Қазақстанда отбасылық құндылықтарды нығайту жөніндегі республикалық фронт-офис өз жұмысын бастады. Бұл туралы EN BAQYTTY El қоғамдық қорының директоры Кәмила Сүлейменова «Жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайту жөніндегі шараларды институттандыру» жобасының басталуына арналған онлайн баспасөз-конференциясы барысында хабарлады.
Түрлі форматта онлайн-семинарлар мен тренингтер өткізу арқылы фронт-офис жұмысы жастарға консультациялық көмек көрсетуге бағытталатыны белгілі болды. «Отбасы-неке қатынастары мәселелері бойынша жастарға және отбасыларға консультациялық қызмет көрсету бойынша арнайы әдістемелік оқулықтар шығару жоспарлануда. Нәтижесінде, отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасын біріктіру және психологиялық сау қоғамды дамыту маңыздылығы туралы ақпараттандырылған азаматтардың саны артады», деді Камила Сүлейменова.
Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов жобаның басталғанын ресми түрде жариялады. Ол құттықтау сөзінде: «Жастардың ағартушылық қызметін әлеуметтік желілер, Yоtube арнасы арқылы жүргізу және жобаның барынша көп қатысушыларын қамтуға және қазақстандықтарға отбасылық құндылықтарды дарытуға күш салу қажет», деп отбасы институтын дамыту мен нығайтуда жобаның маңыздылығын атап өтті.
Іс-шараға БҰҰ-ның Қазақстандағы халықтың қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА) атқарушы директоры Райымбек Сисемалиев қатысып, «Жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын қорғау – жас отбасы денсаулығының маңызды факторларының бірі» тақырыбында баяндама жасады.
«Қазақстан Әкелері» республикалық әкелер қауымдастығының төрағасы Аманғос Құлов баспасөз конференциясы барысында отбасылық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды қалыптастырудағы ерлер мен әкелердің рөлі туралы айтып берді. «Отбасының беріктігі мен тұрақтылығы көбінесе отбасының басшысына – ер адамға байланысты, сондықтан біз білім беру мекемелерінде саналы әке болу тақырыбында жастармен және жасөспірімдермен іс-шаралар өткіземіз», деді Аманғос Құлов.
Қазақстан медиаторлар қауымдастығының атынан сөз алған Ақнұр Жұмабаева «Отбасындағы жанжалды жағдайларды шешудегі медиативтік технологиялар» тақырыбында ой қозғады.
JANYM қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Наталья Клюжина жас жұбайларға, жасөспірімдерге, жастарға неке қиғанға дейін саналы түрде ерлі-зайыптылық тақырыбында ағарту жұмыстарын жүргізудің маңыздылығы туралы баяндама жасады.
Іс-шараға Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының өкілдері, жоба серіктестері және басқалар қатысты. Жоба Азаматтық бастамаларды қолдау Орталығының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Бағдарлама үйлестірушісі – «EN BAQYTTY EL» қоғамдық қоры.
Барлық сұрақтар бойынша телефон арқылы хабарласыңыз: +7 701 642 7008, +7 701 242 70 93.