Сонау бір ашаршылық жылдары Сыр елінің өзбек жеріне үдере көшіп жатқан заманында кіндіктен жалғыз, тумасынан сөзге сараң, еңбекқор егінші Төреш Қазантайұлының отбасында біз сөз етіп отырған Орынбек аға дүние есігін ашты.
Орекеңнің бірге туған ағасы Сердалы Ұлы Отан соғысында Ленинград қор-шауында қалды, кейінгі ағасы Қонысбек майданнан аман-сау оралып, Сыр еліне еңбегі сіңген, ұзақ жылдар бойы партия және кеңес қызметтерін атқарып, ел құрметіне ие болды.
Тетелес ағасы Райымбек тумысынан өте зерек, өзінің қысқа өмірінде Қызылорда облысының ауыл шаруашылығының өркендеуіне өз үлесін қосқан азамат еді. Туған жерінде бас зоотехник, кеңшар директоры, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары болды, Арал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімін басқарып, үлкен абыройға қол жеткізді.
Орынбек Төрешев туып-өскен ауылы Қызылжармадағы бастауыш, Жосалыдағы орта мектепті бітірісімен, 1945 жылы Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына агроном мамандығы бойынша оқуға түсті. 1950 жылы ғалым-агроном мамандығы бойынша диплом алып, туған жері Қармақшы ауданының Ақжар мәшине-трактор стансасында аға агроном, одан кейін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде бас агроном болып қызмет атқарды. Аз уақыттың ішінде көзге түсіп, аудандық атқару комитетінің депутаты болып сайланды.
Орекеңнің одан кейінгі еңбек жолы – тек ғылым саласы болды. 1951 жылы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасынан бастау алған ғылыми зерттеулері толассыз 60 жыл бойы жалғасуда. Суармалы егіншілік жүйесін қалыптастыру және ауыл шаруашылық дақылдарын өсіру технологиясын жетілдіру мәселелерінің ғылыми негіздерін қалаушылардың бірі бүгінде 80 жастың баспалдағын аттап отырған қажырлы, терең ойлы, Орынбек ағамыздың еңбек жолы міне осындай. Бүгінде 75 жылдық тарихы бар ауыл шаруашылығы ғылымының қара шаңырағы – Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтымен қоса жасасып келе жатқан оның айтар сөзі “бір мекемеде алпыс жыл еңбек ету тек қана құрмет емес, ол жауапкершілік. Ғылыми табыстарға қуанасың, болмай жатқан іске әттеген-ай дейсің. Мен не көрмедім, ауыл шаруашылығы ғылымының қалыптасуы да, дамуы да көз алдымда. Қызметтес болған ірі ғалымдар А.Жанғалиев, А.Бараев, Г.Бияшев, М.Ерлепесов, Х.Арыстанбеков, Б.Басыбеков, В.Жигайлов, І.Әбуғалиев, Е.Амантаев, О.Шегебаев және тағы басқалары ешқашан естен кетпейді, алдыңғы буыннан қалған көз тек мен ғана сияқтымын. Кейінгі жастарға мені сыйлағандары үшін рахмет”, – деп отырады.
Суармалы жер – егіншіліктің алтын қоры, оны тиімді пайдалану, құнарлығын арттыру ел басшыларының әрқашан назарында болды. Әр кезеңдегі тапсырмаларға сәйкес кең көлемде кендір, таусағыз, мақта, қызылша, бидай, жоңышқа өсіру, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, суды тиімді пайдалану мәселелері қойылған кезде Орекең тікелей осы істерге ғылыми басшылық жасап, өз әріптестерін, аспиранттарын, ізденушілерін нәтижелі зерттеулерге жұмылдыра білді. Атқарылып жатқан ғылыми-зерттеулердің нәтижелерін сол кездегі Министрлер Кеңесінің Төрағасы, қазіргі Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың, сонымен қатар Д.А. Қонаевтың, А.А. Асқаровтың, К.М. Аухадиевтің және ауыл шаруашылығы саласының басшылары алдында егжей-тегжейлі баяндау сәттері де болды.
