• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Мамыр, 2021

Кәсіпорындарда екпе алу бәсең

561 рет
көрсетілді

Бұл мәселе індет таралмауына орай құрылған іс-қимыл жөніндегі өңірлік штабтың отырысында айтылды. Штаб отырысында жарияланған мәлі­меттерге сәйкес, облыстағы ірі кәсіпорындарда вакциналау өзге мекеме, басқармалармен салыстырғанда төмен деңгейде жүргізіліп жатыр.

Ал эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, Павлодар облысы 26 сәуірден бастап «қызыл аймақ» қатарына қосылды. Облыс аумағында індет таралуының өсуіне байланыс­ты бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысы 3 мамырдан бастап күшіне енді.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтың айтуынша, вакцинаның бірінші ком­понентін облыста 54 мыңнан астам, ал екінші компонентін – 16 мың­нан астам адам қабылдаған. Штаб оты­рысына қатысқан ірі компания­лардың өкілдеріне медицина қыз­мет­керлерінің вакциналау үшін өнді­ріс орындарына баруға дайын екені, еріктілердің тізімін жасап, дәрі­гер­лерді шақырту жайлы ескертілді.

Өңірдегі ірі кәсіпорындарда, атап айтқанда «Қазақстан Алюминий» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, Ақсу, Екібастұз қалаларындағы бірнеше ірі кәсіпорынның әрқайсы­сында кемінде 6-7 мың адам еңбек ететінін ескерсек, ұжымдық қауіп­сіздік ұжымдық иммунитетті қалып­тастырудан басталатыны түсінікті.

«KAZ Minerals» тобының өкілдері Екібастұздағы Бозшакөл кен орнында індетке қарсы вакцина салу уақыты басталғаны туралы хабарлады. Кәсіпорындағы кезең-кезең­мен вакциналауды Денсаулық сақтау бас­қармасының қолдауымен Екібас­тұз қаласының емханасы жүргізеді. Бірінші кезеңде «KAZ Minerals Bozshakol»-дің 200 қызметкері мен мер­ді­герін вакциналау жоспарланған. Келесі вакциналаудың уақыты вакциналарды жеткізуге байланысты өтеді.

Ал 2016 жылы жұмысын бастаған Бозшакөл кен орны – халықара­лық мыс өндіруші кәсіпорындардың бі­рі. Бозшакөл даласы алтын, күміске бай. Жалпы кен өңдеу қуаты жылына 30 млн тонна кенді құрайды. Өндіріс көлемі алғашқы 10 жылда жыл сайын 100 мың тонна мысты және 120 мың унция концентраттағы алтынды құрайды. Кен орнында қан­ша жұмысшы, қызметкерлер тобы жұмыс жасайтынын да жоғарыдағы мәліметтерден бағамдауға болар.

– Әрине, еліміздегі заңнама талаптарына сәйкес кәсіпорындарда екпе алу ерікті түрде жүргізіледі. Біз ұжымда өздерін және жақындарын қорғауды қолдап, екпе алғысы ке­ле­тін әріптестеріміздің бар еке­ніне қуаныштымыз. Басқа да әріп­тестерімізді осы үрдісті қолдауға ша­қырамыз. Ұжымдық вакциналау және індетка қарсы басқа да шаралар бұл өндірістегі вахталық әдіс кес­телерін қалыпты өмірге оралтуға мүмкіндік береді деп сенеміз, – дейді «KAZ Minerals Management» ЖШС басқарма төрағасы Эльдар Мамедов.

Ірі кәсіпорындар үшін еңбек адамының денсаулығын сақтау ма­ңызды. Індет кезіндегі басты шарт – қауіпсіздік. Компания қызметкер­лері мен мердігерлердің қауіпсізді­гін, денсаулығын сақтауға басымдық беруі керек. Еңбек адамдарын қор­ғау үшін және жұмыстағы кідірістер қаупін азайту үшін індетке қарсы тестілеу мен оқшаулауды қоса алған­да, кешенді шаралар әлі де қабыл­дануда.

Енді ұжым қызметкерлері мен жұмысшылары Sputnik V вакцина­сының екінші компонентін вахталық қалашықта 21 күннен кейін алады. Вакциналау Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің санитарлық нормаларына, талаптарына сәйкес жүргізіледі. Қазір екпе алуға арналған үй-жайлар санитарлық-эпидемиялық талаптарға сай.

Кен орнындағы вакциналау туралы барлық дерек Денсаулық сақтау министрлігінің электронды базала­рына енгізіледі және екінші ком­­по­нент салынғаннан кейін Бозшакөл­дің вакцина алған қызметкерлеріне E-Gov Mobile қосымшасының «Цифр­лы құжаттар» бөлімінде үш тілде қол­жетімді болады.

Кәсіпорынның Корпоративтік бай­ланыстар департаментінің басшысы Мақсұт Жапабаевтың айтуынша, алдағы уақытта вакциналауды тікелей кен орнындағы мердігер ұйым­дардың арнайы оқытудан өткен медициналық қызметкерлері жүргізуі мүмкін. «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС қызметкерлері де, мердігерлер де вакцина салдыра алады. Себебі бұл ұжымдық қауіпсіздік үшін маңызды.

Ал қазіргі кезде өңірлік санитар­лық-эпидемиологиялық бақылау де­парта­ментінің мәліметінше, індет жұқтырушылар көбейген. Өңірімізде осы уақытқа дейін 20 225 адамнан індет жұқтырғаны анықталған.

Ірі өндіріс орындармен қатар, ауыл тұрғындарының да екпе салу мәселесі де ойлантуда. Яғни әр ауданда екпе салу барысы дұрыс ұйымдастырылған жағдайда мамыр айының соңына қарай 5-тен 15 мыңға дейін адамға вакциналауға болар еді. Сондықтан облыс әкімдігі тұрғындар арасында дүрбелең туындамас үшін, олар екпені қайдан алатыны туралы ақпараттан хабардар болуы тиіс. Қалалар мен аудандардың әкімдеріне барлық егу пункттерін аралап, олардың жұмысын үздіксіз бақылайтын тұрақты топтар құруды тапсыруда.

– Вакциналаудың індетпен кү­ресудің жалғыз тиімді әдісі екенін тү­сінуіміз керек. Қазіргі «қызыл аймақ­тағы» шектеу шаралары тек ұжымдық иммунитет қалыптасқан жағдайда ғана алынады, – деді өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов.

Облыс әкімдігі қалалар мен аудандарда екпе егілетін жерлердің тізімін тұрғындарға хабарлап, ақпараттық жұмыстарды жалғастыруда. Қазір 135 егу орны дайындалған. Арнайы орындарға барып екпе жасайтын 37 топ та бар.

Алдағы күндері өңірдегі басқарма ұжымдарында қызметкерлердің тұ­рақты иммунитетін қалыптастыру үшін 450 мың адамға вакцина салынады. Облыс тұрғындары отандық QazVac вакцинасының бірінші ком­понентін қабылдай бастады. Екінші компоненті 21 күннен соң салынады.

Айдар Сейітқазиновтың айтуынша, қазіргі уақытта инфекциялық стационарлардың жүктемесі 30 пайыз немесе 630 төсектік орынды құрайды. Жансақтау бөлімінде 29 науқас бар, оның 11-і өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Бүгінде емханалар жанында 175 мобильді бригада жұмыс істейді. Стационарларда 45 күнге жететін дәрілік заттар қоры бар, ПТР тестілеу жүргізетін 6 зертхана жұ­мыс жасауда.

 

Павлодар облысы