Елордалық «Керуен» СОО-да егу пункті ашылған күннен бастап КВИ-ға қарсы вакцинаны 120 адам алды, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Елордада 100-ге жуық егу пункті жұмыс істейді. Сондай-ақ, демалыс күндері жұртқа вакцина алу ыңғайлы болуы үшін елорданың «Керуен« сияқты ірі сауда орталықтарында егу пункттерін аштық. Біздің басты міндетіміз – елордалықтарды вакцинациялау үшін барынша жағдай жасау. Сонымен қатар, «Mega Silk Way«, «Абу Даби Плаза«, «Хан Шатыр« СОО-ларында егу пункттері ашылғанын білесіздер. Сол сияқты келесі аптада қосымша егу пункттерін ашамыз. Бұл жұмыстың бәрі міндетті түрде эпидемиологтардың келісімімен ашылады. Мұнда вакцинациялауға рұқсат етілген елордалық емханалардың дәрігерлері жұмыс істейді. «Керуен« СОО-да №9 қалалық емхананың 12 медицина қызметкері екпе жасайды», деді Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.
Оның айтуынша, «Керуен» СОО-дағы егу пунктінің қуаттылығы шамамен 250-300 адамды вакцинациялауға мүмкіндік береді. Пункт ашылған күні 85 адам вакцина алды. Ал екі күнде 120 адам егілді. Айта кетейік, елордада ұжымдық иммунитетті дамыту үшін 600 мыңға жуық адамды вакцинациялау жоспарлануда.
«Біз елорда тұрғыны ма, жоқ па, оған қарамастан ниет білдіргендердің бәріне вакцина жасаймыз. Тек республикада тұрақты тұрмайтын шетелдіктерді ғана вакцинацияламаймыз. Вакцинаның жетіспеушілігі бізде болмайды деп ойлаймын. Себебі жеткізудің нақты кестесі бар», деді Т.Мұратов.
«Керуен» СОО-ның егу пунктіне елордалық мәдениет және өнер қайраткерлері де келді.
«Бүгін коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы дозасын алдым. Өзімді өте жақсы сезінемін. Вакцинация процесі тез өтті, көп күтуге тура келмеді, бәрі жақсы ұйымдастырылған. Отандастарымды ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін вакцинацияға қабылдауға шақырамын», деді «Керуен» СОО директорының әкімшілік-шаруашылық мәселелері жөніндегі орынбасары Алмас Алтынбеков.
Айта кетейік, бүгінде вакцинаның бірінші компонентін 84 мың астаналық қабылдаса, екінші компоненті 12 мыңнан астам адамға салынды. Басқарма басшысының айтуынша, елордаға QazVac вакцинасының 6 мың дозасы жеткізілді.