Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, Жұмыспен қамту және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшесі Зарина Камасоваға Ұлттық туберкулез кокусын басқару жүктелді. Бұл қандай ұйым және оның қатардағы қазақстандыққа пайдасы бар ма? Отандастарымыздың ойындағы өзге де сауалдарды депутатқа қойған едік.
– Ғаламдық TБ Cocus (GTBK ) – туберкулез эпидемиясын тоқтатуға деген ортақ ниетпен біріктірілген парламентаршілердің бірегей ғаламдық желісі. Туберкулез әлемде баяғыдан келе жатқан, соңы қайғылы оқиғаларға душар ететін дерттің бірі. Әлі де кез келген басқа жұқпалы ауруларға қарағанда қауіпті, дегенмен емдеуге болады.
Жаһандық ТБ Кокусына мүше парламентаршілер өз елдеріндегі туберкулезді жою үшін өздерінің саяси әрекеттерін үйлестіреді, бұл бүкіл әлем статистикасына әсер етеді, өйткені өкпе құрты кеселінде шекара жоқ. Ғаламдық ТБ Кокус мүшелері – әлемнің 150-ден астам елінен келген парламентаршілер. Әр елде ұлттық ТБ Кокусы жасалады. Мен – Қазақстан Республикасындағы Ұлттық ТБ кокусымын.
Ұлттық деңгейде ҒТБК азаматтық қоғам ұйымдарымен жұмыс істейді. Олар үйлестіруші ретінде әрекет етеді және Парламент мүшелерінің құрт ауруы саласындағы негізгі тараптармен елдің саяси процестеріне қатысуын реттеуге көмектеседі. Осылайша, туберкулезге қарсы ұлттық шаралар саяси күн тәртібінде басымдыққа ие болады. Үйлестірушілер Парламент мүшелеріне көксау бойынша Ұлттық статистика, Парламенттегі адвокаттық қызметінде парламентаршілерге қажет болуы мүмкін басқа да материал түрінде техникалық көмек көрсету арқылы көмектеседі. Өз кезегінде, бұл азаматтық ұйымдар ТБ пациенттерімен, ТБ қауымдастықтарымен өзара әрекеттесіп, депутаттарға ауруханалардағы емдеу сапасы, ТБ емдеудің алдын алу сынды басқа да нақты мәлімет бере алады.
– Елдегі туберкулез жағдайы ерекше депутаттық назар аударуды талап ете ме?
– Қазақстан – мультирезистентті туберкулез жағдайларының ауыртпалығы жоғары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) тізіміне кіретін ел. Дегенмен соңғы 10 жылда елде туберкулезге шалдығу ДДҰ деректері бойынша 2,5 есе (2009 жылы 121,3-тен 2019 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 49,0-ге дейін), 14 жасқа дейінгі балалардың туберкулезбен сырқаттануы 5,8 есе (2009 жылы 25,4-тен 2019 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 4,4-ке дейін) төмендеді. Алайда БҰҰ-ның ТБ бойынша жоғары деңгейдегі кездесу декларациясының талаптарына сәйкес 2019 жылға арналған профилактикалық терапияның мақсатты көрсеткіші 48%-ға жетті. Жақсартылған диагностикалық құралдарға, қысқа және жақсы төзімді режімдерге (әсіресе ауызша) және арзан әрі тиімді дәрі-дәрмектерге қажеттілік бар. Яғни осынау пациенттерді бақылау және қолдау үшін азаматтық қоғамдастықтың саяси қолдауы қажет (сонымен қатар КДТ-ТБ емдеу). Сондықтан Қазақстан тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудің, сондай-ақ 2018 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі отырысында мақұлданған саяси декларацияны және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Туберкулезді тоқтату» стратегиясын енгізудің маңыздылығын мойындайды және көптеген жыл бойы саяси бейілділігін табысты көрсетіп келеді. Сонымен қатар егер біз еліміздегі ТБ-ны толығымен жоятын болсақ, біздің келесі ұрпақтарымыз көксау кеселінің не екенін тек кітаптардан біле алады. Бұл мақсатқа жету үшін әрине, мұқият саяси назар аудару қажет.
– Туберкулез жөніндегі көп секторлы есеп беру тетіктері бар. Оның нақты жүзеге асырылуы қандай?
