• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Сәуір, 2021

Эпидемиялық бағдаршам «сары» түсті көрсетті

415 рет
көрсетілді

Шымкент қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаевтың айтуынша, COVID-19 жұқтыру жағдайларының тіркелуі бойынша 26 сәуірден бастап Шымкент қаласы «сары аймаққа» кірді. Қала эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, 15 сәуірден бастап бүгінге дейін «қызыл аймақта» болған еді.

 

«Шымкент қаласында сәуір айының 25 күнінде 2 131 жағдай тіркеліп, ауыр­ған­дардың саны 4,5 есеге өсті. Наурыз айында есепті кезеңде 473 жағ­дай тір­кел­ген еді. Эпидемиялық зерделеу ба­ры­­сында науқастанғандардың 29,3 па­йы­­зы ауырған адаммен қарым-қаты­нас­тағылардан анықталды. Қал­ған­дары карантиндік сақтық шараларын сақ­­тамағандықтан індетке шалдыққан. Жыл басынан бері анықталған 3 475 науқастың 32,4 пайызы ірі сауда үйлері мен дүкендерде, 20,1 пайызы базарларда, 18,2 пайызы қоғамдық көліктерде және түрлі жиындарға барғанда жұқтырған», деді департамент басшысы.

Шаһарда эпидемияға қарсы сани­тар­лық-ағарту жұмыстары белсенді жүр­гі­зі­луде. Жыл басынан бүгінге дейін 451 са­нитарлық-ағарту шарасы өткізіліп, 12 338 нысанға түсіндіру жұмыстары жүр­гі­зілген.

 

Ashyq жобасы қашықтықты сақтайды

Шымкентте эпидемиялық жағ­дай «қызыл аймақтан» «сары аймақ­қа» өтуіне байланысты қызметіне шектеу қойылған бірқатар кәсіпкерлік нысан санитарлық талаптарды сақтай отырып, қайта іске қосылды. Ә.Төлебаев эпидемиялық ахуал, санитарлық-ағарту жұмыстарына арналған Ashyq жобасы туралы түсіндіріп берді.

«Қазіргі таңда қалада эпиде­миялық жағдай әлі де тұрақсыз. Яғни 15 сәуірден бастап «қызыл ай­мақ­та» болды. Ал COVID-19 жұқ­ты­­ру жағ­дайының тіркелу санын еске­ре отырып, 26 сәуірден бастап «сары ай­маққа» ауыстырылды. Бірақ нау­қас­тар­дың ішінен коронавирустың «бри­та­ниялық», «оңтүстік африкалық» және «бразилиялық» ауыр жағдайда өте­тін түрлері анықталуда. Бұл індеттің қауіп­ті­лігін одан сайын арттырып отыр. 26 сәуір­ден бастап СПА, бассейн, йога орта­лық­тарын қоса алғанда, фитнес-клубтары қалыпты режімде жұмыс іс­тей­ді. Ал банкет залдарын, асхана, фаст-фуд объектілерін қоспағанда, қоғамдық та­мақ­тану орындарының уақыт кестесі сағат 07:00-ден 00:00-ге өзгеріп, адам саны 50 пайыздан аспауы ескертілген. Ки­но­­театр, театр, филармония мен концерт залдарының сыйымдылығы 20 па­йыз­дан аспайтын жағдайда қалыпты режімде қызметін жалғастырады. Соны­мен қатар облыс­аралық және қала­лық тұрақты емес (туристік) тасымалдар 15 адам­нан (75 пайыз) асырмай жолаушы тасы­малдайды. Одан бөлек, бильярд, PlayStation клубтарын қоса алғанда, ком­­пью­­­терлік және боулинг клубтарын­да тұрғындар 50 пайыздан аспаған жағ­дай­да жұмыс режімі сағат 12:00-ден 00:00-ге дейін сақталады», деді департамент басшысы.

Аталған жоба 23 сәуірде қалалық Бас мемлекеттік санитарлық дәріге­рдің Ashyq жобасына қаты­са­тын субъек­ті­лер­ге шектеу шараларын бекіту тура­­лы қаулысына сәйкес 26 сәуірден бастап күшіне енді. Департамент бас­шы­­­сының айтуынша, коронавирус ин­фек­­циясының таралуын болдырмау мақ­сатында жыл басынан бері мобиль­дік топтар арқылы үйлестіру орталық­та­­рына 190 жедел хабарлама түскен. Барлық шұғыл қоңырау бойынша тексеру ұйымдастырылып, 170 нысанға айып­пұл салынған. Айта кетейік, зерделеу барысында COVID-19 инфекциясын жұқтырғандардың 29,3 пайызы ауырған адам­мен қарым-қатынаста болғаны анық­талған. Ал қалғаны карантиндік тәр­тіпті сақтамау салдарынан індетке шалдыққан. Осы орайда ол қала тұр­ғын­да­рын санитарлық нормаларды қатаң сақтауға шақырды.

 

Вакцина, тағы да вакцина...

Шымкенттіктердің індетке қарсы екпе салдыру белсенділігі артып, өткен апта соңында қоймалардағы вакцина таусылған еді. Күні кеше отандық QazVac вакцинасының 4 мың дозасы жеткізілді. Енді шаһар тұрғындары елімізде өндірілген екпені ектірмек.

