Өңір «қызыл аймақтың» құрсауында. Тұмшалаған дерттің сейілмеуіне не себеп? Мобильді топтардың жұмыс нәтижесіне көз жүгіртіп, көңілмен сараптап, үңіле қарап отырсаң, өзіміздің немқұрайдылығымыз басым екен.
Таусыла сөйлеуімізге мобильдік топтар қауіп-қатермен кірпік ілмей күрессе де, іс нәтижесі әлі де көңіл көншітпей отырғаны себепші болуда. Мәселен, облыста карантиндік тәртіп сақтау керек екенін жағы талғанша айтып, аяғы талғанша қадағалап жүрген 213 мобильдік топ қаңтар айының басынан сәуірдің соңына дейін 15 мыңға жуық нысанды тексеріп, карантин талабын бұзудың 279 оқиғасын анықтаған. Тәртіп бұзушыларға 345 әкімшілік айыппұл салынған. Айыппұл көлемі 39 млн теңгеден астам қаражатты құрайды.
Жер бетін жаман тұмау жайлағалы қалтаның түбі қағылып, күнкөрісіміз қиындап кетті деп еңірегенде, етегіміз жасқа толғанымен, аста-төк той-томалақ, есік-терезені қымтап өткізетін «қулық» құдалық, жамағаттың қатары сирегенімен, өткізіліп жатқан жаназа ас баяғы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған замандағыдай. Сөзімізді нақты деректермен шегендейтін болсақ, сәуір айында ғана облыста 3 289 нысан тексеріліп, карантин талаптарының 47 рет бұзылғандығын айта кетуге тиістіміз. Орын алған шетін оқиғаларға байланысты 47 әкімшілік хаттама толтырылып, 5 млн 323 мың теңге көлемінде айыппұл алынған. Ұсталып ұятты болып, айып-айбанасын төлеп жатқандар туралы көпшілік құлағдар болғанымен, әлі де айылын жиятын емес.
Халық алғашқы бетте жаман тұмаудың жарды жығардай екпінінен сескеніп, үрпиіп қалған. Кәдімгідей қауіптеніп, той мен құдалық сап тыйылып, ет жақын ағайынның қазасына байланысты телефонмен көңіл айтып, батаны есепшот арқылы аударып, есік-терезесін тарс бекітіп, тыйылып еді. Кейін ет үйренді. Кейбіреулер тіпті қасіретті дерттің босағасынан сығалап тұрғанын елемейтін, көрмейтін деңгейге жетті. Қазір көшеде бетперде тақпай, жосып жүрген адам көп. Жай жүргені ештеңе емес-ау, адам көзінен таса, қағаберістегі дәмханалар мен коттедждерді жалға алып, туған күн мен тұсаукесерін, сүндет тойы мен құдалығын тойлап жатыр. Оразаның ішінде ауызашарға шақыру не сән. Облыс орталығындағы «Гавань», «Оазис» дәмханалары, «Көкшетау» мейрамханасы, тәулік бойы жұмыс істейтін асхана карантин талаптарын өрескел бұзған. Оларға 131 265 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Ойын-сауық орындары да «дерт өршіп кетпесінші, жұртқа зиянымызды тигізбейікші» деп ойламайтын тәрізді. Әрине, олардың да табыс табуы керек екенін түсінеміз. Тірнектеп жинайтын тиын бір басқа да, адам денсаулығы, оның қауіпсіздігі бір басқа. Ересектермен бірге балалар бас қосатын ойын-сауық орындары да қауіпті дерттің қасіретін қалыңдатуда. Айталық, «Ого-го» балалар ойын-сауық орталығы карантин талаптарын ескермей, жұмыс жүргізіп келген. «7 Луза» бильярд залы, «Айва» мейрамханасы, «Моя семья» сауда үйі, «Шалқар» сауда орталығы, «Керей» кофейнясы, «Лампа» бары тәрізді бірнеше сауда орталықтары мен мейрамханаларының, ойын-сауық орталықтарының карантин талаптарын өрескел бұза отырып, жұмыс істегені анықталып отыр. Осы орайда карантин талаптарын бұзғандарға 1 млн 852 мың теңге көлемінде айыппұл салынғанын айта кетелік. Әрине, айылын жиып, тәртіпке көндігу үшін айыппұл салыну керек. Ал егер мұндай мойынсұнбау, еркінсу бірнеше мәрте қайталанса ше?
Айыппұл салумен іс бітпейтіндігі анық. Бір рет ескерткеннен кейін болар-болмас айыппұл қаражатын төлеп, қайтадан ескі әуеніне басатын болса, қолданылар шараны қатайтқан жөн болар. Дерттің жұғуы қас қағым сәтте екені қанша айтылса да, өз бастарын қатерге тігудің мысалы аз емес. Айталық, облыс орталығындағы Сырымбет көшесінде орналасқан коттеджде туған күн тойланған. Дерт кезіндегі дырдуға отыздан астам адам қатысыпты. Арасында симптомсыз жалғыз сырқат болса жетіп жатыр. Ал сол отыз адамның отбасы, бала-шағасы бар. Оларға да жұқпасына кім кепіл?!
Карантин талаптарын бұзу облыстың барлық ауданында дерлік орын алып отырғанын айта кетуіміз керек. Халқы тығыз қоныстанған Целиноград ауданында сәуір айында 70 нысан тексерілсе, карантин талаптарын бұзудың 6 оқиғасы орын алған. Қауіпті елемей, қатерді қалыңдатып отырғандар – «Қажымұқан», «Ақталап», «Ақмол» тәрізді мейрамханалар. Ал Қараөткел ауылында көкпар өткізілген. Көкпардың көрерменсіз өткізілмегені белгілі. Міне, осындай көпшілік іс-шаралар өткізген үшін 1 млн-нан астам теңге айыппұл салынған. «Золотой фазан» демалыс аймағы мен Қоянды ауылындағы «Арыстан» дәмханасы да осы қатардан табылған. Бұларға да айыппұл салынған.
Ел ішіндегі етек алып бара жатқан індетті елемеу, дерт ошағын көрінеу көзге көбейту екені сөзсіз. Айыппұл арқалағандарды тізе бергеннен ештеңе ұтпаймыз. Шиыра айтқанда, әлі де батпандап кіретін індеттің байыбына бара алмай отырғандығымыз ақиқат. Өзімізді өзіміз ойламасақ та, өзгенің, қасымызда жүрген адамдардың амандығын ойлайтын уақыт жеткен тәрізді.
Ақмола облысы