• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Сәуір, 2021

Тұрғындардан белсенділік талап етіледі

315 рет
көрсетілді

Елімізде тұрғын үйді басқарудың 2 607 жаңа нысаны құрылды. Оның 962-сі – мүлік иелерінің бірлестігі, 1 645-і – жай серіктестік. Олардың басым бөлігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында құрылған. Басқарудың жаңа нысанына көшуде Батыс Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстары енжарлық танытуда.

 

Тұрғын үйді басқарудың жаңа формалары «бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» қағидаты бойынша жұмыс істейтінін бұрын да жазғанбыз. Ол әр үйді жеке басқаруға мүмкіндік береді. Ал қазіргі пәтер иелері коопе­ра­­т­ивтері, пәтер иелерінің тұтыну коо­перативтері, тұрғын емес үй-жай­лар­ды тұтыну кооперативтері 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін жұмы­сын жалғастырады. Аталған мерзім аяқталғаннан кейін бұлардың бәрі заңнамада белгіленген тәртіппен таратылады. Бұл ретте акт бойынша көп пәтерлі тұрғын үйдің кеңесіне барлық техникалық, қаржылық және өзге де құжаттарды өткізуі шарт.

Айтпақшы, жаңашылдыққа сәй­кес, құрылған әрбір мүлік иелері бір­лестігі өзінің ағымдық және жинақ шо­тын ашуы тиіс. Мүлік иелері бір­лес­тігін немесе жай серіктестік құру жайы заңда және нормативтік құқық­тық құжаттарда қарастырылған. «Тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашы­лығын жаңғырту мен дамытудың қазақ­стандық орталығы» АҚ басқарма төр­ағасының орынбасары Нұрбек Серіков атап өткендей, бұл жерде пәтерлер­дің, тұрғын емес үй-жайлардың ие­лері белсенділік танытуы керек. Яғни жиналыстар ұйымдастырып, тиісті шешім қабылдауға барынша атсалысуы қажет.

– Тұрғындардың жиналысы – бас­қарудың жаңа нысанына өту про­цесінің алғашқы және ең қиын қадамы. Егер көршілерді жинау қиын­дық тудырса, онда пәтер бойын­ша жазбаша сауалдама жүргізуге болады. Жазбаша сауалдама парағы сауалдама жарияланған күннен бастап 7 күн ішінде әрбір меншік иесіне қолма-қол немесе электронды пошта арқылы жіберіледі. Сауалдама жи­налыс жарияланған күннен бас­тап бір айдан кешіктірілмей жүргізілуі керек. Мұндағы басты міндет – тұр­ғын­дардың дауысын дұрыс есептеу, жиналыс хаттамасын рәсімдеу және заңды тұлға ретінде тіркелу үшін Ха­лық­­қа қызмет көрсету орталық­тарына тапсырылатын құжаттардың то­лық топтамасын әзірлеу. ХҚКО-ға өті­ніш, дауыс беру парақтары бар хат­тама, мемлекеттік және орыс тіл­дерін­де жазылған Жарғыны тапсырып, мем­лекеттік баж салығын төлеп, шешімді күту қажет, – дейді Нұрбек Серіков.

Бұл – мүлік иелері бірлестігін құрудың жолы. Ал жай серіктестік түріндегі басқару нысанын таңдаудың өз ерекшеліктері бар. Мұнда барлық меншік иелері мен жай серіктестік арасында бірлескен қызмет туралы шарт жасалуы керек.

– Заңға сәйкес, дауыс беруді ақпараттандыру нысандары арқылы өт­кізуге болады. Бүгінгі таңда Қазақ­станда көп пәтерлі түрғын үйді басқару бойынша оннан астам ақпараттан­дыру нысаны жұмыс істейді. Олар­дың кейбіреуінде онлайн режімде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Қазіргі кезде мүлік иелері бірлестігін тіркеу өтінімін электронды түрде беру жайы пысықталуда, – дейді «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақ­стан­дық орталығы» АҚ басқарма төраға­сының орынбасары.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Ал­ма­ты қаласы басқарудың жаңа түріне көшу бойынша көш бастап тұр. Мұн­да 355 мүлік иелері бірлестігі тіркел­ген. Оның 180-ге жуығы «Қоғам­дық қорғаушы» үкіметтік емес ұйы­мы ретінде рәсімделген. Аталған ұйым­ның Алматы қалалық филиалының төрағасы Талғат Мұхамедғалиев­тің ай­туынша, бұрынғы басқару органда­ры жылы орнынан кеткісі келмейді. Сон­­дықтан қазір сот ісі көбейіп кеткен.

– Қалай десек те, қазір жағдай біршама жақсарды. Мәселен, бұрын қала бойынша айына 5 мүлік иелері бірлестігі тіркелсе, қазір бір айда 40-50 үй басқарудың жаңа нысанына көшеді. Жалпы, реформаның жедел жүзеге асуына пандемия кері әсерін тигізді. Одан кейін меншік иелерінің бойында қорқыныш бар. Олар тұтас бір үйді басқару қолдан келе ме, келмей ме деп алаңдайды. Десек те, реформа алғаш басталған сәтте құрыл­ған мүлік иелері бірлестіктері жаңа басқару нысаны аясында алғашқы жылыту маусымын да өткерді. Қазір олар өз тәжірибелерімен бөлісуде. Бұйыртса, жазда ақпараттандыру жұмысын жолға қойсақ дейміз. Яғни көпшілікке үйлердің қабылдап алған кездегі жағдайы мен олардың бір жарым жылдың ішінде қалай өзгергенін салыстырып көрсеткіміз келеді. Кейбір мүлік иелері бірлестіктері үйдің шатырына күрделі жөндеу жүр­гізді, енді бірі кіреберістерді, жертөле­лерді қалпына келтірді. Үйлер­дің маңы абаттандырылды. Қыс­қасы, тұрғындар жауапкершілік жүгін нақты сезіне бас­тады, – дейді «Қоғам­дық қорғаушы» үкіметтік емес ұйымы Ал­маты қалалық филиалының төрағасы.

Осы жерде көпшіліктің көңілін күпті еткен бір мәселе бар. Ол – тариф­тің жайы. Тарқатып айтсақ, мүлік ие­лері бірлестігі заңды тұлға ретін­де тіркеледі. Ал пәтер иелері коопе­ра­тиві жеке тұлға ретінде жұмыс істеп келді. Ендігі жерде тұрғындар электр энергиясы, су мен жылу үшін төлемді қандай тарифпен төлеуі керек? 

– Жалпы жиналыста меншік иелері бұл мәселенің басын ашып алуы керек. Яғни тұтас үй тұтынатын электр энергиясы, су, жылу шығындарын жа­ңа­дан құрылған мүлік иелері бір­лес­тігінің қаражатынан төлей ме? Әлде әрбір пәтер жеке-жеке төлеуі керек пе? Егер мүлік иелері бірлестігі ретінде төлесе, онда төлем заңды тұлғаларға арналған тариф бойынша есептеледі. Негізі тұтынатын энергия үшін төлемді әр пәтердің бөлек төлегені оңай әрі тиімді, – дейді Нұрбек Серіков.