«Шымкентте коронавирусқа қарсы Спутник V вакцинасының I компо­нен­тін 78 мыңнан аса адам қабыл­дады. Ал ерікті түрде вакцина алушылардың өсуіне байланысты қаладағы екпе егу пункттерінің саны 42-ге жетті. Со­ны­мен қатар елімізде 26 сәуірден бас­тап БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проб­­ле­малары ғылыми-зерттеу институ­ты базасында өндірілген отандық QazVac (QazCovid-in) екпесінің бірін­ші партиясы қолданысқа енгізіліп отыр. Осы орайда үшінші мегаполиске QazVac-тың 4 мың дозасы жет­кі­зілді. Бұл екпелер қаладағы барлық емхана мен вакциналау орнына тара­тыл­ды. Айта ке­терлігі, тұрғындар екпе қабылдау ке­зін­де екі вакцинаның қала­ға­нын таң­­дай алады», деді қалалық Сани­тар­­лық-эпидемиологиялық ба­қы­­лау де­пар­таменті Инфекциялық және паразиттік ауруларды эпи­де­мио­ло­гиялық бақылау бөлімінің басшысы Замира Есенғараева.

Айта кетерлігі, QazVac – коронавирус инфекциясына қарсы бел­­сенділігі жойылған, бұлшықет ішіне ен­гізуге арналған суспензия тү­рін­дегі вакцина. Аталған екпе 18-ден асқан адамдарға 21 күндік интервалмен екі рет са­лынады. Бұл ретте қала ем­ха­на­ла­­рын­дағы екпе егу кабинетінің бар­лығы қажетті жабдықтармен толық қам­тамасыз етілген. Одан бөлек, жылжымалы егу пункттерінде вакциналау жүргізілуде. Ал вакциналауға қа­ты­са­тын қызметкерлер арнайы оқы­ту­дан өткен. Осы орайда департамент басшысы шаһар тұрғындарын жаппай вакциналауға қатысып, қоғамдық им­му­нитет қалыптастыру қажет екенін жет­кізді.

 

«Ауруды жасырғанымен, өлім әшкерелейді»

«Шымкентте індет жұқтырғандардың көрсеткіші төмендегенімен, ауыр жағ­дай­дағы науқастар саны көбейіп жатыр», дейді қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Бақтығали Ережепов. Бас инфекционистің айтуынша, ауыр жағдайдағы науқастардың басым бөлігі үйлерінде өз бетінше ұзақ уақыт ем алған. Осылайша, коронавируске шалдыққан науқастардың қатары қалыңдаған. Салдарынан ауыр халде ауру­ханаға түскен.

«Жұқпалы аурулар ауруханасы 560 төсектік орынға арналған. Бүгінде ауру­ха­наға түскендердің барлығында коронавирус оң нәтиже беруде. 560 төсектік орын­ның 60-ы жансақтау бөліміндегі науқастарға арналған. Сол жансақтау бөліміндегі төсектің 95 пайызында науқастар ауыр халде жатыр. Олардың жартысы ИВЛ, қалғандары оттегі аппаратына қосылған. Ауруханаға түсіп жатқан науқастардың басым бө­лі­гінің өкпесі 80-95 пайызға дейін қа­бынып, сатурациясы 50-ге дейін тү­сіп кеткен. Бұл науқастардың көбісі үйлерінде 7-10 күндей ұзақ уақыт ем қабылдап, ауруын асқындырып алған. Үйде ем қабылдап, түрлі препарат алған науқастарды емдеу дұрыс жүрмей жатыр. Өз бетінше үйде ем алудан аулақ болып, ко­ро­­на­вирус белгілері байқалған жағ­дай­да учаскелік дәрігеріңізге немесе жедел жәрдемге хабарласқан жөн. Қазір қала­дағы барлық емханада вакциналау жұ­мыстары жүргізілуде. Вакциналау – осы ауруды алдын алудың ең негізгі жолы», дейді жұқпалы аурулар ауру­ханасының бас дәрігері Бақтығали Ережепов.

Анығында, үй жағдайында өз бетінше ем алып жатқан азаматтар ел аузында таралған ғылыми негізсіз ем-домдарға көптеп иек артуда. Нәтижесінде, ауру асқынып, өмірлеріне қауіп төнуде. Мәселен, тек антибиотикалық таблеткалар, қабынуға қарсы антикоагулянттарды (аспирин) ішіп індеттен құлан таза айығып кетемін деген түсінік дұрыс емес», дейді медицина мамандары.

Қалалық денсаулық сақтау бас­қар­­ма­сы­ның басшысы Бақытжан Пози­лов­тың айтуынша, Шымкентте дүние жүзінде таралып жатқан індеттің үш штамы да тіркелген. «Енді сақтанудың ең тиімді жолы – вакцина салдыру, каран­тин талап­тарын сақтау, тазалыққа мән беру», дейді қаланың бас дәрігері Бақытжан Позилов.

Жыл басынан бері қалада тәж ви­ру­сын жұқтыру бойынша 3 155, соңғы тәулікте 131 жағдай тіркелген. 1 848 адам емделіп шыққан. Басқарма басшы­сы­ның пікірінше, енді ұжымдық иммуни­тет қалыптастыру қажет. Бұл тұр­ғы­да Шымкент вакциналау жос­па­рын орын­дау бойынша «жасыл аймақта». Бүгінге дейін шаһарда 80 мыңнан астам адам ерікті түрде вакцина салдырған. Оның ішінде 7 мыңнан астам адам вак­ци­наның екі компонентін толық қабылдаған. Медициналық мекемелерден тыс қаладағы 38 бекетте вакци­нал­ау жүргізіліп, екпе алушылар ара­сында білім саласының мамандары жо­ғары көрсеткіш көрсеткен. Инфек­ция­­лық стационарларда барлығы 1 290 орын дайындалған. Егер төтенше жағдай орын алар болса, 5 мың науқас қабылдауға қажетті қосалқы төсектік орын қарас­ты­рылған. Қаладағы дәріханалар мен қой­маларды арнайы мониторингтік топ жүйелі түрде тексеруде.

 

ШЫМКЕНТ