Қазақ өнері үшін Кенен Әзірбаевтың орны әрдайым бөлек. «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де», деп жырлаған ол ел мен жерді шығармаларына арқау етті. Кейінгі ұрпаққа көркем де келісті мұра қалдырды.
Жыл сайын көне Тараз топырағында Кенен есімін ұлықтауға және шығармаларын насихаттауға арналған республикалық «Шырқа, даусым!» атты дәстүрлі әншілер байқауы өтеді. Аталған байқау талай өнерпаздың жолын ашып, талантын ұштады. Биыл «Шырқа, даусым!» байқауы өңірде оныншы рет ұйымдастырылып, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып отыр.
Негізінен, санитарлық талаптарға сәйкес, байқау өткен «Баласағұн» орталық концерт залында көрермен болған жоқ. Бірақ ұлттық өнерді бағалайтын көпшілік үшін онлайн көрсетілім ұйымдастырылды. Екі жылда бір рет өтетін дәстүрлі әншілер мерекесіне биыл еліміздің әр қиырынан отызға жуық үміткер қатысқан. Бір қуантарлығы, оның бәрі де жастар екен. Байқауға Алтынбек Қоразбаев, Саят Медеуов, Айгүл Қосанова және Бейбіт Мұсаев сынды танымал өнер қайраткерлері қазылық етіп, үміткерлердің өнерін бағалады. «Биыл бұл дәстүрлі ән байқауы оныншы рет өткізілсе, мен үшінші мәрте төраға ретінде қатысып отырмын. Байқауға жастардың көп қатысқаны көңілге медеу болды. Бұл дегеніміз – Кенен мұрасы мәңгі өлмейтіндігінің дәлелі», дейді Алтынбек Қоразбаев.
Байқауда Кенен Әзірбаевтың атақты «Тік шырқау», «Шырқа, даусым!», «Көкшолақ» секілді көптеген ғажап әндері орындалды. Жалпы, шарада өнерпаз жастар Кененнің көркем әлемін аша білді. Нәтижесінде байқаудың бас жүлдесін алматылық Уатхан Шаттық жеңіп алды. Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімінің арнайы жүлдесі шымкенттік Ұлсая Бектасқа бұйырды. Бас жүлде мен арнайы жүлдені облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жеңімпаздарға өзі табыстады. Сондай-ақ ол Кенен мұрасы мәңгілік екенін атап өтіп, байқауда өнер көрсеткен жас өнерпаздар мен оларды дайындаған ұстаздарына алғыс білдірді. Ал Әулиеата өңірінен қатысқан Ербосын Қасымбек бірінші орынды иеленсе, екінші орын Алматы облысынан келген Жігер Омархан мен балқаштық Нұрболат Ұзақбайға берілді. Сондай-ақ жүлделі үшінші орынға Талдықорған қаласынан Нұрдана Сәлімхан мен Түркістан шаһарынан Елбол Қуанбек лайық деп танылды. «Шырқа, даусым!» байқауында бірқатар қатысушы Алғыс хаттарға ие болса, үміткерлердің біразы дипломант атанды. Ал бірқатар қатысушы «Көрермен көзайымы», «Күміс көмей», «Жас Үміт», «Жас дарын» және «Көне Тараз» секілді аталымдар бойынша марапатталды. Сондай-ақ кейбір үміткерлер облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның арнайы жүлдесін иеленді.
Жамбыл облысы