• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Сәуір, 2021

ПИК-тің орнына МИБ: Бұдан өзгерген не бар?

465 рет
көрсетілді

Осы уақытқа дейін мегаполистегі көп пәтерлі тұрғын үйлердің басты мәселесі адамға есеп бермейтін ПИК-тер еді. Пәтер иелері кооперативтері тұрғындардан коммуналдық қызметке төлемдерінің ішінде көпқабатты үйлерді күтіп-жөндеуге қажетті қаражатты көк тиынына дейін қалдырмай сыпыра жинап отырса да, көпшілігі аманаттарын орындамай келді.

Тұрғындардың шағымы бо­йын­ша, осы мәселемен талай рет аудан, қала әкіміне шық­­қан кездеріміз де болды. Алай­да ПИК-тердің қулықпен құ­рыл­­ған өз заңдарына сәйкес, әкім­ші­лік­терге бағынбайтын. Сон­дық­тан олар­дан есеп, тәртіп, тұр­ғын үй­л­ердің тазалығы мен жөн­деу жұ­­мыс­тарын талап ету өте қиын еді. Өйткені ПИК бір мезет­те көп­­­­пә­тер­лі тұрғын үйдің ортақ мү­л­­кін күтіп ұстаудағы қыз­мет­тер­дің тапсырыс берушісі әрі орын­даушысы болып келді.

Жыры жылдарға жалғасқан бұл жағдай да біртіндеп шешімін таба бастаған сыңайлы. Алматыда Меншік иелері бірлестігін (МИБ) басқарудың жаңа жүйесі мен қарапайым серіктестікті (ҚС) 720-дан астам үйдің тұрғындары таңдаған. Қазір өңірлердің ішінде Алматы көп пәтерлі тұрғын үй­лерді ПИК-тен МИБ-ке ауыстыруда көш бастап тұр.

Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Ержан Сейтеновтің айтуын­ша, ПИК-тен МИБ-тің бас­ты ерек­шелігі – тұрғындар өз үй­лерін дербес басқаруға, сон­дай-ақ оны күрделі жөндеуге ақ­ша жинауға мүмкіндік алады. Бұрын ПИК-тер барлық үй­лер­ден ортақ шотқа ақша жи­на­ғанымен, шындығында оның қалай жұмсалатынын бақы­лау қиын еді. Мұнан былай тұр­ғын­дар қаражаттың мақсатты жұм­салуын қадағалай алады. «Енді МИБ тапсырыс беруші бола­ды. Бұл тұрғындардың өздері басқарушылармен және сер­вистік ұйымдармен, коммунал­дық қызметтермен шарттар­ды таңдап, жасасатынын, олар­дың жұмысын тексеріп, орын­далған жұмыстарға өз нысаны бойынша ақы төлейтінін біл­діре­ді», дейді Тұрғын үй саясаты бас­қармасының басшысы.

Бүгінгі таңда Алматыда 359 МИБ тіркелген және басқарудың жаңа нысаны ретінде 367 ҚС таң­далған, қала бойынша барлы­ғы басқарудың 726 жаңа формасы бар. Спикер мегаполис тұрғын­дарын бұл мәселеге бастама­шылық танытуға шақырды, себебі бас­қарудың жаңа жүйесінде ар­тық­шылықтар жетерлік.

«Басқарудың жаңа нысандары «бір үй – бір бірлестік – бір шот» қағидаты бойынша жұмыс істейді және әрбір үйді басқаруда жеке тәсіл қарастырылады, үйді күтіп ұстауды қаржыландырады, ор­тақ мүліктің сақталуын қам­та­масыз етеді, сондай-ақ тұр­ғындарға ақшаның түсуі мен оның жұмсалуын бақылау мүмкін­дігімен өз үйін ғана күтіп-ұстауға қаражат жинақтауға мүмкіндік береді», деді Е.Сейтенов.

Егер ПИК бір мезгілде тапсырыс беруші және қызметтерді орын­даушы ретінде болса, енді тұрғындардың өздері өздері­нің МИБ/ҚС өкілі арқылы басқару­шылар­мен және сервистік ұйым­дар­мен, коммуналдық қызмет­тер­­­мен шарттарды таңдап, ке­лісім­ге келеді, олардың үйінде орын­­дал­ған жұмыс үшін төлейді. «ПИК ал­дында МИБ және ҚС-тің бас­ты ар­тықшылығы тұрғындар жи­налған ақшаны мақсатты пайдалану бойынша Үй кеңесінен ай сайынғы есеп алу арқылы қаржы-шаруашылық қызметін бақылай алады», деп толықтырды спикер. Сонымен қатар, басқарудың жаңа формаларын (МИБ/ҚС) бас­та­машыл топ шақырған жина­лыс кезінде таңдайды, оған пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлар ие­лерінің кемінде 10%-ы кіреді. Оның өткізілуі туралы 10 күн бұ­рын ха­барланып, шешілуі тиіс мә­се­лелер көрсетілуі керек. Егер қандай да бір себептер­мен жин­алыс өткізу мүмкін болмаса, жаз­баша сауалдама ұйымдастырылады.

