• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 05 Мамыр, 2021

Елігіңіз елеңдейді, Есаға...

643 рет
көрсетілді

Қазақ әнінің қайнарындай, иірімі терең сыршыл да сырбаз әндерімен халықтың жүрек төрінен мәңгілік орын алған бірегей сазгер, біртуар тұлға Ескендір аға Хасанғалиевті алаш баласы ешқашан ұмытпайтынына біз кәміл сенер едік. Басқа әндерін айтпағанның өзінде жалғыз-ақ «Атамекенімен» бүкіл қазақ даласын бесік-жүрегіне бөлеген дегдардың аты шынымен көзі тірісінің өзінде аңыз еді.

Руми айтты дейтін тамаша тәмсіл бар: таланттар ешқашан өлмейді, нағыз өнер адамы адамзаттың жүрегінде мәңгілік ғұмыр кешеді. Ескендір деген есім шынымен қазақ жадында жатталып қалған аяулы тұлға.

Алдымен Ескендір аға туралы айтқан тұста «Атамекен» әнін, оның шығу тарихына тоқталмай кеткен орынсыз сияқты. Бірде сазгер Хасанғалиев ақын Мырза Әліге қоңырау шалып: «Қадаға! Орал өңірін әнге қоспаймыз ба, Оралдың гимнін жазайық, әнін мен, сөзін сіз реттеңіз», десе керек. Көп кешікпей екеуара келісілген уақытта ән де, сөз де даяр болады. Алайда мәтінмен танысып шыққан композитор ақынға бұрылып:

Қадеке: «Мына жерде Орал туралы бір ауыз сөз жоқ қой», дей­ді. Сонда Қадыр ағамыз да тапқыр һәм әулие ғой: «Әй, Ес­кендір! Орал деп жазсам әрі кетсе батыс жақ айтар, ал мен бүкіл қазақ айтатын ғып жаздым ғой!», деген екен. Шынымен де кейін «Жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілем» деп басталатын әйгілі «Атамекен» бар қазақ жатқа айтатын бейресми гимнге айналды.

Алайда әннің сәтті шығып, ел арасына жаппай кең тарай баста­ған жылдарындағы талайлы тағ­ды­ры туралы біз көп біле бермейді екенбіз. Таяуда Шериаздан Елеу­­­кеновтің естелігінен оқыға­ны­мыздай «Атамекен» де бүгінгі мемл­е­­- кеттік Әнұранымыз, кешегі «Менің Қазақстаным» әні сияқты цензураның қырағы көздеріне ілігіп, саяси қуғындалып, тіпті тыңдауға тыйым салынған ән­дер­дің қатарында болыпты. «Желтоқсан көтерілісін Гор­бачев қанға бояп басқаннан кейін шамасы бір аптадан соң біз­дің үйге әлдебір шаруасымен Ескендір келді. – Шәке! Менің өзіңіз әндетуді жақсы көретін «Атамекеніме» тыйым салыныпты. Магнитофондағы таспалары өшірілсін. Бұдан былай бұл ән радио, теледидарларда орындал­масын деген бұйрық түсіпті жоға­рыдан. Ұлтшылдықты насихаттайтын ән, жойыңдар көзін! депті.

– Оларың кім?

– Мәскеу комиссиясы, – дейді білетіндер. – Сонда, Шәке, не істеуіміз керек?

– Түсінсем бұйырмасын, – дедім мен. – «Атамекен» әнін Мәскеу қайдан біледі? Жастарды көтерген осы ән бе екен, жазығы не?

– Ойбай, «Атамекен» 17, 18 жел­тоқсанда екі күн, екі түн бойы шырқалды емес пе? Оған қоса «Елім-ай!», «Менің Қазақ­станым» айтылды. Өзіңіз білесіз, мен көтеріліс болған алаңның іргесіндегі үйде тұрамын ғой. Қазақтың уыздай жастары қап­таған әскерилермен алыс-жұлыс. Ұрып-соғудың небір айласына жетік ОМОН дейтін жуан жұды­рық тықсыра жөнелгенде, жастар легі майысып барып қайта жазылады. Толқындай жөңкіледі. Айқай-шудан құлақ тұнады. Зіркілдеп бұйрық боратқан радио. Автомашиналардың дүрілі. Олардың бәрін кей-кейде басып кететін ән. Қазақ әні. «Атамекен» шырқалғанда алаңды кернеген халық мүлде теңселіп кетті. Адам теңізі көпіршік атқан толқындай әннің әр жолын аспанға лақтырған сайын денем ысынып-суынып, жүрегім аузыма тығылады. Көзім жасқа толып, есімнен тана жаздап, мен де теңселіп кеттім…», деп жазады Ш.Елеукенов. Міне, Ескендір аға есімін аяулы да ардақ­ты тұлға ретінде тұғырға биік көтеретініміздің бір сыры да, қасиеті де осы болса керек.

