Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай қаралды.
Қазіргі ахуал мен халықты вакциналау барысы туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, кәсіпкерлік нысандарында Ashyq қосымшасын пайдалану мәселелері туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, сондай-ақ өңірлердегі жағдай туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев баяндады.
Әлемдегі ахуал алаңдатарлықтай
Денсаулық сақтау министрі А.Цойдың айтуынша жағдай шиеленісе түсуде. Бүгінгі таңда әлемде КВИ-дің 148 млн-нан астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 600 мыңнан астам жағдай тіркелуде. 3 млн-нан астам адам қайтыс болды, өлім-жітім көрсеткіші 2,1% құрады. 221 елдің әлемдік рейтингіне сәйкес Қазақстан сырқаттану көрсеткіші бойынша 108-орында, ал өлім-жітім көрсеткіші бойынша 107-орында тұр.
Денсаулық сақтау министрі хабарлағандай, Қазақстанда 27 сәуірдегі жағдай бойынша COVID-19 оң нәтижесімен 311 400 науқас және КВИ жағдайымен 52 471 науқас тіркелген.
Өңірдегі әрбір медициналық ұйымның деңгейіне дейін төсектік орын қорының жүктемесіне мониторинг жүргізудің электронды жүйесіне сәйкес 27 сәуірдегі жағдай бойынша республика бойынша инфекциялық төсектік орындардың бос болмауы 41%, реанимациялық төсектік орындардың бос болмауы 28%-ды құрайды. Инфекциялық төсектік орындардың ең көп бос болмауы Қызылорда облысында – 58%, Алматы қаласында – 57%, Алматы облысында – 57%, Нұр-Сұлтан қаласында – 56% байқалды. «Шамамен 62 мың төсектік орын резервтік төсектік орын қоры құрылды, оның 9 700-і тек инфекциялық төсектік орын. Бүгінгі таңда резервтік қор 26 189 төсектік орынды құрайды. Ақтөбе, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласын қоспағанда, барлық өңірдегі инфекциялық стационарлар, көпбейінді ауруханалардың бөлімшелері жұмылдырылған. Реанимациялық төсектік орындардың ең көп бос болмауы Батыс Қазақстан облысында – 57%, Алматы қаласында – 55% және Нұр-Сұлтан қаласында – 54% байқалды», деді ведомство басшысы.
Ashyq қосымшасын қолданады
Денсаулық сақтау министрі атап өткендей, бүгінгі таңда ел азаматтарын вакциналау екі вакцина – Спутник V және QazCovid-in вакциналары арқылы жүзеге асырылады. «Қазақстан COVID-19 вакцинасын әлемдік өндірушілердің ондығына кіргенін атап өткім келеді. 177 елдің әлемдік рейтингіне сәйкес Қазақстан коронавирус аймағына қарсы вакциналанғандардың саны бойынша 52-орында тұр. Вакцинаны жеткізу кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, сәуір айында вакциналауға жататын халықтың 20%-на вакцинаның қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді А.Цой.
«Атамекен» ҰКП, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, шектеу шаралары мен бизнес жұмысы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылғы қаңтарда Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларында Ashyq мобильді қосымшасын енгізу бойынша қанатқақты жобаны іске асыру басталды. 26 сәуірден бастап жоба бүкіл ел бойынша қолданыла бастады. «Қазіргі таңда Ashyq келесі кәсіпкерлік нысандарында жүзеге асырылуда: фитнес-клубтар, спа-орталықтар, бассейндер, боулинг, бильярд және компьютер клубтары, кинотеатрлар, театрлар, концерт залдары, қоғамдық тамақтану объектілері, облысаралық және қалалық жүйесіз (туристік) тасымалдар. Сондай-ақ қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және COVID-19 таралуын азайту үшін Ashyq мобильді қосымшасын орнатуды көздейтін жекелеген қызмет салаларының Ashyq-қа жеңілдіктерсіз, ерікті түрде қатысуы қарастырылған», деді А.Цой.
