Екінші дүниежүзілік соғыстағы әйгілі Панфилов дивизиясының көзі тірі соңғы жауынгері Қайырлы Жонқабаев Алматыда тұрады. Ғасыр ғұмыр жасаған қарияны Жеңіс күнімен құттықтаған Ұлттық ұланның әскери қызметшілері ардагер тұратын үйдің ауласында айрықша іс-шара ұйымдастырды.
Генерал Панфиловтың жиені Алуа Байқадамова атайдың шаңырағына арнайы келіп құттықтаған болса, Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің оркестрі соғыс жылдарындағы әндерді тамылжыта орындады. Өткенге салауат айтқан еріктілер қауымы да игі шарадан қалыс қалмай, жастық жалынын сұрапыл соғысқа берген жауынгерге құрмет көрсетті. Өз кезегінде Қайырлы Уатайұлы көпшілік қауымға алғысын білдіріп, майдан даласындағы естеліктерін бөлісті.
«Мен соғысқа аттанғанда 20 жаста едім. Біз жау әскерін Мәскеуге 30 шақырым қалғанда тоқтаттық. Қарашаның аяғы, желтоқсанның басында қайта қарсы шабуылға шықтық. Содан фашист армиясын Мәскеуден 150 шақырым қашықтыққа қуып тастадық. Біздің жеңіске жетуге деген рухымыз күшті болды. Мұндай зобалаңды енді ешкімнің басына бермесін», деген ардагер жастарымыз осынау бейбіт өмірдің қадірін білсе екен деген тілегін жеткізді.
«Соғыс салған қанды қасірет талайлардың арманын тұншықтырды. Талай боздақ түтінін де түтетіп үлгере алмастан, өмірімен қош айтысты. Шүкір, ұрпағымыз мамыражай заманда тіршілік кешіп жатыр. Бұл үлкен бақыт. Басымыздағы бейбіт таңды бағалайық. Ел іргесі берік, тәуелсіздігіміз баянды болсын», деді қария.
Қайырлы Уатайұлы 1921 жылы 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1940 жылы Шығыс Қазақстан облысының Құлжа орта мектебінде мұғалім болып бастаған ол 1941 жылы қазан айында Панфилов дивизиясының 23-ші гвардиялық полкіне қызыл әскер ретінде алынды. Ардагер соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан. Ол құрамында болған 316-атқыштар дивизиясы 1941 жылы Алматыда құрылды. Алдымен 1941 жылы 16-армия құрамында Мәскеуді қорғау соғысына қатысты. Панфилов басқарған дивизия соғыстағы ерлігі үшін 8-атқыштар гвардиясы атағын алды. Қызыл Ту, «Ленин» ордендерімен марапатталды. Соғыстан кейін Самар аудандық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет істеген Қайырлы қария әрі қарай аудандық тұтынушылар одағында басшылық лауазымдарда болған. 1970-1983 жылдары Алматыдағы қоғамдық тамақтандыру жүйесінде шаруашылық есеп директоры қызметін атқарды. 1983 жылы құрмет демалысына шыққан ардагер бес бала тәрбиелеп өсірді.