• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 28 Сәуір, 2021

Сарсаңға салған көлік салығы

1114 рет
көрсетілді

«Ережені бұзған адам айып­пұл төлейді, ал ере­жеге бағынған адам салық төлейді» деген Лоуренс Питердің сөзі бар. Сол айт­қандай, заңға бағы­на­тын әр азамат салықты уа­қ­тылы төлеуге міндетті. Қазақстанда 12 түрлі салық пен міндетті төлем бар десек, соның ішінде көлік салығы – жыл сайын дау болатын төлемдердің бірі. Азаматтардың көбі баяғыда сатылып кеткен көлігінің салығы өз атына келетініне наразы. Тіпті өмірі көлік айдамағандардың атына да салық байланғаны жиі айтылады.

Салыққа салғырт қарайтындар көп

Бұрын көлігі бар көпшілік «темір тұлпарының» салығын әр жыл­дың аяғына қарай төлей­­тін. Былтыр 10 желтоқсанда Са­л­ық кодексіне енгізілген өзгеріс­­­тер­ге байланысты көлік салы­ғын төлеу мерзімі келесі жылға ауыс­ты. «Көлік салығын ке­йін­ге ше­геру ең алдымен өзін өзі бас­­­қару органдарының бюджет қа­ра­жатын толық игеруі үшін жа­салды. Салық жыл со­ңында түс­кен кезде жергілікті әкім­дік­тер бюджет қаражатын игеріп үлгермейтін. Енді 2021 жылдан бастап салық төлеу мерзімінің ұзар­тылуына байланысты жергі­лікті өзін өзі басқару органдары­на бюджетті уақтылы игеру мүм­кіндігі туды. Сондай-ақ көлік са­лығын төлеудің шекті мерзімі әр жылдың 31 желтоқсаны емес, келесі жылдың 1 сәуіріне де­йін шегерілуі халықтың әлеу­мет­тік жағдайына да тиімді бол­ғаны анық. Бұл заң енді өзгер­мей­ді, ұдайы солай болады», дей­ді Қар­жы министрлігі Мем­ле­кет­тік кірістер комитеті бас­қ­ар­ма бас­шысының орынбасары Айнұр Сартаева.

Заңдағы өзгеріске сәйкес 2020 жылдың көлік салығын тө­леу мерзімі – 2021 жылдың 1 сәуі­­рі. Ал 2 сәуірден бастап әр­бір ке­шік­тірілген күн үшін өсім­­­пұл есеп­теледі. Комитеттің мә­лі­­меті бойынша жыл ба­­сы­­нан 13 сәуірге де­йін көлік салығынан бюджет­ке 25,5 млрд теңге түссе, биыл­ғы 31 наурыздағы жағдай бо­йын­­ша жеке тұлғалардың мем­ле­кет­ке бе­ре­шегі 13,9 млрд тең­гені құ­ра­ған. Ал жер мен мүлік са­лық­тары бойын­ша аза­мат­тардың жалпы қарызы 2 млрд теңгеден асады. Көрсеткіштерден көрі­ніп тұрғандай, көпшіліктің кө­лік салығына қарызы көп. Тіпті қа­рызға он мыңдап емес, мил­лиондап батқандар бар. Мысалы, Алматы қаласының тұрғыны Г. есімді азаматтың көлік салығы бойынша берешегі 7 973 275 теңге болған. Ол 2008 жылдан бері салығын төлемеген. Сон­дай-ақ Алматы қаласы Медеу ауданының тұрғыны 2011 жылдан бүгінге дейін міндетті төле­мін төлемегеніне байланысты қа­ры­зы 7 283 437 теңгеге жеткен. Осы өңірдің Б. деген тағы бір тұр­ғынының берешегі 5 263 616 тең­гені құраған. Міне, осындай мы­сал­дарды көптеп келтіруге болады.

Жалпы, көпшілік көлік са­лы­ғы­на салғырт қарайды. Оның с­ебеп­тері көп. Бұл ең бірінші салық көлеміне байланыс­ты бол­са керек. Өйткені көлік салы­ғы ай­лық есептік көрсеткіш негі­зін­­де есептелетіндіктен, жыл са­йын өсіп отырады. Оның үс­тіне жеңіл көлік 2013 жыл­дың 31 жел­т­оқсанынан кейін құрасты­рылса немесе осы уақыттан кейін Қазақстан аумағында тіркелген болса, онда салық көлемі тіптен ұлғаяды. Мысалы, 3000-3200 текше сантиметр – 35 АЕК, 3200-3500 текше сантиметр – 46 АЕК, 3500-4000 текше сантиметр – 66 АЕК, 4000-5000 текше сантиметр – 130 АЕК және 5000 текше сантиметрден жоғары – 200 АЕК. Биыл бір айлық есептік көрсеткіш көлемі 2917 теңге болды. Ескере кететін жайт, халық 2021 жылы былтырғы көлік салығын төледі. Сондықтан салық 2020 жылдың айлық есептік көрсеткішімен (2651 теңге) есептелген.

