Сербия астанасы – Белградта бокстан халықаралық Belgrade Winner турнирі өз мәресіне жетті. Байрақты бәсекеге Қазақстан құрамасының боксшылары да қатысып, жарыс қорытындысы бойынша 2 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды.
Ел қоржынына алтын жүлдені 52 кило салмақта былтырғы ел чемпионатының күміс жүлдегері, Олимпиада жолдамасының иегері Сәкен Бибосынов пен 63 килодағы Қазақстан чемпионы Ертуған Зейнулинов салды. Финалдық жекпе-жекте Бибосынов 2013 жылғы Азия чемпионы қырғызстандық Азат Үсенәлиевті жеңсе, Зейнулинов ресейлік Артур Субханкуловтан басым түсті.
Өкінішке қарай, финалда өнер көрсеткен Василий Левит (91 кг) ресейлік қарсыласы Тимур Гамзатовтан, жастар арасындағы әлем чемпионы Нұрбек Оралбай (81 кг) ағылшын боксшысы Бенджамин Уиттакерден жеңіліп, халықаралық жарыстың күміс жүлдегерлері атанды. Сонымен қатар турнирдің жартылай финалында қарсыластарына жол берген Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг) және Нұрлан Сапарбай (+91 кг) жарыстың қола жүлдесіне ие болғанын бұған дейін хабарлаған едік.