Бүгінгідей қиын кезеңде монополистердің тарифті көтеруіне жол жоқ. Ел Үкіметі осыған ерекше назар аударып отыр. Монополистердің қызметін Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті реттейді. Комитет төрағасының орынбасары Асхат Жапсарбайдың айтуынша, мұндай бизнестің қызметіне мемлекеттің араласуы қалыпты дүние.
– Кез келген мемлекеттің экономикалық саясаты қолайлы инвестициялық ахуал құруды, мемлекет-жекешелік әріптестікті дамытуды, экспортты ынталандыруды көздейді. Мұның түпті мақсаты – экономикалық әлеуетті арттыру. Бұл ретте, біздегі экономика секторларының дамуына және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға әсер ететін фактордың бірі – табиғи монополиялар субъектілерінің тиімді жұмыс істеуі. Нарықтық экономикадағы табиғи монополия тиімді бәсекелестік ортаны қалыптастыруға мүмкіндік бермейді. Сол себепті оның қызметіне мемлекет араласады. Олар қоғамға қажетті дүниені ұсынып отыр. Оны алмастыратын басқа өнім жоқ. Сондықтан мемлекет тарапынан бақылаудың болғаны дұрыс, – дейді А.Жапсарбай.
Негізінде табиғи монополия субъектілері макроэкономикалық маңызды функцияны іске асырады. Мәселен, нарықта олардың өніміне деген сұраныс үнемі артып отырады. Сұраныс артқанымен, өндірістің оған шамасы келе бермейді. Сондықтан табиғи монополия ішкі нарықтың сұранысын реттейді. Бұл өте маңызды.
– Табиғи монополия субъектілері нарықтық қатынастар аясында экономиканы дамытуда маңызды рөл атқарады. Осы тұрғыдан алғанда олардың тарифін реттеу іскерлік белсенділікті ынталандырудың пәрменді құралы саналады. Бұдан бөлек, олардың ірі салық төлеуші екенін де ұмытпаған абзал, – дейді комитет төрағасының орынбасары.
Бұл ретте, тұрғын үй-коммуниалдық инфрақұрылымның дамуы тікелей тарифке байланысты. Өйткені халықтың өмір сүру деңгейінің, тұрғын үй жағдайының аталған салаға тікелей қатысы бар. Бүгінгі таңда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы табиғи монополия субъектілерінің тарапынан дұрыс қаржыландырылмайды. Негізгі желілер әбден тозған. Салдарынан энергия мен судың біраз бөлігі ысырап болып жатыр. Жалпы, табиғи монополия субъектілеріне қатысты мәселелер көп. Кадрлардың жетіспеушілігі, жинақтаушы материалдар құнының өсуі секілді мәселелерді атап өтуге болады.
– Табиғи монополия саласындағы кәсіпорындардың өзіндік ерекшеліктері бар. Оларды кәсіпорындардың қаржылық қызметін басқару кезінде міндетті түрде ескеру керек. Сондықтан басқару моделін реформалаған кезде кешенді реттеу шараларына мән берілуі тиіс. Ол ұсынылатын қызметтердің сапасын, субъектілер қызметінің экономикалық тиімділігін арттыруды ынталандыруға бағытталуы маңызды. Сонымен қатар жабдықтар мен техниканың тозуына, нормативтік құқықтық базаның жетілмегендігіне байланысты проблемаларды шешу де назарға алынуы керек, – дейді А.Жапсарбай.
Қазіргі уақытта Қазақстан экономикасында табиғи монополия саласындағы реттелетін қызметтерді дамыту, оларды көбейту және баға белгілеу мәселелері өзекті болып отыр. Егер жиынтық әлеуметтік өнімді көбейту жайын қарастырсақ, онда оған табиғи монополиялар саласы да қатысуы керек. Материалдық тауарлар сияқты реттелетін қызметтер де тұтынылады. Тиісінше ол көбейтілуі қажет. Мәселен, су мен энергияны алайық. Олар тұрақты түрде көбейтіліп отыруы керек. Әйтпесе, жүйедегі кідірістер қоғамдағы жағдайға теріс әсер етеді.
