• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Технология 27 Сәуір, 2021

Жеке деректі өшіру жолы қандай?

355 рет
көрсетілді

Осы күні интернет кеңістігінде сіз бен біздің жеке деректеріміз өріп жүр. Өзгелерге құпия болуға тиіс бұл деректерді өшірудің жолы бар ма?

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің хабарлауынша, қазақстандықтар интернеттегі өзі туралы дербес ақпараттарды өшіре алады. Ол үшін тұрғындар заңға енгізілуге тиіс өзінің «ұмыту құқығын» пайдалана алады. Соның негізінде өзіне қатысты жарияланған дербес деректерді өшіруге мүмкіндік бар.

Мұны «Дербес деректердің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету сер­висі» арқылы жүзеге асы­руға болады. Ал бұл сервис – «Электронды үкіметке» тие­сілі құрауыштардың бірі. Яғни  деректерді өшіру кезін­де таратылған тізілімдер техноло­гия­­сы (блокчейн) негізге алынады.

Министрліктің хабарлауын­ша, мұндай технология мәлі­меттерді өзгертуге, жоюға ты­йым салады әрі ақпаратты ашық етеді. Сондықтан әркім өзінің жеке деректері арқылы жүзеге асы­рылған әрекеттерді көру мүм­кіндігіне ие. Атап өтерлігі, мұн­дай мүмкіндік мемлекеттік база­лардағы дербес деректерге қатысты ғана берілетін болады.

Сонымен қатар ел азаматтары дербес деректерді жинауға әрі өңдеуге берілген келісімді кері қайтара алады. Қызмет алушы тарапынан келісімді кері қайтару туралы пәрмен түскен жағдайда, дербес деректер операторлары өз дерек­қорларындағы жүгінген адам­ның жеке деректерін жоюға мін­детті. Әйтпесе, оператор су­бъек­­­тінің өтініші негізінде әкім­­ші­­лік жауапкершілікке тартылады.

Сонымен қатар қазақстан­дықтардың «Электрон­ды үкімет» веб-порталындағы жеке кабинеті немесе мобильді қосымша ар­қылы өзінің «ұмыту құқығы» негізінде келісімді кері қайтарып алуға, өз деректерімен жасалған әрекет­терді көруге мүм­кіндігі бар. Қызмет тегін ұсы­нылады.

Қазір Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы үш Халыққа қызмет көрсету орта­лығында сервисті қанатқақты негізде іске қосуға дайындық жүр­­гізіліп жатыр. Қанатқақты жоба мерзімі аяқталғаннан кейін сервис қажет болған жағдайда пысық­талып, мемлекеттік дерек­қорлармен интеграцияланатын болады.

Кейін Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіха­лықов заң жобасы­ толық пысықталғанға дейін енгізіл­мейтінін хабарлады. Әзірге әкім­шілік және қылмыстық құқық бұ­зушылық болмаған жағ­дайда адам өзі туралы ақпаратты ие­сіздендіре ала­тындығымен ға­на шектелу жоспар­лануда. Қанат­қақты режім жыл соңына дейін жалғасады. Ал толық іске қосы­луы 2022 жыл­дың соңы­на – 2023 жылдың басына жоспар­ланған.