Эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, Павлодар облысы 26 сәуірден бастап «қызыл аймақ» қатарына қосылды. Сондықтан облыс аумағында індет таралуының өсуіне байланысты бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысы 3 мамырдан бастап күшіне енді.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, індет жұқтырушылар көбейген. Сәуірдің соңында 308 жағдай тіркелсе, соңғы аптада 394 жағдай анықталды. Өңірде осы уақытқа дейін 20 225 адамның індет жұқтырғаны анықталған.
Қазір облысаралық, облысішілік, қалааралық жолаушылар тасымалы тоқтатылды. Ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері сенбі және жексенбі күндері жұмыс істемейді. Сонымен қатар қоғамдық тамақтану орындары, моншалар, спорттық-сауықтыру орталықтары, базарлар қызметіне тыйым салынды.
Ал қалалық және ауылдық мектептер сыныптағы балалар санын 25 оқушыдан асырмай дәстүрлі форматта оқытады. Кезекші топтарды қоспағанда, мектепке дейінгі мекемелердің қызметіне тыйым салынды. Жыл басынан бері 1 573 оқушы дерт жұқтырған. Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелер, балалар, сәбилер үйлері жабық форматта қамқоршылықтағы адамдар мен қызметкерлердің сыртқы байланысын шектеу арқылы жұмыс істеуде.
Облыс әкімдігі қалалар мен аудандарда екпе егілетін жерлердің тізімін тұрғындарға хабарлап, ақпараттық жұмыстарды жалғастыруда. Қазір 135 егу орны дайындалған. Арнайы орындарға барып екпе жасайтын 37 топ та бар.
Облыс орталығында мобильді вакциналау пункттері іске қосылды. Енді қала тұрғындары мобильді, шатырлы немесе стационарлы пунктте, көшеде сауда үйлерінде, мәдениет үйлерінде екпе алуларына болады.
Алдағы күндері өңірдегі ұжымдарда қызметкерлердің тұрақты иммунитетін қалыптастыру үшін 450 мың адамға вакцина салынады. Ұжым қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшірілді.
– Бүгінде облыста ресейлік Спутник-V вакцинасының бірінші компонентін 53 956 адам, екінші компонентін 16 723 адам қабылдады. Ал отандық QazVac вакцинасы 908 адамға егілді. Жалпы, күніне 5 мың, ең аз дегенде 1 мың адам вакцина қабылдауда. Соңғы тәулікте 3 600 адам екпе алды. Ал QazVac вакцинасының 2 мың данасы жеткізілді. Оны қабылдағандар инфожүйеге енгізіледі, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов.
Өңірге Денсаулық сақтау министрлігі арқылы мамыр айында 45 мың мөлшерінде Спутник-V, QazVac вакцинасының 2 мың данасы жеткізіледі. Қазақстандық вакцинаның екінші компоненті 21 күндік аралықпен салынады. Сондай-ақ Sinopharm вакцинасының 14 мың данасы жеткізілген.
Облыс тұрғындары отандық QazVac вакцинасының бірінші компонентін қабылдай бастады. Екінші компоненті 21 күннен соң салынады. Шалғайдағы ауыл тұрғындарының да екпе алуына жағдай жасалды. Тұрғындар отандық және қытайлық вакцинаның айырмашылықтары жайлы жиі сұрақ беретіні белгілі. Мамандар вакциналардың құрамы да, белсенді заттарының болуы да, тиімділігі де бірдей деген пікірде. Айырмашылығына келсек, отандық вакцинаның сақтау мерзімі 6 айға жетсе, қытай вакцинасын 12 ай сақтауға болады екен.
Сондықтан тұрғындар арасында дүрбелең туындамас үшін олар екпені қайдан алатыны туралы ақпараттан хабардар болуы тиіс. Қалалар мен аудандардың әкімдеріне барлық егу пункттерін аралап, олардың жұмысын үздіксіз бақылайтын тұрақты топтар құру тапсырылды. Ал Айдар Сейітқазиновтың айтуынша, қазіргі уақытта инфекциялық стационарлардың жүктемесі 30 пайыз немесе 630 төсектік орынды құрайды. Жансақтау бөлімінде 29 науқас бар, оның 11-і өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Жыл басынан бері өңірде індеттен 72 науқас қайтыс болған. Олардың көбі – егде жастағы, бұрынғы аурулары бар адамдар. Сондай-ақ жыл басынан бері пневмониядан 13 адам көз жұмды.
Басқарманың мәліметінше, қазіргі кезде емханалар жанында 175 мобильді бригада жұмыс істейді. Стационарларда 45 күнге жететін дәрілік заттар қоры бар, ПТР тестілеу жүргізетін 6 зертхана жұмыс істеуде.
Облыс орталығындағы 35, Екібастұздағы 5 және Ақсу қаласындағы 1 қызмет көрсету орны Ashyq жүйесіне қосылды.
Мақала жазу барысында өңіріміздегі «Қосақ» бақылау-өткізу пунктіндегі авто-өткелден індет жұқтырудың үш расталған жағдайы анықталғаны жайлы хабар келіп түсті. Эпидемиялық бақылау департаментінің мәліметінше, олардың бірі тасымалдау жасайтын Ақтөбе қаласының, екеуі Павлодар қаласының тұрғындары екен.
– Өткен тәулікте 726 азамат шекарадан өтті, оның 266-сы жаяу өткен және 460-і жүк көлігінің жүргізушісі, 9 адам карантиндік ауруханаға орналастырылды. Облыс аумағындағы мемлекеттік шекараның төрт бақылау бекетінде жолаушылардың жүруін бақылау жалғасуда, – дейді департаменттегілер.
Павлодар облысы