Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров «Bi Global» ЖШС жоба жетекшісі Ипбергенов пара бергені үшін, оған 53 млн теңге сомасында айыппұл салынғанын мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz
«Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының №2 аудандық соты үкімімен қаланың Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Дүйсенов 4 жылға бас бостандығынан айыру, «Аист-Сервис» ЖШС директоры Сатвалдинов 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, ал «Bi Global» ЖШС жоба жетекшісі Ипбергеновке қатысты 53 млн теңге сомасында айппұл салынды», деді Данияр Бекайдаров.
Данияр Бекайдаровтың айтуынша, Сатвалдиновтың қылмысқа итермелеуімен Дүйсенов 2 млн теңге сомасындағы параны Ипбергеновтан алды деген күдікке ілінді.
Аталған жайттан кейін елордадағы Жеңіл атлетика спорт кешені нысанының өрт-техникалық жағдайын қарау барысында анықталған өрт қауіпсіздігі нормаларының бұзылғанын жасыру фактісі тексерілді.