– Табиғи монополиялар субъектілері өндірістік активтерінің басым бөлігі тозған. Сондықтан реттелетін салаларда өндірістік қуат пен ресурстарды тасымалдау желілерін жаңартуға бағытталатын инвестиция жыл сайын көбеюде. Жағдайды реттеу үшін тарифті көтеру керек. Бұл да өз алдына бөлек проблема. Жоғарыда кадр жетіспеушілігі мәселесін айттым. Бұл Қазақстанның барлық өңірі үшін өзекті болып отыр. Себебі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қазіргі келеңсіз жағдайдың бір ұшы білікті кадрлардың жетіспеушілігінде, сондай-ақ қызметкерлер арасындағы буын сабақтастығының сақталмауында жатыр. Оның үстіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жоғары технологиялық сала болғандықтан, мұндағы мамандар үнемі біліктілікті арттырып отыруы керек. Ал бұл шаруаға мүлдем мән берілмейді де, – дейді ол.
Мәселелерді шешу үшін кешенді шараларды жүзеге асыру керек. Атап айтқанда, субъектілердің инвестициялық бағдарламаларды іске асыруындағы тиімділіктің бірқатар жаңа өлшемшарттары мен көрсеткіштерін енгізу қажет. Мәселен, реттеліп көрсетілетін қызметтердің шикізат, материалдар, отын, энергия шығындарын төмендету керек. Сондай-ақ негізгі құралдардың тозу деңгейін азайту қажет.
– Әлбетте, инфрақұрылымға қаражат салынған соң, табиғи монополия субъектілері міндетті түрде тарифті көтеруге тырысады. Мұны жасырудың қажеті жоқ. Өйткені бәрі де жұмсаған ақшасын кері қайтарып алуға тырысады. Осы орайда, біздің комитет бірнеше жылдан бері халық үшін тарифтердің өсуін тежеу саясатын жүргізіп келе жатыр. Әсіресе, пандемия кезінде адамдар жұмыссыз әрі табыссыз қалған уақытта тарифті өсіру қисынға келмейді. Сондықтан комитет субъектілердің тарифті көтеру туралы өтініштерін кері қайтарады.
Субъектілер тарифті көтеру арқылы жиналған қаражатты мақсатты түрде жұмсауы керек. Яғни тарифтер коммуналдық қызметтер саласының инфрақұрылымын ұстауға және жаңартуға бағытталатын шығындар деңгейіне тікелей байланысты. Өкінішке қарай, субъектілердің барлығы бірдей осы бір саясатты адал орындамайды. Тиісінше, тарифті реттеуші ретінде біздің ведомство тарапынан осындай іс-әрекеттері үшін жазаланады. Бұл жердегі маңызды мәселе – тариф саясатында тұтынушылар мен қызмет көрсетушілер мүддесінің теңгерімін сақтай отырып, халықты оңтайлы жағдаймен қамтамасыз ету, – дейді А.Жапсарбай.
Бұдан бөлек, табиғи монополия субъектілері басшыларының жеке жауапкершілігін арттыру маңызды. Яғни көрсетілетін қызмет пен қызметкерлердің жұмыс сапасы үшін алдымен бірінші басшы жауап беруге тиіс. Сондай-ақ барлық деңгейдегі мамандардың біліктілігіне міндетті талаптар енгізу керек. Субъектілердің басшылығына мамандарды тұрақты түрде оқытуды міндеттеу қажеттігі жиі айтылады.
Бүгінгі таңда табиғи монополия саласында импорттық құрауыштардың жоғары құбылмалылығына қатысты проблема да жоқ емес. Бұған әсер ететін көптеген фактор бар. Мәселені шешудің жолы – отандық өндірушілерді ынталандыру, ел аумағында жаңа кәсіпорындар құру, импортты алмастыру саясатын дамыту. Импортты алмастырудың табысты стратегиясын қалыптастыру үшін екі базалық шарт қажет. Біріншісі – ішкі нарықтың ауқымдылығы, екіншісі – ішкі шикізат пен қаржы ресурстарының молдығы.