Ashyq қатысушылары үшін оқыту бейнероликтері, объектілерге QR-кодтарды беру алгоритмі дайылдалған. Жобаға жосықсыз қатысушылардың ықтимал қосылу тәуекелдерін ескере отырып, оларды алып тастау өлшемшарттары анықталды. «Қабылданып жатқан шаралар кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызмет объектілерінің қызметін реттеуге, адамдар көп жиналатын орындар бойынша шектеуге бағытталған. 27 сәуірдегі жағдай бойынша жобаға қатысушылардың жалпы саны 1 658 құрады, қосымшаны пайдаланушылар саны 378 мыңнан асады», деді А.Цой.
Сәуірде халықтың 20%-ы екпе алуы тиіс
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда санитарлық-эпидемиялық жағдай біршама тұрақтанды. Вирустың репродуктивті индексі республика бойынша 1-ге дейін төмендеді. Инфекциялық төсектік орындар 41%-ға, реанимациялық төсектік орындар 28%-ға толы.
26 сәуірден бастап кәсіпкерлік нысандарында Ashyq қосымшасын кеңінен іске қосу жұмыстары басталды. Енді Ashyq қосымшасы аясында театрлар мен кинотеатрлардан басқа, дәмханалар, мейрамханалар, сауда-ойын-сауық орталықтары мен спорт объектілері, оның ішінде фитнес-залдар ашылуға дайын. «Бүгінгі таңдағы ең маңызды міндет – азаматтарымызды коронавирусқа қарсы вакциналаумен жаппай қамту. Сәуір айының қорытындысы бойынша вакциналауға жататын халықтың 20%-ы COVID-19-ға қарсы екпе алуы тиіс. Вакциналау жоспары мен өңірлерге вакцинаны жеткізу графигін сақтау қажет», деді А.Мамин.
Премьер-Министр азаматтардың маска тағуы, әлеуметтік арақашықты сақтауы және адамдардың көптеп жиналуына жол бермеу бойынша талаптардың қатаң сақталуы маңызды екенін атап өтті. Үкімет басшысы бизнес-ортада Ashyq қосымшасын енгізуді кеңейтуді тапсырды, бұл кәсіпкерлерге енгізілген шектеу шаралары жағдайында өз қызметін жандандыруға мүмкіндік береді.
Жұмыспен 1,2 млн қазақстандық қамтылады
Үкімет отырысында халықты жұмыспен қамту бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова баяндама жасады.
Қазақстанда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының және Жұмыспен қамтудың жол картасының құралдарын күшейтуді қоса алғанда, жұмыспен қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр. Осы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша «Еңбек» бағдарламасымен 158 мың адам қамтылды (жоспар – 700 мың). Биыл Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында тұрақты жұмыс орындарын құруға және өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға баса назар аударылды. Жалпы, биыл жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары 1,2 млн адамға көрсетіледі. Нақты жалақы мөлшерін 10%-ға – 221 мың теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Жұмыссыздық деңгейі 4,9%-дан аспайды. «Бастау бизнес» жобасы бойынша осы жылы 30 мың адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған.
Үкімет басшысы Павлодар, Қарағанды және Атырау облыстарында барынша көп тұрақты жұмыс орындарын құру жөніндегі жұмысқа оң баға берді. «Халықты жұмыспен қамту – Үкіметтің маңызды міндеті. Nur Otan партиясының бағдарламасында көрсетілгендей, тұрмыс сапасын арттыруды, жұмыссыздық деңгейін 2025 жылға қарай 4,7%-ға дейін төмендетуді қамтамасыз ететін жаңа трендтерге, талаптарға сай болу және еңбек нарығын реттеудің тиімді жүйесін құру аса маңызды. 5 жыл ішінде шамамен 3,5 млн адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылады», деді А.Мамин.
