Өткен аптада еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Керей Қойшыбектің қайтыс болғаны туралы жайсыз хабар жетті. Қазақ спортының ардагері 74 жасқа қараған шағында жарық дүниемен қош айтысты. Аталған азаматтың осы саланың дамуына, әсіресе самбо күресінің кең-байтақ республикамызда кеңінен құлаш жайып, оның өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі орасан зор екені еш дау туғызбайды.
Көзі тірісінде-ақ «Самбоның академигі» атанған Керей Қойшыбек саналы ғұмырының барлығын спорттың осы түрін өркендетуге арнады. Кезінде өзі де жақсы күресті. Бүкілодақтық және республикалық жарыстарда жеңіс тұғырына көтеріліп, спорт шеберінің күміс белгісін кеудесіне тақты. Боз кілеммен қош айтысқаннан кейін ұстаздық етті. Еңбек жолын қарапайым бапкерліктен бастаған ағамыз 1982-1992 жылдар аралығында Қазақстанның жасөспірімдер мен жастар құрамасының аға жаттықтырушысы болды. Байрақты бәсекелерде балуандарымыз толағай табысқа қол жеткізген соң Қойшыбек ұлттық қомандамыздың тізгінін ұстады. Бұл қызметті ол табаны күректей 18 жыл атқарды.
Самбо – Олимпия ойындарының бағдарламасына енбеген спорт түрі. Сол себепті оған мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржы мардымсыз. Әрине, ондай аз қаражатпен барлық жыртығыңды жамай алмайсың. Соған қарамастан, Керағаң бастаған Қазақстанның балуандары талай дүбірлі додада зор табыстарға қол жеткізді. Тарқатып айтсақ, аталған маман бас бапкерлік қызмет атқарған кезеңде 60-қа жуық самбошымыз әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырына көтерілді. 10 өреніміз жаһандық додалардың бас жүлдесін олжалады. Әлем кубогы мен Азия біріншіліктерінде олжаға кенелген балуандарымыздың қатары тіптен қалың.
Керей аға айтатын: «Төрткүл дүниені мойындатып, әлем чемпионы атағына қол жеткізу дара туған тұлғалардың пешенесіне ғана жазылатын бақ. Ол үшін адам бойында сан алуан қасиеттің болуы шарт. Ақыл-ой, айла-тәсіл, күш-жігер, зерде мен парасат, зеректік пен алғырлық, қайсарлық пен қажыр-қайрат, жанкештілік пен жанқиярлық, төзімділік пен табандылық, темірдей тәртіп пен ерен еңбек, жеңіске деген құштарлық... Осылардың барлығы қажет. Бапкерлік мектептің мықтылығы, ұстанған бағыттың дұрыстығы, ұстаз бен шәкірт арасындағы ішкі үйлесім, өзара түсіністік, ауызбіршілік, сыйластық... бәрі-бәрі керек. Менің қол астымда жаттыққан балуандар арасынан Асхат Шахаровты бөле-жара атар едім. Әлем чемпионы атану үшін спортшыға қандай қасиет қажет болса, соның барлығы осы жігіттің бойынан табылды. Соның арқасында адуынды Асхат бір емес, үш рет әлем чемпионы атанып, Алаштың мақтан тұтар ұлына айналды. Көп кешікпей Ерболат Байбатыров өзіндік мәнері, өзіне ғана тән өнерімен көптің ішінен суырылып шықты. Ерболат төрт рет төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылды. Әр жылдары әлем чемпионы атағына қол жеткізген Бауыржан Садыханов, Қоныс Жетпісов, Дәурен Жайнақов және Азамат Мұқанов сынды жалынды жігіттерді қалай мақтасақ та жарасады. Өздерінің еңбекқорлығы мен жанкештілігі, табандылығы мен төзімділігінің арқасында олар да көз арбаған биіктерді бағындырды».