Тұрғын үй саясаты басқарма­сының басшысы Е.Сейтенов МИБ немесе ҚС-ке көшу алгоритмін егжей-тегжейлі сипаттап, оларға кім кіретінін төмендегідей сипаттады. «МИБ құру үшін жалпы жиналысқа немесе сауалдамаға қатысушылардың жартысынан көбінің келісімі қажет еке­нін есте ұстаған жөн. Ал қара­па­йым серіктестік құру үшін үй тұр­ғын­дарының 100% келісімі қажет. Олардың әрқайсысы сенімхат беріп, бірлескен қызмет туралы шартқа қол қоюы тиіс», деді бас­қарма басшысы.

Е.Сейтенов МИБ төрағасы немесе ҚС-тің сенімді өкілі бір жылға сайланатынын хабарлады. Сонымен қатар, Үй кеңесі сайланады. Жиналыста кемінде 51% болуы керек тұрғындар кем дегенде үш пәтер иесі кіретін үй кеңесінің мүшелерін сайлауы керек. Олар үш жылға сайланады. Әрі қарай, басқарудың екі формасының бірін таң­дай­ды: МИБ немесе ҚС. Немесе Үй кеңесіне басқару формасын таңдауға өкілеттік береді. Тіркеу нәтижелері бойынша заң­ды тұлғаны мемлекеттік тір­кеу туралы анықтама беріледі.  МИБ пен ҚС екінші деңгейдегі банкте ағымдағы және жинақ шоттарын ашуы тиіс. Жалпы алғанда, МИБ, ҚС, басқарушы немесе басқарушы компанияның қызметін үйлестіруді және үйді бас­қару және ортақ мүлікті ұс­тау­да ай сайынғы, жылдық есеп­терді қарауды Үй кеңесі жүзе­ге асырады. МИБ/ҚС қар­жы-ша­руашылық қызметін бақы­лау­ды тексеру комиссиясы немесе тексеруші жүзеге асырады. Тұрғындарға жаңа жүйені түсіну қиынға соғатын сияқты. Ал бірақ іс жүзінде олай емес, деді Е.Сейтенов.

Оның айтуынша, егер тұрғын­дар МИБ төрағасын сайласа, онда ол сервистік ұйымдармен тіке­лей жұмыс істеуге, меншік ие­лері бірлестігінің атынан шарт­тар жасасуға, қызметтерге ақы төлеуге құқылы. Жиналған қара­жатты Үй кеңесі бақылайды, ал бар­лық бақылау мен мониторинг тұрғындарға қалады. Е.Сей­тенов­тың айтуынша, бүгін­де тұрғын үй саясаты басқар­ма­сының қыз­мет­керлері халық­пен кең ауқым­ды түсіндіру жұмыс­тарын жалғас­тыру­да. Өткен жыл­дың өзінде 6 700 көппәтерлі тұрғын үйді қам­ту­мен 2 400-ге жуық жина­лыс өтті. Алайда, әзірге көп пәтерлі тұрғын үйлердің тек 8%-ы бас­қарудың жаңа нысанына көшті.

МИБ-ін тіркеудің баяу қар­қынмен жүруі себептерінің бірі коронавирусқа байланыс­ты шектеулердің әсері болуы мүмкін. Жаппай жиналыстарға тыйым салынды, бұл жағдайда ондай кеңестер тұрғындар өздері­нің ортақ үйін басқару формасын таңдау туралы бірыңғай шешім қабылдауы үшін керек.

Алматыдағы эпидемиялық жағдай тұрақтанғаннан кейін басқарудың жаңа формаларына көшу әкімдік әзірлеген кес­те бойынша жалғасады. Е.Сей­тенов Алматыда 870 ПИК жұ­мыс істейтінін, оның көбі бір­ден бірнеше жүзде­ген үйді бас­қаратынын мәлімдеді. Сон­дық­тан ақша барлығы­на бөлінеді, ал МИБ-тің артықшылығы бір үйге тиесілі бір шот болады.

Айта кетейік, Қазақстанда барлық ПИК 2022 жылдың 1 шіл­­десіне дейін қайта ұйымдас­тырылады. Осы уақыттан кейін барлық ПИК-тер басқарушылар мен сервистік компаниялар қата­рына кетуі тиіс.

 

АЛМАТЫ