• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 23 Сәуір, 2021

Жаңа терминал инвестициялық әлеуетке серпін береді

300 рет
көрсетілді

Әуежай мен теміржолдың заман талабына сай болуы кез келген ірі қалалардың дамуының басты кепілі. Әсіресе, елдегі ірі мегаполистер үшін іркіліссіз көлік логистикасы экономикалық, туристік әлеуетін де арт­тыра түспек. Бұл ретте үшінші орталық атанған Шымкенттің әуе және құр­лықтық қақпаларының сапасы сын көтермейтіні баршаға белгілі.

Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қала әкімдігі ел Үкіметіне Шымкент әуежайын жаң­ғырту бойынша инвестициялық бағ­­дар­­­лама ұсынған. Нәтижесінде, ша­һар­­­да жаңа терминалдың құры­лы­сы бас­талған болатын. Елдегі же­тек­­­ші əуе компания­ларының бірі қол­­­ға ал­ған ауқымды жобаның  ин­вес­­­ти­­­ция­­л­ық құны – 17,5 млрд теңге (Жо­­­ба­­­ның жалпы құны – 18,7 млрд теңге).

Анығында, түстіктегі туризмнің қақпасы атанған әуежайдың ескі  тер­ми­налының жолаушыларды өт­кізу мүм­кіндігі төмендеген. Мәсе­лен, 1932 жыл­дың наурыз айында пай­дала­ну­ға берілген әуежай қызметін тұтыну­шылар саны 2016 жылы 621 мың жолаушыға жетсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 23 пайызға артқан. Демек, жолаушылар айналымы­ның артуынан жыл өткен сайын әуе айлақтың тынысы тарыла түсуде. Енді сағаты­на 2 мың адамды өткізуге қауқарлы жаңа нысанның құрылысы аяқталса, көпшілік кезекте тұрудан құтылып, діттеген жеріне уақтылы жетер еді.

Бүгінде жолаушылар термина­лын­дағы құрылыс жұмыс­тарының бірінші кезеңі толығымен аяқталып, екінші кезеңі қарқын алуда. Қасбет­тік жүйелерді толықтай монтаждау 2021 жылғы 15 маусымға жоспар­лан­ған. Қазіргі таңда бірегей жоба құ­ры­лысының  60 пайызы аяқталды.

Былтыр қала әкімдігі 912 млн тең­геге әуежай ғимараты алдындағы ав­то­тұрақты абаттандырған. Ал жо­­ба­­лық құны 1,7 млрд теңгені құ­­рай­­тын жаңа кірме жолды салу бо­йын­ша жұмыстар осы жылдың бі­рін­ші жартысында  аяқталмақ. Бұ­дан өзге инженерлік желілерді салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзір­леніп, аталған желілерді тартуға осы жылдың соңына дейін  уақыт берілген.

Әуежайда қазір 14 әуе рейсі бар болса, олардың санын 2030 жылға дейін 50-ге өсіру жоспарланған. Жо­ба­ға сәйкес, 3 қабаттан тұратын ғи­ма­рат­­тың алаңы 28 171 шаршы метр бо­лып, 4 телескоптық дәлізбен қам­та­ма­­сыз етіледі. Осылайша, 2,8 гектар ­жер­­де бұрынғыдан 10 есеге артық жолау­шы­ны өткізе алатын жаңа терминал жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

Мемлекет басшысы елдегі кө­лік-логистика саласын дамытуға бай­ла­нысты нақты тапсырмалар беріп, осыған сәйкес көптеген жоба әзір­ленді. Қазақстан логистикасының сапа­сы жақсарып, Дүниежүзілік банк рей­тингінде үздік 40 елдің қатарынан көрінуді мақсат етіп отыр.

Шымкент әуежайын жаңғырту сол межеге жетудегі баспалдақ болып саналмақ.

 

ШЫМКЕНТ