Кезінде, Керей Қойшыбектің дәуірі жүріп тұрған тұста спорт саласының тізгінін ұстаған азаматтар тарапынан дзюдо күресінен ұлттық командамыздың бас бапкері болу немесе республикалық деңгейдегі спорт мектептерінің бірін басқару жөнінде талай ұсыныс түсті. Алайда асыл ағамыз өзінің ұстанған өмірлік қағидаларына берік болып, жоғарыдағы әңгімелердің біреуіне құлақ аспады. Өйткені ол самбоны шексіз сүйетін. Күрестің осы түрінің көсегесін көгертсем деп, таңның атысынан күннің батысына дейін спорт залынан шықпады. Көп оқыды, ізденді. Одан қалса, үздіксіз өтіп тұратын оқу-жаттығу жиындары мен сансыз жарыстар тағы бар. Шәкірттерімнің шеберлігін шыңдаймын, оларды биікке жетелеймін, қазақ самбосын биік белестерге көтеремін деп, жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Бір сөзбен айтсақ, Кераға самбоның отымен кіріп, күлімен шықты. Ол өз шәкірттерін патриоттық рухта тәрбиелеп, олардың рухани жағынан да жетілуіне аса зор мән берді. Бас бапкер ұлттық құрама сапындағы балуандарды Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы драма театрына жетелеп апара жатқанын дүйім жүрт сан мәрте көрді. Осы орайда «Egemen Qazaqstan» газетіне берген бір сұхбатында оның: «Театр – киелі жер. Ол жерге адам рухани ләззат алу үшін барады. Мен шәкірттеріме соны түсіндіргім келді. Жаттығудан қолымыз қалт етсе, оларды театрға жетелеймін. «Кітап, газет-журнал оқыңдар» деп балуандарға үнемі айтып отырамын. Өйткені спортты қойған соң да өмір жалғасады. Сол кезде олар тура жолдан адасып қалмаса екен деп тілеймін», деп айтқаны әлі есімізде.
К.Қойшыбек тәртіп мәселесіне келгенде өте қатал болды. Спорттық режімді өзі ешуақытта бұзбайтын және өзгелерге де бұзғызбайтын. Ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүргендердің дені – күш-қуаттары бойларына сыймай тұрған кілең жастар. Әрине, 20-25 жастағы жалындаған жігіттер той-думанның ортасында болуды, би кештеріне баруды, қыз-қырқынмен серуендегенді қалайтыны анық. Оқу-жаттығу жиынында немесе жауапты сайыстар қарсаңында балуандар қызық қуып кетсе немесе сәл босаңсыса, Керағаның олармен әңгімесі қысқа болатын. Самбошы не жарыстан шеттетіледі, не командадан қуылады.
Керей аға айтатын: «Әрине, тойдың көп болғаны жақсы ғой. Бірақ әр нәрсе өз орны, ретімен болуы керек. Бастапқы кезде шәкірттерім «Ағамның тойы еді, апамның туған күні еді, құда-жегжаттың мерейтойы еді» деп менен жиі сұранатын. Бірақ мен спорттық режімді бұзуға түбегейлі қарсымын. Өйткені темірдей тәртіп бар жерде ғана нәтиже болады. Бүгін той, ертең қонақ шақырумен жүрген спортшы да, бапкер де еш өспейді. Осы қарапайым ғана қағиданы айналамдағы адамдарға ұғындыруға тырыстым. «Бүкіл жан-дүниеңмен спортқа беріл. Қызық қуа бермей, таңдаған кәсібіңе адал бол. Сонда ғана нәтиже шығады. Егер де оны қаламасаң, спорттан қол үз де, той тойлап жүре бер» деп сан мәрте шәкірттеріме зекіп те тастағанмын. Бір білетінім, боз кілем босаңдықты көтермейді. Режім бұзылса, береке кетеді. Береке кетсе, табыс болмайды. Балуандарға да, басқаларға да үлгі болсын деп, өзім де талай тойдан саналы түрде бас тарттым. Туысқандарым мен жора-жолдастарыма да «жаттығу жиыны өтіп жатқан кезде мазаламаңдар» деп талай мәрте ескерттім. Осылайша, біраз ағайынның өкпесіне қалдым».
2010 жылы Керей Қойшыбек Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметінен кетті. Десек те ол өзінің сүйікті ісінен еш алыстаған жоқ. Өмірінің соңғы күндеріне дейін абыз ақсақал самбошылар мен дзюдошылардың оқу-жаттығу жиындарынан қалған емес. Жас мамандар мен білекті балуандарға бар білгенін үйретіп, ақыл-кеңесін беруден бір жалыққан жоқ. Жекелеген балуандарды даярлап, оларды дүбірлі додаларға қосты. Өзі де түрлі жарыстарға қатысып, солардың барлығынан да қанжығасы майланып қайтты. Нақтылап айтсақ, жасы 70-ке келгенше Кераға самбо мен дзюдо күресі бойынша ардагерлер арасында өткен әлем чемпионатында бір емес, бірнеше рет бас жүлдені олжалады. Оның сыртында күміс және қола жүлделері тағы бар.
Міне, осындай майталман маман, білікті бапкер, асыл азамат фәниден бақиға аттанды. Бүкіл саналы ғұмырын ел спортын өркендетуге арнаған Керей Қойшыбектің ерен еңбегін ел-жұрт ешуақытта ұмытпайды. Ол кісінің жарқын бейнесі спортшылар қауымы мен мыңдаған шәкірттерінің жадында әрдайым сақталатыны анық.
АЛМАТЫ