Сенбі күні мамыражай Алматыны әлекке салып, тапа-тал түсте кісі жаралаған қарулы адам туралы ақпарат әлеуметтік желілерді бірден кезіп кетті.
Өйткені атыс болып жатқанын көздерімен көріп, құлақтарымен естіп отырған «Бұхар Жырау Тауэрс» тұрғын үй кешенінің тұрғындары бұл оқиғаның бейне жазбасымен түсірген суреттерін жарыса жариялап жатты.
Осылайша, Алматыда «Бұхар Жырау Тауэрс» тұрғын үй кешенінің күзетшісіне оқ атқан ер адам өз пәтерінде жасырынып қалғаны туралы жедел ақпарат пайда болды. Куәгерлер ара-тұра атылған оқтың дыбысы естілетінін айтып отырды. Демалыс күні түрлі шаруаларымен сыртқа, серуендеуге шығып кеткен адамдар жарты күн далада жүруге мәжбүр болса, көп ұзамай полиция қызметкерлері қалған тұрғындарды да қауіпсіз жерге көшірді.
Полиция департаментінің мәліметінше, күзетші мен белгісіз ер адамның арасында туындаған жанжал салдарынан күзетшінің аяғы аңшы мылтығымен атып жараланған. Ол қазір ауруханада жатыр.
«Иә, бұл адам мұнда бұрыннан тұрады. Мінезі шатақтау адам. Диванға келсек, мұның бәрі қауесет (әлеуметтік желіде жанжал диванға қатысты туды деген болжам да бар). Кіреберістегі бұл дивандар ұзақ уақыттан бері тұр. Ол өзіме ешқашан дөрекілік көрсеткен емес. Қаруын ешқашан көрмедік, бірақ ол – күрделі адам. 17-қабатта тұрады», деген болатын күндізгі сағат 12-де серуендеуге шығып, үйіне кіре алмай қалған бір әйел көршісі.
Сонымен күннің екінші жартысында Алматыны үрейде ұстаған оқиға қайғылы аяқталды.
«Бүгін түстен кейін бұзақылық ниетпен келіспеушілік кезінде «Бұхар Жырау Тауэрс» ТК күзетшісін мылтықпен атып жарақаттаған күдіктіні ұстау операциясы аяқталды. Күдікті оқиғадан соң сол тұрғын үй кешенінде орналасқан пәтерге тығылды. Азаматтардың қауіпсіздігі үшін полиция қызметкерлері тұрғындарды эвакуациялап, оқиға орнын қоршады. Бұрын хабарланғандай, күдіктімен бірнеше сағат бойы келіссөз жүргізілді. Келіссөз процесін полиция департаментінің, прокуратураның қызметкерлері мен оның таныстары жүргізді. Алайда ол келісімнен бас тартып, есік жаққа оқ атуды жалғастырды. Баспалдақ алаңына қарай 30-ға жуық оқ атты.
Осыдан кейін полиция департаментінің арнайы жасағының күшімен күдіктіні ұстау туралы шешім қабылданды. Жауапкершіліктен қорқып, күдікті өз-өзіне қол жұмсады, қолындағы мылтығымен бірге пәтердің терезесінен секіріп кетті. Операция барысында арнайы күштердің қызметкерлері атыс қаруын қолданған жоқ, өлімге әкелмейтін құралдар, яғни шу мен газ гранаталары қолданылды. Тұрғын үй кешенінің тұрғындары арасында зардап шеккендер жоқ. Тергеу барысында күдікті азаматқа оқ-дәрілерібар қарудың тиесілігі анықталды. Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция департаментінің жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр», деген ресми ақпарат таратты полиция.
Оқиға орнына көп ұзамай жетіп барған БАҚ өкілдеріне брифинг өткізген Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов: «Тұрғын үй кешенінің күдікті өз пәтеріне жасырынған қанатындағы тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді және оқиға орны оқшауланды. 30 мәрте оқ атылғаннан кейін күдіктіні полиция департаментінің арнаулы бөлімше қызметкерлерінің көмегімен ұстау туралы шешім қабылданды. Полиция қызметкерлері жүргізген арнаулы операция барысында өлім-жітімге әкелетін қару қолданылған жоқ. Жауапкершіліктен қорыққан күдікті оқ атқан қаруымен бірге пәтер терезесінен секіріп мерт болды. Қазіргі уақытта полиция департаментінің жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр», деді.
Рүстем Әбдірахмановтың айтуынша, келіссөз процесі 6 сағаттан астам уақытқа созылған. Қазіргі уақытта оның мұндай қадамға не үшінбарғаны анықталып жатыр. Сонымен қатар бұлоқиға сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне «бұзақылық» бабы бойынша тіркеліп отыр.
Ал қалалық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері: «Оқиға барысында тұрғын үй кешенінің бір күзетшісі жарақат алды. Оған медициналық көмек көрсетілді. Қылмыс жасаған күдікті 17-қабаттан секіріп, мерт болды. Оқиға орнында жедел жәрдем қызметінің 4 бригадасы кезекшілік етті. Зардап шеккендер қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының медициналық ұйымына жеткізілді» деп мәлімдеген болатын.
Бастапқыда Қоғамдық денсаулық сақтаубасқармасы арнайы операция кезінде үш адамзардап шеккенін, оның ішінде екеуі арнайы жасақ қызметкері екенін хабарлаған болатын.
«Бәріне медициналық көмек көрсетілді. Зардап шеккендер ҚДБ медициналық мекемелеріне жеткізілді. Олардың жағдайы туралы қосымша хабарланады», делінген болатын басқарма хабарламасында. Алайда іле-шала ведомство өкілдері күзет бөлімінің бір ғана қызметкері зардап шеккенін хабарлады. Сонымен қатар полиция өкілдері арнайы жасақ қызметкері зардап шеккені туралы хабарды жоққа шығарды.
Полиция мәліметі бойынша, күзетшіні атып, кейін 6 сағаттан аса уақыт бойы пәтерінде жасырынып, 17-қабаттан секіріп мерт болған адам Ресей азаматы, жасы 56-да.
Алайда алматылықтар терезесіне плакаттар іліп, түсініксіз қадамдарға барған күдіктіні тірідей қолға түсіре алмаған полиция қызметкерлеріне наразылық білдіріп отыр. Осыдан бес жыл бұрын, 2016 жылы мегаполисті дүр сілкіндірген «алматылық атқыш» Руслан Күлекбаевтан кейінгі қарулы адам, өкінішке қарай, көп құпияны өзімен бірге ала кетті.