Бүгінде Шымкенттегі ең үлкен коммуналдық мәселе – табиғи газдың тапшылығы. Себебі, шаһарда бой көтерген жаңа аудандарда көгілдір отынның жағдайы көңіл көншітпейді. Қолданыстағы қуаттылығы бар болғаны сағатына 180 текше метрлік газ таратушы №1 және 4-стансалардың жеткізу күші қаланың барлық аумағын толық қамтамасыз ете алмай отыр. Содан болар қыстың көзі қырауда шаһардың «Тұран», «Шымкент сити» шағын аудандарындағы көп қабатты тұрғын үйлерге газ екі күннің бірінде жетпей, тұрғындар жылусыз қалды.
Әкімдік №3 автоматтандырылған газ тарату стансасы салынып, пайдалануға берілсе, мегаполистің отын мәселесі түбегейлі шешіледі деп сендірген еді. Алайда құрылысы тасбақа аяңнан айнымаған жаңа станса әне-міне пайдалануға беріледі дегеніне жылдан асты.
«Өткен жылдың қарашасында құрылысы аяқталады», деген энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының сол кездегі басшысы Жолшыбек Шайхсламовтың уәдесі тағы да халықтан «аванс» мерзім сұрауға көшті.
Анығында, елдің құлағын елеңдеткен бұл жаңалық Шымкент облыс орталығы кезінде айтылған. Шаһардың экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Үкімет отырысында Шымкент қаласының 2023 жылға дейінгі дамуының және құрылысының кешенді жоспарын таныстырғанда АГРЭС-3-тің жобасын тілге тиек еткен-тұғын. Иә, одан бері жаңа газ тарату стансасы құрылысымен қатар Шымқала төрт бірдей әкім ауыстырып үлгерді. Ал АГРЭС-3-тің аяғы әлі ақсап тұр...
«Шымкент ситиліктер» алаңдаулы
«Қыстың қамын жаз ойла», демекші «Шымкент сити» қалашығы, іргелес жатқан «Тұран» шағын ауданындағы тұрғындар «қыста қатып қалмасақ еді», деп алаңдаулы. Мегаполисте жаңадан пайдалануға берілген көп қабатты тұрғын үйлерге әліге дейін газ тартылмаған.
Осындайда іргемізден еліміздегі ең ірі магистральдық газ құбыры өтіп жатқанда неге көгілдір отынның мәселесі толығымен шешімін таппайды деген сұрақ туындайтыны анық.
Негізінде бұл мәселе шаһардың республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болғаннан кейін пайда болған. Себебі, іргелес жатқан Түркістан облысының аумағынан Шымкентке 40-тан астам елді мекен қосылды. Абоненттер саны көбейген соң қолданыстағы газ тарату бекеттерінің қуаттылығы бәріне жеткіліксіз болды. Сол себепті қазіргі таңда мегаполисте шағын және орта кәсіпкерлік қана емес, қарапайым тұрғындар үшін де газ құбырын тартып, оны қосуға уақытша шектеу қойылған.
Көпшілікті толғандырған түйткілді түйін жөнінде қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының жауапты қызметкерлері «қосалқы станса салынса, бұл мәселе оңтайлы шешілетін болады», деген уәж айтқан еді. Алайда жаңа газ тарату стансасы салынып, ол пайдалануға берілгенше Шымкентте мемлекеттік бағдарламамен салынған көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғындары көгілдір отын мен жылудың азабын тартатын түрі бар.
Жуырда Шымшаһардағы «Шымкент сити», «Тұран» шағын аудандарының тұрғындарынан арыз-шағым келіп түсті. Негізінде тұрғындарға берілмес бұрын жаңа пәтерлердегі инфрақұрылым, коммуналдық мәселелер толығымен шешілуі тиіс болған. Жергілікті билік солай сендірген. Тіпті, қаланың шеткі елді мекендерін айтпағанның өзінде бір кездері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында бірегей жоба ретінде таныстырылған «Шымкент сити» шағын ауданындағы тұрғындар көгілдір отынды екі көзі төрт болып күтуге мәжбүр болып отыр.
Жұрттың жаңа баспанаға кіргеніне де жарты жылдан асқан. «Содан бері ас-суымызды әзірлеуге жарымай келеміз», дейді бір топ тұрғын. Көгілдір отыннан тарығып отырған тұрғындардың негізгі уайымы – қыстың қамы.
«Шымкент ситиге» қоныстанғанымызға 7 айдан асты. Әлі күнге дейін газ қосылған жоқ. Мұнда негізінен жастар бағдарламасымен үй алғандар және көп балалы аналар тұрады. Тапқан табысының жартысынан көбі электр қуатының қарызына кетіп жатыр. Газ болмаған соң барлығы бір жарыққа қарап отыр. Ол жарық та жиі сөніп қала береді. Жел тұрған кезде Шым ситиде жарық жанып тұрған үй таппайсыз. Жалп етіп сөніп қалады. Жаз айында қатарынан 2 күн жарықсыз отырған кезіміз болған. Есік алдына жер ошақ істеп, далаға тамақ істеген кезіміз болды. Тура көп қабатты үйдің алдына, кірпіштен ошақ қалап, күйе-күйе болып тамақ істеді әйелдер. Қайта жаз айы болғанына қуандық. Алдағы қыста не боларын білмейміз. Жылу мәселесі де көңіл көншітпейді. Өзім төменгі қабатта болған соң білінбейді. Жоғары қабаттағы көршілеріме барсам қабат- қабат көрпе жамылып отырады. Жылу жоғары қабаттарға жетпейді. Қылышын сүйретіп қыс келгенде не болмақ?!», дейді «Шымкент Сити» тұрғыны Ерболат Айнабеков.
