• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 24 Сәуір, 2021

Алтай Көлгінов: Биыл елордада 1 млн-нан астам жасыл желек отырғызылады

269 рет
көрсетілді

Алтай Көлгінов Instagram парақшасында биыл елордада бір млн-нан астам жасыл желек отырғызу жоспарланғанын мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Мақсатымыз - елорданы экологиялық тұрғыда қала тұрғындары үшін жасыл әрі жайлы ету! Биыл 1 млн-нан астам жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер және т. б.) отырғызуды жоспарлап отырмыз. Елорданың жасыл белдеуі де, барлық аудандары да қамтылмақ. Тек саябақ аумағында отырғызып қана қоймай, сонымен қатар аулаларда, елді мекендерде және көгалдандыру жеткіліксіз жерлерде отырғызамыз.

Бүгін «Бірге – таза Қазақстан» экологиялық айлығына Қошқарбаев көшесінде (Қордай мен Төлебаев көшелерінің арасында) ағаштар отырғызылды. Сонымен қатар Ш.Айтматов көшесінде ағаш отырғызуға қатыстық. Шараға жастар, еріктілер, «Болашақ» қауымдастығының мүшелері, қала тұрғындары қатысты. Сондай-ақ қалада күн сайын елорданы санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Көрікті жерлеріміздің аумағында жасыл аралдар пайда болады. «Астана Опера» маңындағы аумақта емен бағы, Триатлон саябағында мамыргүл бағы, «Астана Балет» аумағында да өзіндік жасыл бақ болады. Сондай-ақ педагогтардың, дәрігерлер мен құтқарушылардың құрметіне скверлер ашып, оларды абаттандырамыз.

Осылайша, уақыт өте келе бүкіл қала бойынша жасыл аралдар пайда болады. Жылдан-жылға экологиялық аймақтар саны артпақ. Бірақ жасыл кеңістіктерге тиісті күтім қажет. Өткен жылы ағаштарды кесу кезінде өтемдік отырғызу екі есеге артты. Егер бұрын «беске бір» болса, қазір «онға бір».

Қаланы жаппай көгалдандыру экологияны жақсартуға және қала тұрғындарының уақытын өткізуге арналған орындарды құруға ғана емес, сонымен қатар қаланың климаттық жағдайын жұмсартуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында елді ауқымды көгалдандырудың маңыздылығын атап өтті», деп жазды елорда әкімі.