал 1 326-сы студенттер болса, қалғандары – басқа да санаттағы азаматтар. Бұл ретте халыққа бар жағдайды жасау мақсатында вакцина егу пункттерін көбейтіп, салдыру уақытын ұзарттық», дейді басқарма басшысы.

Бас дәрігердің сөзінше, үшінші мегаполисте вакцина салдыру 38 егу пунктінде жүргізіліп отыр. Олар күнделікті сағат 08.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істеуде. Оған қоса, бүгін қаланың сауда орталықтарында вакциналау жұмыстары бастал­ған. Яғни №1 қалалық емхана мамандары таңертеңнен әмбебап сауда орталығының қызметкерлері мен дүкенге ке­лу­ші азаматтарға вакцина салуда. Бұл шара жалғасады. Ендігі кезекте 19 сәуірден бас­тап «Мега» сауда орталығы мен базарларда егу пункттері ашы­лады.

Еске салсақ, коронавирусқа қарсы шығарылған вакцина адамға күш-қуат беретін дәрумен болмағандықтан, оны салдыру оразаны бұзбайды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері пәтуа шығарған.

Бақытжан Жолдасбекұлы Шымкент қаласында өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 119 жағдайы тіркелгенін, эпидемиялық ахуалдың тұрақты емес екен­дігін тілге тиек етті. Осы орайда қаланың Бас дәрігері ша­hар тұрғындарына барлық са­ни­тарлық талапты сақтауға ша­қырды.

Шым-шаһарда covid-19 ви­русына қарсы вакцина сал­­дыруда білім саласының қызметкерлері белсенділік танытып келеді. Осыған дейін білім саласында жұмыс істейтін 8 мыңға жуық қызметкер вирусқа қарсы вакцина алған. Бұл жалпы қызметкерлердің 30 пайызын құрап отыр. Басқарма тарапынан қызметкерлер арасында қауіпті індетке қатысты вакцинаны жаппай салдыру бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары атқарылып жатыр. Бір күннің ішінде орташа есеппен мыңнан астам қызметкер вакциналанды.

Індет іргеден ін қазған тұста жаны жомарт жандар елге қол­ұшын беруден аянып қалған жоқ. Жуырда «ПетроҚазақстан» және «Отаумед» компаниясы қан орталығына вакцина сақтайтын құрылғы тарту етті. Компания басшылары орталыққа қажет құрылғыларды шетелден арнайы тапсырыспен алдырған. Медициналық мекемеге тарту етілген тоңазытқыш жаб­дық­та­ры вакцинаны сақтау­ға ар­налған. Орталық бас дәрігері Амангелді Нұрлыбаев ұжым атынан «ПетроҚазақстан» және «Отаумед» компаниясына алғы­сын білдірді.

Айта кетерлігі, қалаға бөлі­не­тін індетке қарсы вакциналар тікелей әуежайдан қан орта­лы­ғына жеткізіліп, кейіннен егу пункттеріне таратылуда.

 

ШЫМКЕНТ