Бүгінде Жетісу жерінің кең жайлауына 4 млн басқа жуық қой жайылымға өріп шығады екен. Ал тұяқты малдың ішіндегі саулықтың саны 1 915,6 мың бастың шамасында көрінеді. Яғни қазіргі сәтте аймақта қой төлдеп, сақман науқанының қызған шағы өтіп жатыр.
Алматы облысында қой өсірумен 109 ірілі-ұсақты шаруашылық айналысады. Ал мал басының саны жөнінен өңір республика бойынша екінші орында тұр. Биыл бұл көрсеткіш тағы да өсуі мүмкін. Өйткені мал төлдету науқанының көрсеткіші жаман емес. Бұйырса, Шопан ата түлігінің саны 1 млн 870 мың басқа артады деген болжам бар. Қазір аудандарда сақман аяқталуға жақын, алғашқы есеп бойынша жекелеген шопандар 100 бас саулықтан 102 бас қозы алып отырған көрінеді.
Мысалға, Кеген ауданында екі жүз мыңнан аса уақ мал бар екен. Оның тең жартысынан астамы саулық қой санатында. Ауданда екі айға жуық мерзім бойына көктемгі төл алу науқаны жалғасып жатыр. Аудандағы мал басы өскен ауылдың бірі – Жылысай. Қазір ауылдық округте 24 392 бас қой-ешкі бар көрінеді. Сақман науқаны да басқа ауылдарға қарағанда жылысайлықтар үшін асқан жауапкершілікпен өтуде. Осы ауылдағы күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жүрген малсақ жанның қатарында Дархан Масеновті атауға болады. Ол өзі басқаратын «Дархан» шаруа қожалығында 2 300 бас асыл тұқымды арқар-меринос қойын өсіріп отыр. Оның 1 680 басы – саулық қой. Қазір мал төлдеп болып қалыпты.
– Жаңа туған төлдің күйі жаман емес. Төл басы аман. Асыл тұқымды мал болғасын ерекше күтімді қажет етеді. Сақманда қиналсақ, қозы аяқтанып, марқа семіргенде нәтижесін көреміз. Бұйырса, басына – бас төл бар, – дейді Д.Масенов.
Мал төлдету науқаны Ақсу өңірінде де ойдағыдай өтіп жатыр. Ауданда 175 мыңнан астам уақ мал басы бар. Қазірге дейін туған жас төлдің саны 100 мың бастан асыпты. Әрине, мал басын көбейтуге жеке шаруа қожалықтары ден қойған. Соның бір мысалын Барлыбек Сырттанов ауылындағы «Ерасыл» шаруа қожалығының тіршілігінен байқауға болады.
– Ауылда тұрған соң атакәсіпті жалғау міндетіміз. Малшының ақ таяғын әкемізден қабылдап алып, төрт түлік өсіріп отырған жайымыз бар. Қой басын көбейтуге кірістік. Қазір қыстақта 600 бас қой бар. Биыл бір ырысты жыл болып тұр, сақман шығынсыз өтуде. Өз есебім бойынша төл саны «жүзіне жүз елуден» айналып қалады, – дейді шопан Ерасыл Тасболатов.
Ал Кербұлақ ауданындағы сақман науқаны аяқталды десе де болғандай. Биыл аймақ бойынша 260 мыңның үстіндегі ұсақ мал қыстамадан шыққан. Жас төлдің есебін алған мамандар әр 100 саулықтың соңынан 105 бас қозы ереді дегенді айтады. Сақманды шығынсыз өткеріп, туған төлді балаша мәпелеп бағып отырған малсақ жанның бірі – Тоқтарбек Усанов. Қойшының отарында 600 бас қой бар екен. Саулықтар түгелімен қоздаған.
– Қыс аяғы созылып кетіп, қауіптеніп едік, сонда да сақманды уақтылы аяқтадық. Мал өріске шыққанымен, жайылымда туған қозының бауырынан сыз өтіп кетпеуін мұқият қадағаладық. Қыстаққа жедел тасып отырдық. Басында атпен қатынап ек, саулықтар жаппай төлдей бастағанда арнайы көлік жүргізіп амалдадық. Есесіне, бірде-бір қозыны шығын қылмадық, – дейді кербұлақтық малшы Тоқтарбек Усанов.
Айтпақшы, Қазақстанда уақ мал саны жылдам көбейіп келе жатыр екен. Салыстыру үшін алсақ, 2019 жылдың көктемінде еліміздегі Шопан ата түлігінің саны 16,9 млн бас шамасында болса, өткен жылдың соңында бұл көрсеткіш 18 млн басқа жетті деген статистика бар. Демек, қарқынды жүріп жатқан сақманнан соң қорадағы малдың шуы тағы еселейтіні сөзсіз. Ал осы орасан өсімнің жолында ересен еңбек етіп жүрген жандардың қатарында жетісулық шопандар да бар.