• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 28 Сәуір, 2021

Көмірсутегі шикізатына қашанғы кіріптар боламыз?

385 рет
көрсетілді

Республикалық бюджеттің донорлары Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары және Атырау мен Маңғыстау облыстары екені белгілі. Енді басқа өңірлер де Үкіметтің қаржылай қолдауына қарап отыра бермей, өз күндерін өздері жасауға қам жасағаны дұрыс.

Айталық, Атырау облысы ортақ бюджетке трансфер ретінде 207,3 млрд теңге көле­мінде қомақты қаражат қосып­ты. Жөн-ақ. Әйтсе де алдағы уақытта Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын қоса алғанда, еліміздің батыс өңірлері бірыңғай көмір­сутегі шикізатын өндіру ісі­нің жетегінде кете бермеуді қазір­ден ойластырғаны жөн. Яғни аталған өңірлер бірың­ғай шикізатқа тәуелді болып қалмауы үшін шағын және орта бизнесті де қатар өркен­дету керек. Бүгінде Батыс Қазақ­стан облысында басты салық төлеуші – көмірсутегі шикі­затын өндірумен айналысатын KPO b.v компаниясы. Былтыр мұнда техникалық себептерге байланысты өнім өндіру ісінде кідірістер болған кезде салық түсімдері де күрт төмендеп кеткен еді. Шикізатқа тәуелді болудың бір мысалы осы.

Бюджеттің кіріс көздерін толықтырудың бір жолы – индустриялық даму және өңір экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін көтеру. Бір есептен өңірде бұл мәселеге қатысты көп сын жоқ. Индустриялық дамудың бес жылдық бағдарламасы аясында өңірде 350 млрд теңгеден астам инвестиция игерілген, бірнеше мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Барлығы 70-ке жуық жобаның тұсауы кесілген.

Әйтсе де сол жаңадан құ­рыл­ған құрылымдар қандай пайда әкеліп жатыр, салықтық базаны ұлғайтудағы үлесі, еңбек­керлерінің жалақысы қандай мөлшерде деген мәселе­лер төңірегінде көп айтыла бермейді. Пафостық деңгейдегі деректер көңілге қона бер­мейтіні де сондықтан. Егер шын мәнінде өңірде жаңа жұмыс орындары мыңдап ашылған болса, мұндағы экономикалық белсенді тұрғындардың біраз бөлігі Атырау, Ақтөбе және Маңғыстауға жұмыс іздеп кетпес еді?!

Сондай-ақ Ақжайық ай­мағындағы шағын және орта бизнес жөнінде де жақсы көр­сеткіштер айтылып жүр. Бұл саланың өңір эконо­ми­касындағы үлесі 30 пайызға жуықтады. Салыстырмалы түр­де алғанда, бұл кейінгі жыл­дары экономикалық өсімді 4,5-5 пайыздан түсірмей жүр­ген Ақтөбе облысындағы дең­гейден әлдеқайда жоғары. Сарапшы мамандардың пікірінше, Ақтөбеде ірі кәсіп­орын­дардың бәрі еңбек ырға­ғын бұзбай, жұмыс істеп тұрған соң, жұмысшылардың көбі солай ағылған. Ал Орал өңірінде мұндай үлкен еңбек ұжымдары жоқтың қасы деуге болады.

Ал өнеркәсіптік өндірісі жақсы дамыған Павлодар облысында ірі кәсіпорындарды жаңғырту мен шағын және орта бизнесті өркендету ісі бір-бірімен деңгейлес жүргізіліп келе жатқаны белгілі. Соның нәтижесінде бұл өңір Үкіметтен берілетін субвенцияның көле­мін азайта түскен. Қазір облыста оның мөлшері – 55 млрд теңге көлемінде. Бұл – республика өңірлері арасындағы субвенцияның мөлшері жағы­нан ең төменгі көрсеткіш. Демек Павлодар облысының еліміздегі донор аймақтардың бірі болуға ұмтылуға толық мүмкіндігі бар.

Мұнай өндірумен айналысатын Батыс Қазақстанмен көршілес өңірлер еліміздің ортақ бюджетіне трансферт бөліп отырса, дәл сондай көмір­сутегі шикізатын өндіру­­мен айналысатын Батыс Қазақ­­стан облысы былтыр Үкімет­тен 74,4 млрд тенге субвенция, яғни қар­жылай көмек алған. Не­гізі көршілес өңірлердің эко­но­микалық құрылымы бір-біріне өте ұқсас болып келеді. Әрі мұндағы басты өндіргіш күштер негізінен стратегиялық шикізат көздерін өндіруге ба­ғыт­талған. Бұған қоса, батыс өңір­­лердің бәрінде де табиғи ре­сурс­тар мен инфрақұрылым­дық жүйелер жеткілікті, соған қа­ра­­мастан нәтиже әртүрлі. Жал­­пы, Батыс Қазақстан облысын­да стратегиялық шикізат өндіру­ден тыс ресурстар, басқа да мүм­кіндіктер мол. Бұған өңір өн­діру­шілерінің әлеуеті де толы­­ғы­мен жетеді. Тек бұл мүм­кін­дікті ұтымды пайдалана білу керек. Сол кезде ғана салық­тық базаны ұлғайтып, Үкімет­тен берілетін субвенция мөл­шерін кемітуге жол ашылатыны анық.

Ал әзірше еліміздегі инно­вациялық өңірлердің бел ортасынан орын алатын Батыс Қазақстан облысының экономикасы көмірсутегі шикізатын өндіруге тәуелді болып тұр. Өңір мұндай кіріптарлықтан құтыла ала ма? Бұған уақыт төреші бола алады.

 

 

Батыс Қазақстан облысы