Биыл кемеңгер композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 115 жылдығына орай «Астана Операда» «Абай» операсы сахналанбақ. Симфониялық оркестрдің дирижерлік тұғырына тұрған алғашқы қазақ дирижері Ахмет Жұбановтың туған күні қарсаңында «Астана Опера» театрының бас дирижері Алан Бөрібаев атасы туралы әңгімелеп берген еді.
– Ахмет Жұбанов туралы туысқандарымның әңгімесінен және оның музыкасы мен әдеби мұрасын тікелей зерделеуімнен білемін. Оның бейнесі балалық шағымнан бері көз алдымда. Ахмет Қуанұлының үлкен немересі – менің анам Шолпан Жұбанова ол жайында маған көп әңгімелейтін. Атам, академик, профессор Болат Жұбанов арғы бабам туралы көп естеліктер қалдырды, сонымен қатар композитордың кіші қызы, академик Ажар Жұбанова ол жайында әр кез айтып жүр. Ахмет Жұбанов – ғаламат дарын иесі. Оның жан-жақтылығы соншалық, мен оны қайта жаңғыру дәуірінің ұлы тұлғасы Леонардо да Винчимен салыстырар едім. Жұбанов бұл тұрғыдан да әмбебап жан еді. Сөзсіз, ол – үлкен композитор, бірақ бұл оның дарынының бір қыры ғана. Оны Қазақстанның музыкалық мәдениетінің ұйымдастырушысы деп нық сеніммен атауға болады, – деді аталған операның дирижері әрі музыкалық редакторы, Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев.
Құрманғазы атындағы оркестрдің негізін салушы, жетекшісі әрі дирижері, консерваторияның бірінші ресми ректоры, алғашқы музыкалық колледждің іргетасын қалаушы, Ғылым академиясы құрылтайшыларының бірі болған Ахмет Жұбанов музыкатану саласына қосқан үлесі зор әрі қазақ музыкасы туралы зерттеу еңбектерінің авторы. Алан Бөрібаевтың айтуынша, бүгінгі таңда композитордың сирек айтылатын тағы бір тұсы – қазақ тіліндегі аудармалары. Мәселен, ол Паганини туралы кітапты аударған, алайда баспа үйі оны жоғалтып алған.
– Паганинидің отаны – Генуядағы (Италия) гастролі кезінде «Абай» операсына дирижерлік еткен кезде Жұбанов пен Паганинидің осынау көзге көрінбес байланысы туралы ойландым. «Абай» операсының музыкасы шынайы әрі тебірентер күшке жететіні соншалық, түрлі ұлт тыңдаушыларын бейжай қалдырмайды. Бірде Парижде операдан кейін маған көз жасына ерік берген бір тыңдаушы әйел келіп: «Бұл музыка мен туралы» деді. Мен үшін «Абай» операсына дирижерлік ету – әр кез іші-бауырымды елжіретіп, толқытатын сезім. Бұл – ғаламат туынды, ешқандай артық нота жоқ, ол әлемдік классикалық операның озық үлгісі болып табылады, – деп қорытындылады Алан Бөрібаев.
Абай партиясын әр күндері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев, Азамат Жылтыркөзов (дебют) ұсынатынын атап өткен жөн. Ажардың бейнесін «Құрмет» орденінің иегері Айзада Қапонова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова сомдайды. Абайдың шәкірті Айдардың рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мейір Байнеш пен Жан Тапин орындамақ. Әзімнің партиясын Бейімбет Таңарықов әзірлеуде. Жиреншенің партиясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев дебют жасайды, екінші күні бұл бейнені Талғат Ғалеев ұсынады. Қарлығаш – Татьяна Вицинская, Малика Минизини. Көкбай – Ержан Саипов. Сырттан – Болат Есімханов, Шыңғыс Расылхан (дебют). Нарымбет – Рамзат Балакишиев, Мес – Хайдар Мұстапин. Карантин кезінде театрға келу Ashyq қосымшасы арқылы жүзеге асырылады.