Өткен аптада Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасы маңында болған қақтығыстан 178 адам жараланып, 34 адам қаза тапты. Жанжал Ақсу өзенінде орналасқан «Головной» су тарату орталығындағы келіспеушіліктен басталған. BBC арнасының хабарлауынша, Тәжікстан шекарашылары өзен маңындағы даулы нүктеде видеокамера орналастыруға кіріскен. Бұған сол маңдағы Қырғызстан тұрғындары қарсылық көрсеткен.
Осыған байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Онда Мемлекет басшысы қарулы қақтығыс туралы ақпаратты асқан алаңдаушылықпен қабылдағанын жеткізді.
«Қырғызстан мен Тәжікстан басшылығы даналық танытып, барлық даулы мәселелерді тек қана бейбіт жолмен шешетініне сенімдімін. Өз тарапымнан мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыруға және өзара сенімді қайта қалпына келтіруге күш салуға дайынмын. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті консультативтік кездесуі аясында мұндай шекаралық қақтығыстарды реттеудің тетіктерін қарастыру қажет деп санаймын», делінген мәлімдемеде.
Кейіннен Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен және Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесіп, мәселені бейбіт шешуге Қазақстан көмек көрсетуге әзір екенін атап өтті.
Жалпы, Қырғызстан да, Тәжікстан да қақтығыстың басталуына бірін-бірі кінәлады. Осыған байланысты аталған елдердің сыртқы істер министрліктері наразылық нотасын жолдап, бұрынғы келісімді сақтамағаны үшін айыптады.
«Қырғыз тарапы оқиға орнына әкелген 250-300 сарбаз Тәжікстанның Бахор ауылының тұрғындарына қарудан оқ жаудырды. Осылайша, Тәжікстанның шекара қызметі бейбіт тұрғындарды қорғау мақсатында қарсы шара қабылдады», делінген Тәжікстанның наразылық нотасында.
«Шекара маңы аудандарындағы ахуалдың шиеленісіп кетуіне тәжік тарапының сарбаздары кінәлі», дейді Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі.
Айта кетерлігі, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары оқиға орнынан түрлі мәлімет таратты. Мәселен, Кабар агенттігінің хабарлауынша, 29 сәуір күні сағат 14:05-те Головное елді мекенінде тараптардың әскери бөлімшелері арасында атыс басталған. Қақтығыс барысында бейбіт тұрғындар мен әскери қызметшілер жарақат алған.
Сол күні кешке таман тәжіктер жағы «Қапшағай», «Мин-бұлақ», «Достук» шекара заставаларына, сондай-ақ «Қожогар» және «Бұлақ-Баши» шекара бекеттеріне оқ жаудырған. Баткен шекара отрядының «Достук» шекара заставасының ғимараты өртенген.
Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі «Бору» арнайы мақсаттағы жасағы Тәжікстанның «Ходжа Аълло» шекара заставасын басып алған.
30 сәуірде шекарадағы қарулы жанжалды реттеу мақсатында Қырғызстан мен Тәжікстан үкіметтері бастамасымен арнайы комиссия құрылды. Ховар агенттігінің хабарлауынша, комиссия қақтығыстың себебі мен салдарын талқылап, қарулы жанжалды тоқтату туралы ортақ келісімге келді.
Көп ұзамай Қырғызстан мен Тәжікстанның ұлттық қауіпсіздік комитеттерінің басшылары Камчыбек Ташиев пен Саймумин Ятимов келіссөз жүргізді. Соның нәтижесінде хаттама қабылданған.
«Бұл хаттама екі елдің мүддесіне сәйкес келеді. Екі мемлекет те қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Бізге жұмыс жүргізу қиынға соқты. Бірақ соған қарамастан, мемлекет басшыларының нұсқауымен біз атысты толығымен тоқтатып, барлық әскери құрамдарды өздерінің тұрақты орналастыру орындарына алып кетуге шешім қабылдадық. Бұдан былай құрметті көршілеріміздің күш-жігері мен біздің күш-жігеріміз арқылы елдерімізге, әсіресе шекара маңындағы аймақтарға бейбітшілік пен тыныштық орнайды», деді Камчыбек Ташиев.
Өз кезегінде Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Саймумин Ятимов келіссөздің жемісті аяқталғанын жеткізді.
«Шекаралас аудандарда болған қайғылы жағдай ешқашан қайталанбауы керек. Бұл аумақта біздің халықтар өмір сүретіндіктен, олар достық қарым-қатынаста және олардың арасында ешқандай келіспеушілік жоқ. Біз, саясаткерлер, барлық мәселені шешіп, халқымызға дәстүрлі бейбітшілік пен достықта өмір сүруге мүмкіндік беруіміз керек. Қырғыз-тәжік жерінде бейбітшілік пен тұрақтылыққа қол жеткізу туралы принципті келісім жасалды. Біз мұны істей алатынымызға және оны тезірек шешетінімізге сенімдімін және біздің халықтарымыз әрқашан достық пен өзара түсіністік қарым-қатынаста өмір сүреді», деді Саймумин Ятимов.
Сол күні Қырғызстан Сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев Тәжікстан Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен келіссөз жүргізді. Онда тараптар екі елдің шекарасында болған жағдайды реттеуге қатысты бірлескен іс-қимылдарды талқылады.