Енді, тақырыбымыздағы Ескендір ағаның ерке еліктеріне келсек. Бұл әннің де шығу тарихы қызық. Қазақтың аяулы мекендерінің бірі, Арқаның алтын тәжі – Қарқаралыға кіріп келе жатқан күре жолдың бойында екі еліктің әдемі мүсіні сізді ерекше бір әсем көрінісімен қарсы алады. Ең қызығы, Ескендір ағаның бүгінде бар қазақ тамсанып тыңдайтын, тамылжытып шырқайтын «Елігім-ау» әні тура сол еліктерді алғаш көрген сазгер жүрегінен туған екен.

Бала күнімізден естіп өскен әңгіме болса да, ән тарихы туралы сазгердің өз аузынан естіп, жазып алған Ш.Елеукенов естелігіне жүгінгенді жөн көрдік.

«Ақ шаңқан «Волга» қасиетті Қарқаралының ақ селеулі даласымен ағызып келеді. Қарағандыдан Қарқаралыға бет алғандағы орта жолға жете бергенде машинаның алдыңғы жағында отырған Ескендір алдарын кес-кестеп жүйт­кіп келе жатқан екі елікке таңдана қадалып қалды. Алдыңғы ашалы мүйіздісі текесі болса керек, артындағы елікке «тез, тездет, әйтпесе мына апан көзді, темір сауытты пәле қағып кетер» де­гендей, арт жаққа қарайлап шауып келеді. Ескендір коман­дирдің даусына бергісіз зің­гіттей даусымен шоферға: «Ба­сып кетерміз мына дала ер­келерін. Машинаңды жайлат!», деп бұйырды. Арттағылар ду күлісті. Машина жүрісін баяулата бастады. Сонда ғана артына бұрылып:

– Иә, неге күлдіңдер? – деді.

– Қазір машина тоқтағанда түсінесіз, Ес-аға!

Сөйтсе жаңағы «жосыл­тып» келе жатқандар тірі еліктер­ден айнымағанымен, қоладан құйыл­ған еліктер болып шық­ты. Қастарына тақап барғанда Ескендір бас шай­қататын бір оқыс жағдайға және тап болды. Қола елік­тердің сауытында сау там­тық жоқ, шұрқ-шұрқ тесік. Бұлар­дың бар-жоғы мүсін екенін қайсыбір алаңғасар аңшылар апас-құпаста сезбей қап, олжа қуырдақтан дәметіп, мыл­тық шүріппесін басып қалады екен».

Сазгер жүрегіне сары дала­ның ерке елігі осылай еніп, осылай ән болып төгіліпті. Осындай сұлулықты, даланың ерке сәнін шіркіндер қалай көздері қиып атады?! – деген ой маза бермей, ақыры сол мазасыз көңіл ән болып құйылған екен.

Қарқаралыға әлі де талай жолымыз түседі, әлі талай сұлу да көркем шаһарға ат басын тірер­міз. Әннің қасиеті деген сол-ау, Қарқаралының қалың қара­ғайлы, басын бұлт торлаған биік таулары көріне бергенде Мәдидің «Атыңнан айналайын, Қарқаралы, Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады» деп ыңылдасақ, көне шәрге кіре бере «Елігім-ау, елеңдеймін» деп бағанағы сәл мұңдылау реңі­мізді нәзік әннің шұғылалы шу­мақтары көмкере кетеді. Әнге айналған әсем елік­тердің жанынан Ескендір ағаның әнін ыңылдамай өтпейміз. Ән-ғұ­мырдың мәңгілігі деген де осы болар.

Елігіңіз елеңдейді, Есаға!