• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2010

ЫҚПАЛДАСТЫҚТЫҢ ТҮРЛІ ҚЫРЛАРЫ

477 рет
көрсетілді

25 сәуірде Еуропадағы қауіпсіз­дік және ынтымақтастық ұйымы­ның Іс басындағы төрағасы, Қа­зақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Америка Құрама Штат­тарының Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен телефон арқылы сөйлесті, деп бастады ке­ше­гі брифингі СІМ-нің ресми өкілі Асқар Абдрахманов. Әңгіме­ле­сушілер екіжақты қарым-қаты­настың кең ауқымды мәселелерін, соның ішінде аймақтық қауіпсіздік және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының шең­бе­рінде өзара ықпалдастық мәсе­лелерін талқылады. Қанат Саудабаев пен Хиллари Клинтон Қазақстан Республика­сы­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Президенті Барак Обаманың жақында Вашинг­тонда өткен екіжақты кездесуінің нәтижесі екі елдің стратегиялық әріп­тестігіне жаңа серпіліс берге­нін және қол жеткізген келісім­дердің уақтылы және толығымен жүзеге асуының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, та­раптар әлемді ядролық қауіптен сақтауға маңызды үлес қосқан ядролық қауіпсіздік жөніндегі Жаһандық саммиттің халық­аралық қоғамдастықтың үлкен жетістігіне айналғанын ерекше атады. Хиллари Клинтон Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуропа­да­ғы қауіпсіздік және ынтымақ­тас­тық ұйымына төраға мемлекет­тің басшысы ретінде Қырғыз­стан­дағы жағдайды тұрақтандыруға қосқан зор үлесі үшін АҚШ аты­нан алғысын білдіріп, аталмыш Ұйым шеңберінде Астана мен Вашингтон алдағы уақытта да қыр­ғыз елін саяси дағдарыстан шы­ғаруда, қоғамда тұрақтылық орна­ту мен конституциялық дамуын қамтамасыз етуде тығыз байла­ныс­та болуға қызығушылығын танытты. Сондай-ақ, екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшы­ла­ры Алматыда үстіміздегі жыл­дың 16 және 17 шілдесі аралы­ғын­да өтетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің бейресми кеңесі туралы және жоспарланып отырған Ұйым Саммитінің күн тәртібінің маз­мұнын анықтау жөнінде пікір алмасты. 27 және 28 сәуірде, деп жалға­ды сөзін ресми өкіл, НАТО Бас хатшысының Орталық Азия мен Кавказ бойынша Арнайы өкілі Роберт Симмонстың Қазақстанға жұмыс сапары болады. Сапар бағдарламасына сәйкес Роберт Симмонс бірқатар мемлекеттік ор­гандардың басшылығымен кез­десулер өткізіп, Қазақстанның Қорғаныс министрлігі жанындағы Әскери институттың “Бейбітшілік үшін серіктестік” оқу орталығы жұмысымен танысады және Еур­азиялық медиа форумға қаты­сады. 29 сәуір мен 1 мамыр ара­лы­ғында, деді қорытындысында рес­ми өкіл, Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің Шан­хай қаласында өтетін “ЭКСПО-2010” дүниежүзілік көрменің ресми ашылу рәсіміне қатысуымен ұштастырылған Қы­тай Халық Республикасына жұмыс сапары болады. Үкімет басшысы сапар барысында Қытай Халық Республикасының саяси басшы­лы­ғымен және Қазақстанда жұмыс істейтін ірі қытай компания­ларының жетекшілерімен бірқатар кездесулер өткізбек. Келіссөздер барысында екі мемлекет арасын­дағы екіжақты ықпалдастықтың көкейкесті мәселелері және бола­шақ ынтымақтастық мәселелері талқыланады. “Егемен-ақпарат”.