Екі елдің сыртқы істер ведомстволарының басшылары кісі өліп, адамдардың жарақаттануына әкелген шиеленісті жағдайды саяси дипломатиялық құралдарды қолдана отырып, бейбіт түрде реттеу керектігін атап өтті.
Министр Руслан Қазақбаев қырғыз тарапының өзге елдің жеріне көз тігіп отырмағанын және өз елінің жерін де ешкіммен бөліспейтінін атап өтті. Осы ретте ол шекарадағы барлық шаруашылық мәселелер қырғыз-тәжік шекарасын делимитациялау мен демаркациялау жөніндегі үкімет делегациялары аясындағы жоғары өкілдердің қатысуымен келіссөздер барысында шешілуі қажеттігіне назар аударды.
Келіссөздер нәтижесі бойынша сағат 20:00-ден бастап атысты толық тоқтату және әскерді аймақтан алып кету туралы келісім жасалды. Сонымен қатар тараптар жақын арада екі жақтың жергілікті атқарушы органдары өкілдерінің қатысуымен құқық қорғау және күш-қуат құрылымдары басшыларының бөлек кездесуін ұйымдастыруға келісті.
Басқосуда шекарада қалыптасқан жағдайды реттеудің өзге де жайттары сөз болады. Жағдайды реттеудің одан арғы шаралары ретінде тараптар өзара ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуге келісті. Р.Қазақбаев пен С.Мухриддин екі тарапты да араздастырушы күштердің қитұрқы әрекеттеріне ермеуге шақырды.
1 мамырда Қырғызстанның Баткен қаласында екі елдің шекарасын делимитациялау және демаркациялау бойынша Үкіметтік делегациялардың кезекті отырысы өтті.
Шекаралас аймақтағы жағдайды талқылау барысында қос тарап та болған жайға өкініш білдіріп, қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына көңіл айтты. Осындай жағдайдың қайталануына жол бермеу керектігі айтылды. Екі тарап та әскери техникаларды дереу олардың тұрақты орнына қайтаруға уағдаласты.
Ховар агенттігінің мәлімдеуінше, кездесу барысында тәжік-қырғыз мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау бойынша пікір алмасылған. Топографиялық жұмыс топтарына жақын арада қалған учаскелердегі мемлекеттік шекараны түсіруге кірісу тапсырылған.
Кабар агенттігінің мәліметінше, қос тарап екі бауырлас халықтың көне тарихына көз жүгірте отырып, арадағы қалған шекараға қатысты мәселені шешуде бір-біріне түсіністік және сенім танытуға дайын екендіктерін айқын білдірді.
Осы оқиғадан кейін Қырғызстанда 1-2 мамыр күндері Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Екі ел арасындағы шекараның жалпы ұзындығы 980 километрді құрайды. Соның жартысына жуығы, яғни 400 шақырымы толыққанды бөлінбеген. Соған байланысты осы маңда жиі-жиі жанжалдар туып тұрады. Әсіресе шекара маңындағы 70 даулы жерге қатысты шиеленіс әлі күнге жалғасып келеді.
Жалпы, Ферғана атырабы аталып кеткен өңірде шекара мәселесі өте өзекті. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, дәл осы маңда үш ел – Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан шекаралары қиылысады. Түрлі есептеулерге сүйенсек, мемлекеттер түйіскен тұста жылына он шақты жанжал болып тұрады екен.
Екіншіден, шиеленістің басым бөлігі, әсіресе анклавтар орналасқан жерлерде өтеді. Өздеріңізге мәлім, анклав мемлекеттің бір бөлігін басқа ел толықтай қоршап жатуы. Бүгінде Ферғана атырабында 8 анклав бар. Оның төртеуі – Өзбекстанға, үшеуі – Тәжікстанға, біреуі – Қырғызстанға тиесілі.
Дау-жанжалдың негізгі себебі – әдетте су мен жер мәселесі. Шекара маңындағы ауылдарды мекендеген тұрғындар бір құдықтан су ішіп, бір жайылымға мал өрістетеді. Сондықтан да мұндай қақтығыстың жиі болуы түсінікті. Мәселен, Кок-Таш ауылындағы «Головной» су бөлу орталығын тәжіктер де, қырғыздар да пайдаланады.
Өкінішке қарай, Ферғана атырабында түйіскен мемлекеттер анклав мәселесі мен шекара дауын түпкілікті шеше алған жоқ. Соның салдарынан тұрғындар да келіспей қала береді.
Бұл екі ел үшін де зиян екені айтпаса да түсінікті. Өйткені шекара маңындағы кез келген түсініспеушілік түптің-түбінде қарулы қақтығысқа ұласады. Оның салдары қандай болатынын Армения мен Әзербайжан арасындағы шиеленістен жақсы білеміз.
Тіпті екі тараптың дауы өңірдегі онсыз да қалтырап тұрған негізгі инфрақұрылымның бұзылуына әкеліп соғуы ықтимал. Бұдан қарапайым тұрғындар да, мемлекет те зардап шегеді.
Сонымен қатар өңірдегі жағдайдың шиеленісуі көрші Өзбекстанға да әсер етуі мүмкін. Осының кесірінен көршілес жатқан Ауғанстандағы тәлібтер қарулы жанжал аймағына келіп, онсыз да күрделі ахуалды одан әрі ушықтырып жіберуі мүмкін.