Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл өңірдегі егіс алқабы – 1 490,3 мың гектар. Бұл көлемге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді игеру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қол жеткізілді. Бидайға сұраныс артып, жергілікті диқандар астықтың әр тоннасын 90-100 мың теңгеге экспорттауға мүмкіндік алды. Сондықтан, нарық талабына сай диқандар бидайды молынан егуге кіріспекші.
Нарықта бидайға сұраныс артқан сайын диқандар да жыл сайын егіс алқабын арттыруға ынталы. Облыста егін шаруашылығымен 1300-ден аса шаруашылық айналысады. Өткен жылмен салыстырғанда егіс алаңы 84,5 мың гектарға артқан. Үкімет тапсырма берген бос жатқан жерлерді игеру, пайдаланудың пайдасы міне, осындай.
Екіншіден, өткен жылы 24,6 мың гектар суармалы жер іске қосылып, жалпы көлемі 126,7 мың гектарға жетті. Былтыр 1 гектар суармалы алқаптан 313 центнер көкөніс жиналды. Мысалы, айырмашылығы таңғаларлықтай: 900 мың гектар суарылмайтын егіс алқабынан 827 мың тонна, ал 52 мың гектар суарылатын алқаптан 830 мың тонна өнім алынды.
Біздің өңірдегі суармалы алқаптың 35 пайызын жем-шөп дақылдары, 28 пайызын картоп құрайды. Сондай-ақ, майлы, дәнді, дәнді-бұршақты дақылдардың үлесі 26 пайызға, көкөністердікі 11 пайызға тең. Мысалы, Тереңкөл ауданында суармалы жер биыл 1 мың гектарға көбейіп, оған бір жылдық және көпжылдық өсімдіктер, картоп, көкөніс, жүгері салынады. Аудан әкімі Серік Батырғожиновтің айтуынша, 750 тонна тұқым жаңартылды. Бұл ауданда барлығы 20 мың тоннадан астам тұқым бар.
Ауыл шарушылығы басқармасының мәліметінше, былтыр суармалы алқаптарды іске қосу үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 3 жоба, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 4 жоба жүзеге асқан. Бұл іске «Қазсушар» кәсіпорны да қатысып, жалпы көлемі 17,5 мың гектарды құрайтын 5 жобаға жетекшілік етуде.
Басты жоба – Ертіс-Успен жасанды су каналының құрылысы жүзеге асса, 10 мың гектар жер суармалы алқапқа айналмақ.
Үшіншіден, 350 мың гектар жерде қар тоқтату жүргізілген, мысалы, «Победа», «Галицкое» және Абай атындағы серіктестіктер, «Оразбаев», «Замандас» қожалықтары және «Жаздық» фермерлік шаруашылықтарында қар тоқтатуға қажетті заманауи техникалар бар. Бұл техникалар қар тоқтату жұмыстарын шығынсыз жүргізуге мүмкіндік береді. Қар тоқтату – топырақтың агрофизикалық қасиеттерін жақсартып, ылғалды толық жинауға әрі сақтауға мүмкіндік береді. Көктемгі егіс жұмыстарына машина-техника парктерінің 184 егіс кешен шығады.
Басқарманың өсімдік шаруашылығы және механикаландыру бөлімінің бас маманы Ерқанат Әубәкірдің айтуынша, биыл дәнді дақылдар алқабы 911 мың гектарға, майлы дақылдар 189,4 мың гектарға, картоп 18,8 мың гектарға, көкөністер 7 мың гектарға, бақша дақылдары 2,7 мың гектарға, мал азығы 361,1 мың гектарға жеткен. Қазір 145,4 мың тонна тұқым дайын. Арнайы зертханаларға жіберіліп, сапасы анықталуда. Өңірде тікелей тұқым шаруашылығымен айналысуға заңды құқығы бар 27 шаруашылық тіркелген. Жергілікті диқандар қажетті тұқымды осы шаруашылықтардан сатып алады.
