«Батыс» өңірлік қолбасшылығы Отан қорғаушылар күніне орай балалар арасында сурет байқауын өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Атырау гарнизоны баспасөз қызметінің мәліметінше, байқауға қатысушылар 200-ден астам суретті «Менің әкем –батыр», «Қазақстан – әлем елі», «Біз батырлардың ерліктерін еске сақтаймыз» номинациясы бойынша ұсынған. Шығармашылық жұмыстар 3-6, 7-13 және 14-17 жас санатымен бағаланыпты.
«Байқаудың мақсаты – жас ұрпақты отансүйгіштікке, ел тарихын мақтаныш ету рухында тәрбиелеу. Балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, дарындыларды қолдау. Жас буынның ел тарихын зерттеуге қызығушылығын арттыру. Сол себептен, түрлі-түсті немесе граффити стиліндегі шығармашылық жұмыстар байқау тақырыбына сәйкестігі, авторлық шешімнің ерекшелігі мен орындалу сапасы бойынша бағаланды» дейді әскери қызметкерлердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызметтің бастығы Эльвира Ақынбаева.
Оның айтуынша, қазылар алқасының шешімімен Лимара Мадиева, Жасмин Асилова, Василиса Журавлева, Нұрдана Эрнст және Нұрасыл Лесхан салған суреттер үздік деп танылды.