ТЕЛЬ-АВИВ. АҚШ президенті Джо Байден Ауғанстаннан америкалық сарбаздарды шығару 11 қыркүйекке дейін аяқталатынын мәлімдеді.
Осылайша, елдің ең ұзақ соғысы тәмамдалмақ. Бұл қадам АҚШ-тың Таяу Шығыстан алыстай бастағанын аңғартады. Бұл уақыт еншісіндегі шаруа еді. Енді оның өңірдегі орнын біреу басуы мүмкін бе?
Қытай бұдан үміттенеді. Байденнің мәлімдемесінен бірнеше апта бұрын Қытайдың сыртқы істер министрі Ванг И Тегеранға барып, Иранмен 25 жылдық «Жан-жақты стратегиялық серіктестік» жөнінде келісімге қол қойды. Құжат экономикалық, саяси және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты қамтиды. Бұл қадам АҚШ-ты абыржытады. Оған негіз жетерлік.
Иә, «жан-жақты стратегиялық серіктестік» – Қытай үшін сыртқы саясаттағы құралдың стандарты. Аталған ел өңірдегі бірқатар мемлекетпен, оның ішінде Иракпен және Сауд Арабиясымен осындай құжатқа қол қойған-ды. Кейбіреулер Иранмен жасалған стратегиялық серіктестіктің аясын асыра бағалайтындай. Мәселен, Қытай Иранға 400 миллиард долларлық инвестиция салатыны айтылып жүр. Бірақ екі ел де нақты қаражат көлемін ресми айтқан жоқ.
«Жан-жақты стратегиялық серіктестік» – Қытай мен Иран қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтере қоймаса да, АҚШ-тың бұрыннан келе жатқан қарсыласымен жасасқан Бейжің билігінің алғашқы мәмілесі. Сонымен қатар Қытай Американың Таяу Шығыстағы ең жақын одақтастарымен, соның ішінде Біріккен Араб Әмірліктерімен, Мысырмен, тіпті Израильмен байланысты тереңдетуге кірісті.
Әзірге Қытай бірінші кезекте экономикалық мәселеге басымдық беретіндей көрінеді. Өңірдің энергетикалық ресурстарына қол жеткізуден бөлек, Қытай Израильмен жоғары технологиялық өндірістер жөнінде ынтымақтастық жасау арқылы озық салалардағы беделін арттыра алады. Сондықтан аталған ел кейінгі жылдары Израильге құятын инвестициясын күрт көбейтті. АҚШ-ты алаңдататыны да осы.
Қытай сондай-ақ Израиль «Бір белдеу – бір жол» бастамасында айтылған байланыс мәселесіне араласады деп үміттеніп отыр. Азия мен Еуропаның біраз бөлігіндегі теңіз порттарын бақылауына алғаны секілді, Израильдің Хайфадағы портына да мықтап бекінді. Бұған қоса, Иранның мұнайына тәуелді екенін түсінгендіктен, Ормуз бұғазындағы Бандар-Аббас портына тікелей теңіз жолын ашты.
Әйтсе де АҚШ-ты әзірге алаңдатпайтын бір мәселе бар – Қытай Таяу Шығыстағы қақтығысқа май құйып отырған жоқ. Иә, Иранмен жасалған «Жан-жақты стратегиялық серіктестікте» қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы айтылған. Бірақ бұл әскери одақ емес. Сондай-ақ Қытай ешқашан әскери қақтығыстарда бір тарапқа болыспайды. Мәселен, Қытай Иранның бәсекелесі Сауд Арабиясымен бірге әскери жаттығулар өткізеді.
Қытай мұнай экспортын тоқтатып, аймақтағы инвестициясын жойып жіберуі ықтимал оқиға – аймақтық алауыздықты қаламайды. Сондықтан Бейжің билігі өңірдегі бейбітшілікке жауапты. Бірақ бұл Қытайдың Таяу Шығыстағы қауіпсіздікті сақтауға кепіл екенін білдірмейді. АҚШ-пен жаһандық деңгейде бәсекелесу мақсатында әскери одақтастық жасау Қытайдың құралы емес.
Бейжің билігі сондай-ақ аймақтың бұрыннан келе жатқан қақтығыстарына араласуға мүдделі емес. Таяуда Қытай тарапы Израиль мен Палестина басшылары арасында тікелей келіссөздер өткізу жөнінде ұсыныс жасады. Бірақ бұған тым көп сенім артпау керек. Қытай АҚШ-тың көп шығын жұмсап, қаны мен қазынасын аямауының арқасында ғана өзінің Ауғанстан мен Ирактағы экономикалық ықпалын кеңейте алғанын жақсы түсінеді. Сондықтан мұндай тәуекелге инвестиция құймайды.
Сайып келгенде, Қытайдың экономикалық мүддесі үшін Таяу Шығыста АҚШ орнатып кеткен қауіпсіздік жүйесінің бұзылмағаны қажет. Бұған Бейжің билігінің өңірдегі АҚШ-тың негізгі одақтастарымен серіктестік орнатқаны дәлел. Қытай Иранмен «Жан-жақты стратегиялық серіктестікке» қол қойғанда ғана басқаша қадам жасады. Бірақ мұның астарында экономикалық есеп жатыр. Бейжің АҚШ-тың 2015 жылы Иран ядролық келісімінен шығып, 2018 жылы қайта санкция салғаннан кейін қатты зардап шеккен екіжақты сауданы жандандыруды көздейді.
Шындығында, санкциялар қайта енгізілгеннен кейін ғана «Жан-жақты стратегиялық серіктестік» идеясы дүниеге келді. Байден әкімшілігінің ядролық келісімін қайта жандандырып, қосылуға талпынғаны секілді, Қытай құжатқа қол қою уақытын мұқият таңдады. Осылайша, келіссөздер кезінде Иранның позициясын күшейтіп, санкцияларды тезірек алуға ықпал етпек.
Алайда, Иран үшін Қытаймен серіктестік оңайға соқпауы мүмкін. Бейжің экономикалық жағдайын пайдаланып, жеңілдікпен мұнай жеткізуді сұрап отыр. «Жан-жақты стратегиялық серіктестікті» талқылау барысында кей ирандықтар Қытайдың Шри-Ланкадағы Хамбантота портына бақылау жасауға мүмкіндік алған келісімі секілді зымиян құжаттар әзірлеуі мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді.
Әлбетте, біразға дейін АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери басымдығы қала беретіні сөзсіз. Бірақ әскери күш Қытайдың аймақтағы (және одан тыс жерлердегі) стратегиялық жоспарын тоқтатуға жеткіліксіз. Ол үшін АҚШ-қа өзінің саяси салмағын, экономикалық байланысын және мәдени ықпалын күшейту қажет. Әйтпесе, Байден ақпан айында айтқандай, Қытай «түскі асты жеп кетеді».
Шломо БЕН-АМИ,
Израильдің бұрынғы сыртқы істер министрі, Толедо халықаралық бейбітшілік орталығының вице-президенті