Ресейлік іздестіру тобы Новгород облысы Холм қаласында бұрын белгісіз болған жаппай жерлеу орнынан үш қазақстандық жауынгер сүйегін тапты, деп хабарлайды Egemen.kz
Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан сарбаздардың есімі жерлеу орнынан табылған медальондар көмегімен анықталды. Қазіргі таңда іздестіру тобы қазақстандық жауынгерлердің туыстарына хабарласып, мәліметтерді жеткізуде.
Ресейлік іздестіру тобының ақпараты бойынша, Холмдағы «Долина» экспедициясының құрамына кіретін «Пирамида» жасағы жауынгерлер жерленген белгісіз қабірді тапқан. Ұлы Отан соғысына қатысқан сарбаздар жекеменшік үйлердің бірінің аумағында үлкен шұңқырда көмілген. Павлодарлық «Майдан жолы» іздестіру жасағының командирі Александр Шитов қаза тапқан сарбаздардың арасында қазақстандықтар да болғанын айтты.
«Ресейлік әріптестердің айтуынша, 29 сәуірде олар эксгумация жұмыстарын аяқтады. 52 әскери қызметкердің сүйегі шығарылған. 16 медальон табылды. Олардың алтауы бос, үшеуі сол жерде оқылды. Жетеуі сараптамаға жіберілді. Өкінішке қарай, үш медальді оқу мүмкін болмады. Біреуін оқу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Ал қалған үшеуі оқылды. Үшеуі де біздің жерлестеріміз екендігі анықталды», деді Шитов.