«Жеңіл көлік салығының мөл­­­шері қозғалтқыштың көле­міне қарай есептелсе, жүк көлік­тері – жүк көтеру салмағына қа­рай, ав­тобус салығы отыратын орын са­ны­на байланысты болады», дейді мамандар.

Өз көлігінің салығын білгі­сі келген азаматтар Е-Salyq-Azamat мо­бильді қосымшасын теле­фон­ға жүктеп, ондағы «Каль­куля­­­тор» айдарын пайдалануға бола­ды. Сондай-ақ Мемлекеттік кіріс­­­тер комитетінің kgd.gov.kz сай­ты­нан немесе «1414» бір­ың­ғай бай­ланыс орталығына қо­ңы­рау шалу арқылы да анық­тауға болады.

 

Сергелдеңге түскен халық

Салық жүйесінде қарапайым халық түсінбей жүрген мәселе көп. Өткенде көлік салығына бай­ланысты Facebook әлеуметтік желісінде жазба қалдырғанымыз бар. Сонда жазылған пікірлерден жұрт­шылықтың салық жүйесіне деген өкпесі қара қазандай еке­нін аңдадық. Тұрсынбек деген аза­мат: «Машина көрмегелі бес жыл болса да, көлік салығы ке­ліп тұрады, төлемейін десең, бү­кіл шотыңды жауып тастайды», деп қынжылса, Қарақат Сау­рық­тегі: «Маған 1 млн теңге кө­ле­мінде көлік салығы келген. Құжаттарымды қолыма алып, салық органдарына арыз жазып кеткенмін. «Қателік компьютерден кеткен ғой» деп бір жігіт саспай айтып отыр», дейді.

Ал Зарина Мосқау есімді әріп­тес­іміз өмірінде көлік айдама­ған әкесіне джиптің салығы келгенін ашына жазды. «Әкем – өмірі көлік тізгіндемеген кісі. Машина ай­дау­ға көзі де жарамайды. Бі­рақ былтыр джип көлігіне деп са­­лық келіп тұр. Содан тексеріп, әл­­­гі көліктің қожайынын тауып ал­­дық. Машинасын ұялмай-қы­зар­­­май әкемнің атына тіркеп қойыпты. Мұныңыз не десек, күмілжігеннен басқа еш­теңе айт­пады. Қайта әкем адам­гер­ші­лікке салып, әрі қарай дау­лас­пай қоя салды», дейді Зари­на. Сонда джип иесі өзі танымай­тын бөтен азаматтың атына машинасын қалай тіркеген, құжаттарын қайдан алған? Әлде «Бармақ басты, көз қыстының» кері ме? Сонда жеке мәліметтерді сақ­тау­дың қауіпсіздігі деген қай­да қалды?

Құзырлы органдар­дың мәлі­меттер базасынан кет­кен осын­дай кемшіліктер жұртшы­лық­тың оларға деген сеніміне селкеу түсіріп-ақ тұр. Әлеуметтік желілердегі пікірлерді сараласақ, көпшілік баяғыда сатылып кеткен көліктеріне қайта-қайта са­лық келе беретініне наразы. Тіпті Анар Жексембай деген желі қолданушы әкесінің 1997 жылы сатылып кеткен көлігіне былтыр салық келгенін айтады. Қайта халық көнбіс. Көнбіс болмасына да шара жоқ. Егер салық уақ­тылы төленбесе, азаматтың барлық есепшоты бұғатталады, депозитіне шектеу қойылады, банктің бәрі оған шот пен карта ашудан бас тартады. Оның үстіне сот орындаушысының қыз­метіне төлейтін қосымша ақы тағы бар. Сон­дықтан амал жоқ, салық жөн­сіз келіп тұрса да, мойынсұ­нып, төлеуге мәжбүр.

Сонымен, көлік бірнеше жыл бұ­рын сатылып кетсе, бірақ са­лы­ғы бұрынғы қожайынының атына келе берсе, не істеу керек? Бұл сауалды Қаржы ми­нистр­­лігі Мемлекеттік кірістер коми­тетінің Өндірістік емес төлем­дерді әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Ол­жас Отарға қойдық. Оның ай­туын­ша, бұрын көліктің бәрі се­нім­хатпен сатылып келген. Ал сенімхат арқылы сатылған кө­лік бұрынғы иесінің атында қала береді. «Мемлекеттік кі­ріс­­тер комитеті уәкілетті ор­ган­­ның мәліметтері негізінде са­лық есептейді. Егер ол мекеме аты­ңызда көлік тіркелген деген ақ­парат берсе, салық заңнамасы бо­йын­ша салық есептейміз. Сол үшін Әкімшілік полиция ко­ми­тетінен көлік тіркелген-тіркел­мегені жөнінде анықтама алған жөн. Сол анықтаманы өзіңіз тұратын аумақтық мемлекеттік кірістер (салық) органдарына апарып көрсету керек. Егер аты­ңызда көлік шынымен де тір­кел­­меген болса, салық қызмет­кер­лері төлемді алып тастайды. Болмаса, E-Salyq Azamat мо­биль­ді қосымшасын жүктеп алып, «Салық әмияны» айдарында орналасқан салық салу нысандары бөлімін таңдау керек. Онда «түзету» деген бар. Осы түзетуге қажетті мәліметті енгізген жөн», дейді О.Отар. Маман жүрмей­тін, жарамсыз көлікті де мен­шік мүлкі ретінде есептен шыға­рып тастау керектігін, егер есептен шы­ғарылмаса, оған да салық есеп­телетінін еске салды.

