• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 27 Сәуір, 2021

Кітап – ең жақсы сыйлық

1196 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік авторлық құқық және кітап күніне орай Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің дәстүрлі «Кітап әлемді бағындырады» акциясы биыл да жалғасын тапты. Білім ордасының 647 оқушысы мен 100-ге тарта мектеп педагогі карантин талаптарын сақтай отырып, құпия достарына кітап сыйлады.

Жыл сайын 23 сәуірде өткізілетін акция қашықтан оқуға өтуіне байланысты сәуірдің 15-16-сы күн­дері өтті. Адамдарды жаппай жинамау мақ­сатында кезең-кезеңге бөлініп, ара­қа­шықтық пен санитарлық талаптар сақтала отырып ұйымдастырылды. Акцияға қатысушылар өздеріне жеребе арқылы түскен құпия досының қалаулы жанры бойынша кітап сатып алып, оған ізгі тілектер жаудырды.

– Сыныптастарының талғамын жақынырақ таныту және сақтық шараларын сақтау мақсатында биыл қатысушы оқушылар өз сыныптас­тарына кітап сыйлады. Ал ұстаздар әріп­тес­терінен құпия досты іздеді, – дейді ак­цияны ұйымдастырушы, мектеп аға кітапханашысы Жанар Бахитова.

Кітап оқуды насихаттау шарасына төртінші рет қатысып тұрған 11-сынып оқушысы Жансұлтан Бүркітбай акцияны асыға күткенін айтады.

– Бұл шараға акция басталғалы бері қатысып келемін. Өте қызықты шара. Әр жылы кімге түстім екен, қандай кітап сыйлар екен деп жүресің. Осы жолы маған Абайдың «45 қарасөзін» қойын кітапша түрінде сыйлады. Ал мен Юлия Лимнің «Список» кітабын сыйладым. Сақтық шараларын сақтауға тура келді, сол үшін де мектеп ауласында жинала алмадық. Шыны керек, сол бір атмосфера өзіме де қатты ұнайтын. Акциядан кейін де кітап сыйлау  менің сүйікті әдетіме айналды, – дейді өзін-өзі басқару ұйымының президенті.

«Кітап әлемді бағындырады» акциясы – Назарбаев зияткерлік мектебінде 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жалпы есеп бойынша акцияға 2017 жылдан бері 3 мыңға жуық адам қатысты.

 

Маңғыстау облысы