Железин ауданы жыл сайын қарақұмық пен күнбағыс егуді көбейтуде. Аудан әкімі Қанат Қашкировтың айтуынша, күнбағыс алқабы 10 мың гектарға ұлғайған. Былтыр қарақұмық егетін жердің көлемі 2100 гектар болса, биыл 2400 гектарға жетіпті.
Облыс бойынша 5 мың гектар алаңда шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық іс-шаралар жоспарланған. Бұл жұмыстар барлық 10 ауданда және Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларының ауылдық аумақтарында өтеді. Бұған жергілікті бюджет есебінен 7,1 млн тенге қаражат бөлінді.
– Биыл өсімдік шаруашылығын қолдау мақсатында субсидия ретінде өңірімізге 3,4 млрд теңге қаражат бөлінді. Бастысы, субсидияларға қол жеткізу үшін шаруалардың қолында «Аграрлық карта» болуы тиіс. Карта бойынша шаруалардың өтініштерін министрлікке жеткізудің цифрлы жүйесі жасалуда. Және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 100-ден астам шаруашылыққа 3,4 млрд теңге жеңілдетілген несие беруді жоспарлап отыр. Осы уақытқа дейін 94 диқанның 2,3 млрд теңгелік өтініші мақұлданған, – дейді Е.Әубәкір.
Үшіншіден, егіс алқабы ұлғайған сайын жанар-жағармайға деген қажеттілік те артары сөзсіз. Өңірде биылғы көктемгі егіс науқанына 21 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініпті.
– Бүгінде «LF TRADE», «ТК Парнас» және «Рымжан Трейд» серіктестіктері жауапты операторлармен жұмыс бастады. Әр тоннаның бағасы – 179-180 мың теңге. Электронды жүйеде әр шаруашылықтың егіс алқабының көлемі есепке алынады. Диқандар «Қолдау.кз» сайты арқылы өтініш береді. Үш оператордың біреуінің көмегіне жүгінеді. Сайтта шаруалар жанар-жағармайды қай уақытта алып кететіндігін өздері белгілейді, – дейді басқарма маманы.
Ал жыл сайын көктемгі егіс науқаны кезінде диқандар бағдарлама талаптары жеңіл, көпқағаз толтырып әуреге түспейтін еліміздегі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-мен жұмыс істейтіні белгілі.
– Өткен жылы індет шығуына байланысты көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қолдау көрсеттік. Мысалы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на бөлінген 70 млрд теңге қаражат шаруаларға үлестірілді. Және де «Кең дала» бағдарламасы шеңберінде павлодарлықтар да бар еліміздің 2 346 фермері мемлекет қолдауына қол жеткізді. Қазір әр ауданда несиелік серіктестіктер жұмыс істейді. Биылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 1 млрд теңге қаражат бөлінеді. Ал қаржы «Кең дала» бағдарламасы арқылы беріледі. Несиенің жылдық үстемесі – 5 пайыз. Бұл үшін шаруашылықтың құжаты, бизнес-жоспар кепілге қоятын мүліктің құжаты, болуы қажет. Қазір түскен өтініштер мақұлданып, шаруаларға тиісті қаражат берілді. Өтініштерді қабылдау жалғасуда, – дейді облыстық филиал директорының орынбасары Ізбасар Жүсіпбеков.
Өңірдегі астықты аудан саналатын Ертіс ауданында биыл алқап көлемі 5 мың гектарға артып, 282,3 мың гектарды құрады. Аудан әкімі Аян Бейсекиннің мәліметінше, шаруалар 635 млн теңгеге 23 техника сатып алған. Жалпы, дала жұмыстарына 64 егу кешені мен 160 трактор тартылады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде көктемгі дала жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу үшін облыстық әкімдік тарапынан жеңілдетілген несиелер беру ісін жылдамдату, дизельді отынмен қамтамасыз ету ісін жүйелі жүргізу тапсырылды.
Жалпы, өңірде дәнді-дақылдарды егу жұмыстары сәуірдің ортасында басталады, ал 3 мамыр мен 3 маусым аралығында майлы, дәнді дақылдардың тұқымы себіледі.
Павлодар облысы