Сын-тегеуіріндер мемлекеттің әл-ауқаты үшін қауіпті бола түсуде. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жаһандық әлем қарқынды түрде өзгеріске ұшырап, теңдессіз трансформация кезеңіне тап болды. Саясат пен экономикада, қоғамдық өмір мен технологиялық дамуда мүлдем жаңа шынайылық туындап келеді. Жер шарының түрлі өңірінде діни алауыздық ушығып, ксенофобиялық көңіл-күй байқалып отыр», деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл сын-тегеуіріндер мемлекеттік әл-ауқат үшін әсіресе коронавирустың жаппай таралуы жағдайында барынша қауіпті бола түсуде.
«Әлемдегі геосаяси тұрақсыздық аясында Қазақстан беріктіктің нақты қорына иелік етіп отыр. Бұл – халықтың келісімі мен бірлігі, бұл – экономикамыздың әлеуеті. Елбасы қалыптастырған қаржылық мүмкіндіктерге, қаржылық әлеуетке арқа сүйей отырып, үкімет адамдардың өте үлкен санына – 4,5 миллионнан астам адамға теңдессіз материалдық көмек көрсете алды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.