Бүгін Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қызмет барысымен Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде болды, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министр архив ұжымына еліміздің тарихи, құжаттық мұрасын сақтаудағы, қазақстандық архив ісіне сіңірген үлкен еңбектері үшін алғысын білдірді.
«Бүгінгі таңда архив саласына үкімет тарапынан, министрлік тарапынан үлкен көңіл бөлініп отыр. Жақында өздеріңіз білетіндей Үкімет қаулысымен архив саласына басшылық жасау жөніндегі уәкілетті орган ретінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті құрылды. Бұл да Мемлекет басшымыздың архив саласына деген назарының дәлелі деуге болады. Қазіргі таңда архив қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесі бойынша жұмыс істеп жатырмыз және өз шешімін табады деп сенемін», деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар республика бойынша архив қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету де өзекті мәселе екені және бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанына ерекше тоқталып өтті.
Ұлттық архив ұжымына алдағы қызметіне сәттілік тілей отыра, жаңа басшысы Сағила Нұрланованың мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі мол білікті басқарушы екенін атап өтті.
Өз кезегінде Сағила Есімсейітқызы Қазақстанның архив қызметкерлерінің мұң мұқтажын билікке жеткізіп, оның шешімін табуға үлкен үлесін қосып жатқан Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне және жеке Ақтоты Рахметоллақызына 22 желтоқсан Архивистер күні болып белгіленгені және Үкімет қаулысымен «Архив саласының үздігі» деген төсбелгі тағайындалуына сала мамандары атынан алғысын білдірді.