Көңіл деген қызық құбылыс. Менің ойымша, осы күнге дейін оның ұшығына жеткен ешкім жоқ. Бірақ көп адам оның өте қасиетті дүние екенін біледі. Сондықтан адам көңілін қалдырмауға тырысады. Өз көңілін де таза сақтауға ұмтылады. Көңілін қалдыратын жерге, ортаға көп жоламайды.
Атам қазақ «алдымен өмір қымбат, содан кейін көңіл қымбат» деген сөзді тегін айтпаған екен. Демек көңіл жеке адам баласының өзі үшін өмірден кейінгі қымбат дүние болып тұр ғой. Осы сөздің құндылығы қазір, мына біздің дамыған ғасырымызда барынша ашыла түсуде. Дәрігерлердің өзі көп адамның ауруы осы көңілден басталатындығын айтады. Егер адамның көңілі таза болса, онда ол жүйке ауруына шалдықпас еді. Ал жүйке ауруларының кеселдері қазіргі қоғамымызда өршіп тұр деуге болады.
Жүйке ауруларының тарихына аздап зер салсақ, олар негізі материалдық игіліктер ерте дамыған елдерден, қамалдар мен замоктар, түрмелер тұрғызған халықтардан, яғни Батыс елдерінен басталған. Дегенмен Батыс елдері өздері қолдан жасап алған материалдық игіліктеріне, технологияларына сүйене отырып жақсы, мәдениетті қоғам қалыптастыра білді. Олардың кез келген проблемаға қарсы тұру амалдары бар. Көңілдерін де шектеп ұстайтындығын аңғаруға болады. Себебі оларда кез келген нәрсені реттеп отыратын және орындалуы қатаң да күшті заң жүйесі бар. Соның нәтижесінде Батыс елдерінде қазір заңның орындалуы дәстүр есебінде бекіді. Азаматтарының көңілі көп жағдайда дұрыс болып келетіні де содан. Олар өздері қысылса, көмекке келетін заңы мен қоғамы барын жақсы біледі. Ал көп тәжірибені Батыстан алып отырған бізде әзірге заң да, қоғам да дұрыс әрекетке түспей отыр. Қазақ қоғамын реттейтін жақсы дәстүрлердің көбі баяғыда, әсіресе қазақтар қалаларға қопарыла көшкен тұстары далада қалды.
Егер бұрынғы жағдайымызға сүйенсек, атам қазақ негізі көңілімен бай болған. Оның қолында көп материалдық игілік болмаған. Басты байлығы – мына алып даламыз, содан кейін сол далаға және онда жүретін табиғи құбылыстарға сәйкес қалыптасқан дәстүрі болған. Байтақ дала, асқар таулар, онда өскен ағаштар мен жануарлар әлемі, дала төсінде сирек кездесетін көлдер мен өзендер, таза тұмалар мен бұлақтар – көңілдің бірінші емшісі секілді дүниелер. Ал дәстүр – сол далада жалғыз атпен келе жатқан қазақтың қолына берілген мандат секілді нәрсе. Жолаушы қазақ өзі танымаса да, жолда кездескен кез келген қазақтың үйіне барып түсе алады. Қазақ өзімен бірге көп тамақ арқаламайды. Ер азығы мен бөрі азығы жолда деп есептейді. Жеке адамның басындағы қайғысы мен қуанышты бүкіл халық болып бөліседі. Ешкімді далада қалдырмайды. Қазақтың осы дәстүрінің қасиетін қазір Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі жылдары біздің елімізге жер аударылып келген ұлттар өкілдері жыр етіп айтуда. Ал басқыншылықпен келген адамдар болса, олар үндемейді. Өйткені бұл дәстүрлік жүйе олардың тартып алу саясатына қарсы әрекет етеді. Ақылды адамдардың бәрі мұны түсінеді.
Біздің қазіргі қоғамымызда көңілдің дұрыс болуы – ауадай қажеттіліктердің бірі. Мемлекет те шамасы келгенінше қоғамдық көңіл күй мәселесін ретке келтіруге ұмтылуда. Дәстүрі бұзылған, оның Батыстағы секілді орнын басуға тиіс заңдары жетілдіріліп, қатаң сақталатын және орындалатын жағдайға жете қоймаған елде бұл оңай шаруа емес екені белгілі. Бұл ретте, бірінші кезекте, сол заңдылықтарды сақтайтын құқық қорғау органдарының жұмыстарын реттеу қажеттігі айналамыздағы өмірден тайға таңба басқандай көзге шалынып қалады. Егер осы мәселе реттелсе, көңілі кең қазақты митингісіз-ақ сабасына түсіруге болар еді деп ойлаймын.
Иә, қазақ – көңілі кең халық. Ол көңіл кеңдігін халқымыз, жоғарыда айтқанымыздай, ешбір діннен де, саяси жүйеден де емес, көрсең көзің қуанатын байтақ даласынан, сол далаға сәйкес мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ұлттық дәстүрінен алған. Еліміздің заң шығару органдары мен институттары осы мәселені ескерсе жөн болар еді. Ал бізде әлі күнге дейін басқа елдердің заңдарын көшіріп алуға деген құмарлық басым. Егер біздің заң шығармашылық қызметімізде қандай олқылықтар бар десе, бірінші кезекте, осы мәселені атаған болар едім.
Біздің ұлттық ерекшеліктеріміз, қазіргіше айтсақ менталитетіміз ескерілмей қабылданған заңдардың қоғамдық ортада дұрыс жұмыс істеп кетуі қиын-ақ. Қабылданған заң қоғамдық көзқараспен, қоғам күткен әділдікпен қайшылыққа түссе, ол дұрыс заң болып есептелмейді және мұндай заңдардың қоғам тарапынан орындала қоюы екіталай. Өйткені осы уақытқа дейін ескермей келе жатқан, бірақ жеке адам үшін де, қоғам үшін де маңызы зор көңіл атты төреші оны қабылдамайды.