• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 05 Мамыр, 2021

Шала туған шақалақтарға шарапаты тиді

379 рет
көрсетілді

Алматы қаласындағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы – еліміздегі ең ірі перзентхана. Жыл сайын мұнда 8-8,5 мың әйел босанады, оның 12%-ы – мерзімінен бұрын босанатындар. Әлсіз туған сәбилерге дүние есігін шыр етіп ашқан сәттен бастап дәрігерлердің дәл машы­ғы ғана емес, мықты медициналық аппараттар ауадай қажет.

Осы мәселеде сауапты іс­термен үзбей айналысып келе жатқан AYALA қайырымдылық қоры Алматы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығына заманауи реанимациялық жабдықтардың 18 бірлігін, оның ішінде дене салмағы өте төмен нәрес­те­лердің қарқынды терапиясы­на арналған 2 инкубатор, 5 реа­­нимациялық үстел, 6 фототерапия шамы мен 5 жоғары дәл­дікті медициналық таразы берді. Қомақты қаражатты қажет ететін жоба Halyk Bank-тің демеушілік қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Берілген жабдықтың жалпы құны 27 003 750 теңгені құрады.

– Бұл – өте маңызды қайы­рымдылық жоба. Себебі әңгіме, елдің ертеңі – сәбилердің, жаңа туған қазақстандықтардың ден­саулығы туралы болып отыр. Сондықтан банк түрлі әлеу­меттік маңызды жобалар бойынша бұрыннан келе жатқан серік­тесіміз AYALA қорының бастамасын қолдады. Осы жаб­дықтар мен жан-жақты қолдау арқылы орталық мамандары балаларға уақтылы көмек көр­сетіп, дүние есігін ашқан нәрестелердің аман-есен өмір сүруіне септігін тигізетініне сенгім келеді, – дейді Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Сартаев.

Алматы қаласы Перина­тология және балалар кардиохирургиясы орталығы ди­ректорының орынбасары Све­тлана Лисогордың айтуынша, ашылғанына 10 жыл болған орталықта медициналық жабдықтар ескірген, сондықтан үнемі күрделі жөндеуді талап етіп, жиі істен шығады.

– Бізде орнатылған көп­теген модельдер өндірісте жоқ болғандықтан, бұл жиын­­тықтарды сатып алуды қиындатады. Әсіресе құ­рал-жабдықтардың тап­шы­­лы­ғы неонаталдық қызмет бөлімшелерінде қатты сезі­леді. Енді Halyk Bank пен AYALA қорының қолдауы­ның нәтижесінде неонатология бөлімшесінің барлық қа­жеттілігі қанағаттандырылды. Дәрігерлердің, ірі бизнес пен қордың біріккен қамқорлығы жаңа туған нәрестелердің өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға көмектеседі, – дейді ол.

Қарқынды терапияға ар­налған инкубатор жылу­дың реттелуі жаңа туған нәрес­те­лердің дене температурасын, қажетті ылғалдылықты және оттегінің деңгейін ұстайды. Ашық реанимациялық жүйе шала туған балаларды емдеу үшін оңтайлы микроклиматтық жағдайларды ұстап тұру үшін арнайы құрылған. Әдетте олар төмен дене салмағымен туады және нәрестелерге терідегі ұсақ тесіктер арқылы буланып кететін ылғалды жоғалтпай ұстау керек. Дененің қалыпты температурасы 37,5С аспауы тиіс, іш температурасы 36,2-36,5С шегінде болуы қажет. Ашық реанимациялық жүйеде осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін кереуеттің, ауаның температурасының жайлы деңгейі мен сәулелі жылу берудің қуаты белгіленеді.

Фототерапия шамы жаңа туған нәрестелердің денсаулығы мен зиятын сақтай отырып, оларды емдеуге көмектеседі. Жаңа туған нәрестелердің сарғаюы – бұл орталық жүйке жүйесінің ауыр зақымдануына әкелетін уытты билирубин деңгейінің ұлғаюы. Әсіресе ол шала туған балалардың арасында жиі кездеседі. Қандағы уытты билирубиннің жоғары деңгейі дамудағы кідірістерді, атетоидты церебралды сал ауруын, ішінара немесе толық сал ауруын, құрысуды, есту проблемаларын қоса алғанда, баланың бас миының қайтымсыз зақымдануына себеп болуы мүмкін.

AYALA қайырымдылық қорының мақсаты – Қазақ­стандағы сәбилер мен балалар өлімін және мүгедектікті азайту. Ол үшін қор 14 жылдан бері «Өмір сыйлайық» жобасын жүзеге асырып келеді. Оған жиналған барлық қаражат Қазақстан ауруханаларының перинаталдық орталықтары мен балалар бөлімшелерінің реанимацияларын өмірлік маңызды жабдықтармен жабдықтауға жұмсалады. 2007 жылдан бастап мұндай жабдықтар еліміздің 36 қаласы мен елді мекенінде орнатылды. Қордың бағалауынша, бұл Қазақстанда жүздеген мың баланың өміріне араша болуға көмектескен.

 

АЛМАТЫ