Премьер-Министр «Еңбек» ұлттық жобасы экономика салаларын сапалы бәсекеге қабілетті еңбек ресурстарымен қамтамасыз етуге ықпал етуі тиіс екенін атап өтті. Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне биылғы 1 маусымға дейін 2021-2025 жылдарға арналған «Еңбек» ұлттық жобасын Үкіметке енгізуді тапсырды. «Халықты жұмыспен қамту шараларын нысаналы топтардың проблемалары мен қажеттіліктерін ескере отырып бағыттау керек», деді А.Мамин.
Премьер-Министр «Еңбек» жобасының іс-шараларын қаржыландыруды, сондай-ақ осы жылдың 1 шілдесіне дейін өңірлік жұмыспен қамту карталарын дайындауды тапсырды. Бұл ретте жұмыспен қамтудың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізуге және тұрақты жұмыс орындарын ашуға ерекше назар аудару қажет.
Декларациялауды енгізудің барысы қалай?
Үкімет отырысында жеке тұлғаларды жалпыға ортақ декларациялауды енгізу барысы қаралды. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев және Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов баяндама жасады.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, декларациялаудың бірінші кезеңі аясында 437 мың адам салық есептілігін ұсынды.
Бұл ретте салық салынатын базаны төмендету мақсатында жеке тұлғалар әлеуметтік салық шегерімдерін қолдана алады. Азаматтардың тиісті шығыстары болған кезде табыс салығының мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. Декларациялау кезең-кезеңімен, мемлекеттік қызметшілерден бастап, кейіннен барлық азамат үшін жүргізіледі. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларацияны мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары тапсыра бастады. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары тапсыратын болады. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары үшін декларациялау енгізіледі. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың қалған санаттары тапсырады.
Қаржы министрінің айтуынша, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының инфрақұрылымын кеңейту бойынша шаралар қабылданды. Атап айтқанда, салықтық декларацияны қағаз түрінде халыққа қызмет көрсету орталықтары, мемлекеттік кірістер органдары немесе пошта бөлімшелері арқылы ұсынуға болады. Мемлекеттік корпорацияның фронт-офистері Connection Point өзіне өзі қызмет көрсету секторымен жабдықталған. Халыққа ыңғайлы болуы үшін декларация тапсыруға электронды қызметтер көзделген. Олар – салық төлеушінің кабинеті, «Электронды үкіметтің» веб-порталы және Е-Salyq Azamat мобильді қосымшасы.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов атап өткендей, декларациялау процесі жақсы қарқынмен жүріп жатыр. Бұл жерде мемлекеттік кіріс органдарының жүргізген кең ауқымды түсіндіру жұмысы және бірінші кезеңде жақсы даярланған азаматтар санаттарының қатысуы маңызды рөл атқарды. Ол бұл үлкен жұмыстың бастамасы ғана екенін айтты. Өткен жылы жалпыға ортақ декларациялауға көшу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. «Мемлекеттік органдар өздерінің ақпараттық жүйелерінің интеграцияға техникалық дайындығы бойынша шығындарды болдырмай, жоспарға сәйкес үйлестірілген жұмысты жандандыруы қажет. Осыған байланысты аталған бағыттағы жұмысты күшейту қажет», деді Ә.Смайылов.
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, «100 нақты қадам – Ұлт жоспарының» 42-қадамына сәйкес кірістер мен шығыстарды жалпыға ортақ салықтық декларациялау жүргізу көзделген. Мұндай жүйе көлеңкелі экономикаға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған, сондай-ақ бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз етуге ықпал етеді. Жыл сайын электронды базалар жетілдірілуде, сондықтан азаматтарға Қазақстанның мемлекеттік органдары мен банктерінде тіркелген мүлкі мен активтері туралы мәліметтер ұсынудың қажеті жоқ. «Басталған жұмысты бекітілген мерзімдерге сәйкес орындап, жалпыға ортақ декларациялауды енгізу бойынша халыққа түсіндіру және оқыту жұмыстарын жүргізу қажет», деді А.Мамин.