Шаһар тұрғындарының сөзіне сүйенсек, Шымшаһардағы отын тапшылығы егемендіктің алғашқы кезеңіндегі қиын жағдайды еске түсіргендей. Қаншама жыл кезек күтіп, қолы әзер жеткен пәтерлерінде «жеті жоқтың» жырын айтып жатқан тұрғындар «жанайқайымызды жоғарғы жақ естісе», деп үміттенеді.
Ал үй іргесінен өтіп жатқан табиғи газды қостырмаққа қаншама рет әрекеттенген шаһар тұрғыны Елена Бакаеваның талпынысы да үнемі сәтсіз болған. Себебі, осы маңға табиғи газды тарататын станса шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеуде. Сондықтан енді жаңа газ тарататын станса қосылғанша күтуге тура келеді.
Тұрмыстық баллондарды пайдаланады
Қазіргі таңда қалада жылуға зәру 250 мың абонент газды тұтынғысы келгенімен оған мүмкіншілік жоқ. 2019 жылдан бері қалада газға жаңа абоненттерді қосуға мораторий жарияланған. Ал бұған себеп, Шымкентте табиғи газдың жетіспеушілігі. Қала тұрғындары газ тапшылығын іргелес аудандардың аумақтары Шымкентке қосылған кезде басталған дейді. Салдарынан қолданыстағы екі газ тарату стансасы жүктемені көтере алмаған.
«Шымкентте газдың күш-қуаты мардымсыз. Мегаполис болсақ та көгілдір отынға жарымай отырмыз. Бұл мәселе мені қатты мазалайды. Егер үйде жылу болмаса, қабырғалары құлайды. Жеке тұрғын үйдегі жылудың өзі газға тәуелді», дейді қала тұрғыны Елена Бакаева.
Бүгінде амалы таусылған жұрт тұрмыстық баллондарды пайдалануға мәжбүр. Ереже бойынша ғимараттарда тұрмыстық баллондарды қолдануға болмайды. Алайда тұрғындар ас әзірлеу, үй жылыту үшін аталған талапқа енжар қарап келеді. Бұл жөнінде төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері өрт қаупін елемей отырған азаматтарды жауапқа тартуға заң тұрғысынан құқығымыз жоқ дегенді алға тартады. Сондықтан тек дауыс зорайтқыштың көмегімен қауіпсіздік ережелерін еске салудан басқа амал жоқ.
«Көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғындары газ баллонының бәрін жеке газ толтыру авто стансаларынан толтырады. Ақау болуы мүмкін. Соның салдарынан қайғылы оқиғалар орын алып жатады. Өткен жылы оқыс оқиға болып, онда үш адам жарақат алған болатын», дейді Абай аудандық ТЖ басқармасының басшысы Ғалымжан Мұратов.
Шындығында, жыл сайын шаһарда газдан улану, жарылыс секілді оқиғалар көптеп орын алады. Шаһардағы бір қабатты тұрғын үйлердің көбісі дерлік газ пештермен үйді жылытады. Ал жағдайы орташалары ирандық пешті орнатып алады. Түптеп келгенде бұл қондырғылардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар ескерілмей, соңы қайғылы оқиғаларға ұласып жатады. Жыл басында Түркістан қаласындағы газдан уланып қайтыс болған бір үйлі жанның қайғылы оқиғасы осының дәлелі.
«Шымқалада көгілдір отын тапшылығы мәселесін шешу үшін өткізу қабілеті 250 000 м3/сағ болатын автоматтандырылған газ тарату стансасы нысанының құрылысы биыл пайдалануға беріледі. 9 миллиард теңге бюджет қаржысы жұмсалған газ тарату стансасы қалаға жаңадан қосылған елді мекендердің газдан көрген теперішінің орнын толтырмақ», дейді әкімдік өкілдері.
Иә, №3 автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысын қалалықтар асыға күтіп отыр. Анығында, автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы қаланың әрі қарай дамуына зор жағдай тудырып, жаңа тұтынушыларды өндіріс орындарын қосуға үлкен мүмкіндік бермек.
«Шымкентті көркейту үшін инфрақұрылымдарды дамытуға қомақты қаржы бөлінді. Жобаны жүзеге асыру шаһардың келешекте үш онжылдыққа алға дамуына мүмкіндік береді. Ең бастысы жоба жүзеге асқанда, шалғайдағы шағын аудандар толық табиғи газбен қамтылады. Әзірге екі автоматтандырылған газ тарату стансаларының қуаты жеткіліксіз. Осыған байланысты тұрғындар мен кәсіпкерлерге газға қосылуға рұқсат бере алмай отырмыз. Сондықтан да нысанды тездетіп пайдалануға тапсыру маңызды. Бұл стратегиялық маңызды нысан. Шымкент үшін өте қажет газ тарату стансасы. Сондықтан жұмысты қарқынды жүргізу керек», деген еді аталған жаңа стансасының құрылысымен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Жаңа газ стансасының жоғары және төменгі қысымдағы газ құбырларының жалпы ұзындығы 58 шақырымды құрайтын болады. Оның 20 шақырымы қаланы бір жағынан Бейнеу – Бозай – Шымкент газ магистралімен қосса, енді бір бөлігі қала төңірегіндегі барлық елді мекендерді көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік туғызбақ. Бұдан бөлек, аталған станса газбен жұмыс істейтін қоғамдық көліктерге арналған газ құю стансасының жұмысына да жол ашпақ.
Бүгінде миллионды қаланың тұрғындары әкімдік мақтауын келтірген еліміздегі ең үлкен көгілдір отынды қабылдау және оны автоматты түрде тарату орталығының тезірек пайдалануға берілуін асыға күтуде.
ШЫМКЕНТ