Суармалы егіншіліктің жүйесі бойынша 140-тан астам ғылыми еңбек, оның ішінде 3 монография, өндіріске арналған 30 ұсыныс баспадан шықты.
Орынбек Төрешевтің кадр дайындау ісіне қосқан үлесі ерекше. Диссертациялық кеңестің ғылыми хатшысы болған кезінде 108 үміткер кандидаттық диссертация қорғап, ғылыми дәрежелер алды. Суармалы егіншіліктің ғылыми-өндірістік мәселелері бойынша 18 шәкірті ғылым кандидаты және 4 ізденуші ғылым докторы атағын қорғады. Бүгінде олардың көпшілігі тұлғалы ғалымдар, өндіріс майталмандары, белгілі ұстаздар болып қалыптасты. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі М.Сүлейменов өзінің бір ғылыми еңбегін Орекеңе ұсына отырып, “ғылым жолына жолдама берген ағамызға естелік ретінде”, ал Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Р.Елешев өз еңбегін “Қазақтың суармалы егіншілігінің негізін қалаушы Орынбекке, сый құрметпен”, деп табыстаған. Орекеңнің жерлесі К. Сыдық:
Асқар таудай алып күш қайдан келген,
Мұндай күшті қасиетті адамға құдай берген.
Адамгершілік, ілтипат жақсылық бір өзінде,
Еңбектенген, ерінбеген жандарға өзі келген.
Ақ көңілді бәрімізден аямайтын бар күшін,
Қарап тұрып, таңғаламыз шалт басқан жүрісін.
Сізге ұқсайтын інілер көп ауылда,
Алға тартып құрметтейтін бәрі ісін, – десе, ал шәкірті Е. Төлегенов арнауын былай қайырады:
Күн күліп, күй күмбірлеп жүрегіңде,
Пәк көңіл, ақ ниет бар жүрегіңде,
Адалдық, қатал мінез, жомарттық бар,
Өзгеше қасиет көп бір өзіңде...
Осы шәкіртінің өлең жолдары Орекеңнің жан дүниесін, ішкі сырын, сырт болмысын жете анықтап тұрғандай.
Орынбек Төрешұлы ұл-қыздарының да және Төреш әулетінің ұрпақтарына да жоғары білім алуына да аянбай көмегін берді. Ал, оның отбасын әңгіме етсек, оның құдай қосқан қосағы Мағрипа Құрманғалиқызы ұзақ жылдар бойы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде химия пәнінен сабақ берді, қазір құрметті демалыста. Үлкен қызы Гүлмира жоғарыда аталған университеттің химия факультетінде доцент, химия ғалымдарының кандидаты. Әлия Алматы дәрігерлік институтын бітірген, медицина ғылымдарының кандидаты, Онкология және радиология институтында бөлім меңгерушісі, ұлы Қаныш ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми орталығының ғылыми қызыметкері.
Орынбек Төрешұлының ғылымдағы қомақты еңбегі жоғары бағаланып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, “Еңбектегі ерлігі үшін”, “Еңбекте үздік шыққаны үшін”, “Ерлік еңбек үшін”, “Еңбек ардагері”, “Тың жерлерді игерген үшін” медальдарымен, бірнеше мәрте одақтық және республикалық халық шаруашылығы көрмелерінің медальдарымен және дипломдарымен, Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының және Ұлттық академиялық аграрлық зерттеулер орталығының құрмет грамоталарымен марапатталды.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған отырған, барлық өмір жолын толықтай ғылымға арнаған, суармалы егіншіліктің және экологиялық таза өнім өндіру жүйесінің ғылыми негіздерін қалыптастыруда айрықша үлес қосқан ірі ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Орынбек Төрешевке зор денсаулық және табыс тілейміз. Ұлағатты ұстаздық құрып, жастарды білімге, ғылымға баулуда атқара беретін еңбегі әрқашан жемісті болғай.
И.НҰРПЕЙІСОВ, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу
институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы.