• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Сәуір, 2021

Даниал Ахметов: Өңірде жыл басынан бері 25 адам індеттен көз жұмды

178 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері облыста 25 адам COVID-19 індетінен қайтыс болды. Бұл туралы өңір басшысы Даниал Ахметов Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz

«Жыл басынан бері өңірде 25 адам COVID-19 індетінен қайтыс болды. Оның 22-сі Семейдегі инфекциялық ауруханада тіркелген. Соған байланысты комиссия аталған ауруханаға тексеру жүргізді. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, бұл ауруханада кемшіліктер анықталған», деді өңір басшысы.

Өкінішке қарай, Денсаулық сақтау министрлігінің COVID-19-ды емдеуге арналған хаттама тәртібінің толық сақталмауы байқалған. Екіншіден, денсаулық паспорттарындағы деректерді ескере отырып, қосымша сырқаттарына қарай науқастарды емдеу, диагнозына түзету енгізу жүргізілмеген.

«Үшіншіден, гормондық терапияны тағайындауда аурудың басталуы, зертханалық зерттеулер мен ЭКГ нәтижелері ескерілмейді. Төртіншіден, ауруханаға жатқызылған соң бірінші тәулік ішінде науқастар КТ тексеруден өткізілмейді. Емдеу компьютерлік зерттеулер нәтижелері ескерусіз тағайындалады. Бесінші, антибиотиктердің, диуретиктердің бірнеше тобын негізсіз тағайындаулар болған. Демалыс күндері әлеуметтік желідегі жеке парақшама түскен Семей тұрғындарының шағымдарынан қалада КТ аппараттарының да істен шыққаны белгілі болды. Тексеру нәтижесінде бүгінгі таңда алты аппараттың тек 2-еуі ғана жұмыс істеп тұрғаны анықталған. Осы фактіні жасырудан басқа, жағдайдың шиеленісуі кезінде жауапты тұлғалар тарапынан КТ жұмыс істейтін ауруханаларда аппараттың тәулік бойғы жұмысы ұйымдастырылмаған», деді Даниал Ахметов.

Даниал Ахметовтің айтуынша, медициналық сапа және бақылау департаменті тарапынан да ешқандай шара қабылданбаған. Семейде коронавирус жағдайының ушығуына жол берілгеніне байланысты аталмыш салаға жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасарына, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының Семей бойынша орынбасарына, жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігеріне қатаң сөгіс жариялау тапсырылды.

«Семейге облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ілияс Мұхамеджан бастаған жұмыс тобын жібердім. Олар қала «жасыл» аймаққа шыққанға дейін сол жерде жұмыс істейді. Әрбір өлім-жітім жағдайын тағы да егжей-тегжейлі тексеріп, істен шыққан КТ пайдалануға беруде ең шұғыл шараларды қабылдау міндеттелді», деді облыс әкімі.