• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Сәуір, 2021

Елордада мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттері таратылуда

416 рет
көрсетілді

Қасиетті Рамазан айында Нұр-Сұлтан қаласындағы мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттерін тарату ісі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтанда «Қайырымды істер» марафоны аясында қасиетті Рамазан айында төрт мыңнан астам әлеуметтік аз қамтылған отбасыға азық-түлік себеті тапсырылады. Қайырымдылық іс-шараны Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылып отыр. Ал акцияны «Halyk Bank» АҚ, Болат Өтемұратов қоры және т.б. қолдады.

Айта кетейік, биыл Наурыз мерекесі «Қайырымды істер» марафонының аясында өтті. Наурыз айында төрт мың мұқтаж отбасыға азық-түлік жиынтығы тапсырылды. Қайырымдылық істі жүзеге асыруға кәсіпкерлер, ірі ұйымдар, еріктілер және қала тұрғындары атсалысты. Пандемия кезінде дәрі-дәрмектерді, медициналық маскаларды тарату, зейнеткерлердің аулаларының қарын күреу, ағаш отырғызу және т.б. жұмыстар жүргізілді.

Сол сияқты қасиетті айды Нұр-Сұлтан қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы мен діндерді зерттеу орталығы «Нұр-Астана» мешіті ұжымымен бірлесіп, аузы берік мұсылмандарға ыстық тамақ таратумен бастаған.

Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов бизнесмендерді, ірі кәсіпорындардың басшылары мен топ-менеджерлерді қайырымдылық акцияларына қатысуға шақырды. Аталған іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.