– Мұны елдегі барлық негізгі мүдделі тараптар (немесе басқа жолмен – ұлттық мүдделі тараптар) арасындағы өзара әрекеттесу және есеп беру механизмі деп түсінген жөн. 2018 жылы БҰҰ-ның ТБ мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі кездесуін өткізген кезде елдер ДДҰ-ға 2018 жылы Нью-Йоркте аталған кездесудің тұрақты даму мақсаттары мен декларация мақсаттарына қол жеткізуге көмектесетін есеп беру тетігін әзірлеуді сұраған. Бұл тетік БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі кездесу декларациясы бойынша ел өзінің елдік индикаторларына сәтті қол жеткізе алатын белгілі бір әрекеттерді қамтиды. Әр елде денсаулық сақтау министрлігі жауапты адамды тағайындайды, ол мультисекторлық механизмді енгізу процесінің үйлестірушісі болады. Біздің елде бұл ұлттық ТБ бағдарламасының менеджері Мәлік Әденов болса, ол ұлттық ТБ Кокусын қайта іске қосуға қатысып, өзара әрекеттесуге ниет білдірді. Сондай-ақ жаһандық кокус ДДҰ-мен бірлесе отырып, парламентшілер үшін бақылау мәселелерінің жеке тізімін жасады. Бұл бізге ТБ-мен күресу саясатын құрылымдауға көмектеседі. 19 сәуірдегі кездесу қорытындысы бойынша қарарда біз мультисекторлық тетікті имплементациялауға көмектесуге және ҒБТК әзірлеген бақылау тізіміне сәйкес жұмыс істеуге ниет білдірдік.
– Азаматтық қоғамның туберкулезбен күрестегі рөлі қандай? Депутаттың құзырымен оны күшейту үшін қандай жұмыстар жүргізуге болады?
– Қазақстан Республикасының саясаты тұтастай алғанда үкіметтік емес секторға кең құқықтық қызмет саласын береді. Азаматтық қоғамды дамыту мемлекеттік саясаттың басымдықтарына кіреді. ҮЕҰ қызметін қаржылық қолдаудың бірнеше тетігі жұмыс істейді. Сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы ҮЕҰ-ны орындауға жекелеген әлеуметтік функцияларды беру саласы белсенді дамып келеді. Жергілікті атқарушы органдарға өкілеттіктер беру арқылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру, оның ішінде халықтың негізгі топтары үшін жергілікті бюджеттен қаржыландыруды көздеу ұсынылды.
– Қазақстан ВЕЦА аймағындағы жетекші ел ретінде заңнамалық деңгейде әлеуметтік байланыс механизмін қабылдапты...
– Депутат ретінде азаматтық қоғаммен бірге жұмыс істеуге әзірмін. Ұлттық ТБ Кокусының жаңадан сайланған басшысы ретінде азаматтық сектор өкілдерін ашық іс-шараларымыз бен жұмыс топтарымызға шақырамын. Онда қатысушылар ТБ емдеу заңнамасына өзгерістер енгізуге үлес қоса алады. Өйткені азаматтық қоғам ғана құрт ауруымен күресте табысқа жетудің негізгі факторы бола алады. Бүгінгі таңда барлық деңгейдегі мәслихаттар туберкулезбен ауыратын науқасқа әлеуметтік көмек ретінде берілетін соманы өздері бекітеді. Барлық өңірде бұл әртүрлі. Амбулаториялық емдеу кезеңіндегі туберкулезбен ауыратын науқастарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, еселігін (мүмкіндігінше, оның материалдық жағдайына қарамастан, амбулаториялық емдеу кезеңіндегі ТБ-мен ауыратын барлық науқасқа) көрсететін заңнамалық акт жоқ. Медициналық қызметкердің тікелей бақылауымен туберкулезден күнделікті ем алу үшін науқастың өзі тіркелген медициналық ұйымға күнделікті жол жүруін төлеуге әлеуметтік көмек қарастырылған. Туберкулезді емдеу ұзақ, мысалы, туберкулезбен ауыратын науқасты емдеудің жеке режімінің орташа курсы 20 айға созылады. Шипалы тамақтандыруды ұйымдастыру жалпы емдеу процесінің бөлігі ретінде науқастарға медициналық қызмет көрсету жөніндегі негізгі іс-шаралардың қатарында. Медициналық тамақтану кешенді терапияның міндетті құрамдас бөлігі және стационарлық немесе амбулаториялық емдеудің әр кезеңінде қолданылады. Бұл, әсіресе балаларға қатысты. 6 ай бойы профилактикалық ем қабылдаған балалар үшін ата-аналар өз ақшаларына дәрумендер сатып алады.
Әңгімелескен
Айнаш ЕСАЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