Сонымен қатар ұрланған кө­лік­ке де салық есептелуі мүмкін. Сондықтан көлік қолды болған жағдайда салық органдарына қылмыстық іс қозғау фактісін рас­­тайтын ақпаратты ұсыну керек. «Көлік құралын ұрлау ту­ра­лы қылмыстық іс қозғалған күн­нен бастап салықты есептеу тоқ­татылады және қылмыстық іс тоқ­татылған немесе көлік кері қай­тарылған күннен бастап са­лық қайта есептеледі», делінген ве­домствоның мәліметінде.

Жақында көлік салығына бай­­ланысты өткен брифингте Мем­­лекеттік кірістер комитеті мен Ішкі істер министрлігіне қа­рас­ты Әкімшілік полиция ко­­­ми­тетінің арасында ведом­ст­во­­аралық ақпараттық жү­йе­­лер­ді біріздендіру жүріп жатқаны айтылды. Яғни екі ме­кеменің кө­лікке қатысты ақ­па­раттық жү­­йесі бірігіп, «Ин­тегра­циялан­ған деректер базасын» құра­мақ. Егер бұл жүйелер бір ізге түс­се, бола­шақ­та көлік салығы­на байланыс­ты келеңсіздіктер болмай­ды деп сендірді ведомство өкілдері.

 

Көлікпен көп жүрген көп төлеуі керек

Негізі әлемнің көптеген дамыған елінде көлік салығы деген жоқ. Мысалы, АҚШ-та көлік салығы бензин құнына қосылған. Мұндағы жүйе «көлікпен кім көп жүреді, сол көп төлейді» дегенге саяды. Даниялықтар да мұндай төлем түрінен босатылған. Ал Франция көлік салығын 2001 жылдан бастап алып тастады. Израиль болса, көлік салығы көлемін қоршаған ортаға зиян­ды қалдықтарды бөлу деңгейі­мен өлшейді, яғни көлік неғұр­лым ескі болса, соғұрлым салығы жоғары болады. Израильдің көліктері 2009 жылдан бері 15 эко­логиялық топқа жіктелген. Мұнда электромобильдерге же­ңіл­дік жасалған.

Әлемдік сарапшылардың көбі көлік салығына келгенде Америкадағы алым жүйесі бәрінен әділетті деп санайды. АҚШ-та көлік сатып алған адам бірден біржолғы салық төлейді. Оның көлемі көлік бағасының 1-7%-ын құрайды. Содан кейін көліктен жыл сайын салық алынбайды. Алайда көлігі бар адамға бензин қымбатырақ сатылады. Көп жүрген көлік жанармайды да көп тұтынады деген сөз. Демек көп жүрген са­йын көбірек шығындаласың. Амери­калықтардың көлік жүр­гізу­ші­лерінен алатын бар алымы осы. Есесіне, көлік қо­жайындарының салыққа бола жүйкесі тозбайды, жүйеден ши шықты деп біз сияқты сергелдеңге түспейді, бәрін жанар-жағармай стансалары өздері реттейді.

Осыған ұқсас тәсілді Қазақ­станға да енгізейік деп былтыр бірқатар экономист мәселе көтерд­і. Үкіметтік деңгейде өт­­кен жиын­­дардың бірінде Wesing Eac компаниясының бас­­шысы Ұлан Қамшыбаев көлік салығын жою керектігін айтып, Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы­на ұсыныспен шыққаны есі­міз­де. Оның пікірінше, көлік салығының көлеңкелі тұсы көп. Мысалы, бұл төлем түрін жеке тұлғалар ғана төлейді, ал мем­ле­кеттік мекеме, бюджеттік ұйым­­дарға қарасты көлік салығын еш­­кім төлеп жатқан жоқ. Оның үс­ті­не соғыс ардагерлері және оған теңестірілген адамдар, тыл еңбеккерлері, Кеңес Одағының Батырлары мен Социалистiк Еңбек Ерлерi, «Халық қаhар­маны», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болғандар, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденiмен және «Отан» орденiмен наград­талғандар, «Батыр ана» атағына ие болған немесе «Алтын алқа» не «Күмiс алқамен» мара­пат­талғандар салықтан босатыла­ды. Бұл – дұрыс, әрине. Бірақ кей­бір азаматтар қымбат көліктерін атасының немесе анасының атына тіркеп қойып, өздері салық­тан жалтарып жүр. Сондық­тан экономистер қолданыстағы кө­лік салығын мүлде алып тас­­тап, Америкадағы секілді өзге­ше тәсілді енгізу әлдеқайда тиімді деп санайды.