Қостанайда таяуда «Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделінің тұжырымдамалық негіздері» атты кітаптың тұсауы кесілді. Аталған еңбектің авторы Валерий Вишниченко – көп жылдар бойы Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясын басқарып, осы ұйымның атынан Мәжіліс депутаты болған өңірге белгілі саясаттанушы ғалым. Қазір А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде қызмет етеді.
Монографиялық еңбектің алғашқы тұсаукесер рәсімі елордадағы «Шаңырақ» Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларының қауымдастығы мен Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы университетте өткен. Автор өз еңбегінде әр кездері әртүрлі басылымдарда жарық көрген ғылыми ой-пікірлерді саралай отырып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделінің тұжырымдамалық негіздерін жүйелеуге ұмтылыс жасайды. Оның айтуынша, монографиялық оқу құралы студенттерге, мектеп оқушыларына, мұғалімдер мен жас ғалымдарға, ел тарихы мен қазіргі заманғы этносаралық қатынастар мәселелерін зерттеушілерге арналған. Валерий Вишниченко аталған еңбегінің үлкен бір тарауын Қазақстан халқы Ассамблеясына арнапты.
Автордың айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы бір орында қатып қалған құрылым емес, керісінше уақыт жылжыған сайын дамып отыратын тірі организм іспеттес ұйым.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның миссиясы ешқашан тарылмайтынын, керісінше алдағы уақытта кеңейе түсіп, маңызды қоғамдық күшке айналатынын тілге тиек ете келіп, «жаңа жағдайда Ассамблея саясаттан тыс нағыз жалпыазаматтық және жалпыхалықтық институтқа айналуы тиіс» деген болатын. Әрине, қоғамда көрініс тауып жатқан түрлі жағдай мен жаңа трендтерді ескере отырып, Ассамблея да үнемі қызмет мазмұнын кеңейтіп, жұмыс жүргізу әдістерін түрлендіріп отыруы шарт. Егер нақты айтатын болсақ, ең алдымен, әлеуметтік әл-ауқатты арттырудың ұлттық моделін қалыптастыру барысында Ассамблеяға ерекше әлеуметтік жауапкершілік жүктеліп отырғанын атап өтуге болады. Біріншіден, бұл қазіргі қоғамның эволюциялық дамуына алғышарт болатын маңызды құрал ретінде мойындалған Ассамблеяның медиациялық қызметіне қатысты. Екіншіден, ҚХА қоғамдық сананы жаңғырту үдерістеріне үлес қоса алатын және бұл үдеріске еліміздегі барлық этносты тарта алатын үлкен күшке айнала бастады. Ал, үшіншіден, XXI ғасырда Ассамблея азаматтық бірегейлікті қалыптастырудың және оны кейінгі ұрпаққа аманаттаудың аса маңызды тетіктерінің бірі болып қала береді. ҚХА еліміздегі бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету және болашағы жарқын жасампаз қоғам қалыптастыру бағытында біздің көптеген этносымызды топтастырудың бірегей институты болып қала беретініне сенімдімін, – деді монография авторы.
Жаңа оқулық көпшіліктің қызығушылығын туғызып отыр. Мәселен, бұл монографияны бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарында жұмыс істеп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралары пайдаланады. Ал еліміздегі этносаралық бірлік, татулық мәселесімен айналысып жүрген жас ғалымдар немесе жай ғана қызығушылық танытқан қарапайым оқырман кітапты А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің «Рухани жаңғыру және ҚХА» жобалық офисінен немесе Л.Толстой атындағы облыстық кітапханадан таба алады.
Қостанай облысы